Еңбек әулеттеріне құрмет көрсетілді

Өңірде отбасы күні қарсаңында еңбек әулеттері, көпбалалы және жарты ғасырдан астам некеде тұрған отбасыларға сый-сияпат жасалды. Достық үйінде ұйымдастырылған кездесуде құттықтау сөз алған облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова саналы ұрпақ тәрбиелеп, еліміздің келешегі – жастарға үлгі-өнеге болып жүрген отбасыларды облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың атынан құттықтап, ыстық сәлемін жеткізді. «Берік отбасыларда бақытты балалар өседі, қоғамның адамгершілік негіздері сақталады, сайып келгенде, өңір мен бүкіл елдің әл-ауқатының негізі қаланады», – деді Айна Мысырәлімова.

Шарада дәрігерлер отбасынан Филатовтар, үш ұрпағы теміржолшы мамандығын таңдаған Нұртазиндер әулеті, полиция әулетінен Жақсылықовтар, жарты ғасырдай жұптары жазылмай келе жатқан Мұқановтар әулеті және арыстай үш ұл мен алтын асықтай қыздарын тәрбиелеп отырған Төлебай отбасылары қатысып, құрмет пен қошеметке бөленді. Виктор мен Людмила Филатовалар – денсаулық сақтау ісінің үздіктері. Бүгінде сол әулеттің еңбек жолын жалғастырып келе жатқан қыздары Виктория Пичкунова Ақмола облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының штаттан тыс бас маманы. Үш ұрпағы теміржолшы мамандығын таңдаған Нұртазиндер отбасының отағасы Болат Қаһарманұлы «Құрметті теміржолшы» болса, зайыбы Мария Бекешева да өмірінің 40 жылдан астамын осы салаға арнаған. Ұлдары Арман Нұртазин теміржол көлігінде еңбек жолын 1990 жылдан бастаса, оның зайыбы Қымбат Нұртазинаның «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» акционерлік қоғамының персоналмен жұмыс бөлімінде еңбек етіп келе жатқанына 20 жылға жуықтап қалған. Ал, олардың қыздары Мәдина Арманқызы осы аталмыш саланың өндірістік бөлімінің терроризмге қарсы, азаматтық қорғау және төтенше жағдай бойынша бірінші санатты инженер лауазымында жұмыс істейді. Полиция әулеті – Жақсылықовтар отбасы мүшелері ардагер аталарының жолын жалғастырып отыр. Оның бес баласы мен екі немересі бүгінде ішкі істер органдарының белді қызметкерлері. Краснояр ауылыннан келген Мұқановтар отбасы жарты ғасырдай жұптары жазылмай, қол ұстасып келеді. Ал, ынтымақты Төлебай отбасы 4 бала тәрбиелеп отыр. Шара соңында облыс әкімінің атынан аталмыш отбасыларға естелік сыйлықтар табыс етілді.

 

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий