Еңбек өнімін еселеуге әзірміз

«Регион Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Александр Дворцевой:

Облыстық құрылыс басқармасының мәліметтеріне қарағанда, 2010 жылдан бері облыста 2,1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй жағдайын 19 мыңнан астам отбасы жақсартты. Өткен жылдың 11 айы ішінде 441055 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Алдағы уақытта қалада бірнеше панельді тұрғын үйлер тұрғызуды жоспарлап отырмыз. Оның алғашқысы – пилоттық жоба ретінде «Юбилейный» мөлтек ауданында былтыр қолға алынған-ды. Құрылыс жұмыстарын бас мердігер «НИКС Инжиниринг Групп ИВ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Уәлиханов көшесі бойындағы 90 пәтерлік тұрғын үйді өзіміз өндірген материалдан тұрғыздық. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеген жағдайда жылына 50 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызуға мүмкіндігі бар. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 3 үй тұрғызу жоспарланған. Аталған жоба «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша қаржыландырылады. Бұдан соң жеке тұрғын үй құрылысы бағдарламасына қатысатын боламыз. 2018 жылы Көкшетау қаласының құрылыс бөлімі «Сарыарқа» мөлтек ауданында біздің технология бойынша 108 пәтерлік 4 тұрғын үй салуды жоспарлап отыр.
Бүгінде комбинат қабырға панелі, төбе жабынды және қоршаулар, түрлі құрылымдарды жабуға арналған плиталар шығарады. Зауытта Ұлыбритания, Италия, Испания, Ресей, Украина елдерінің құрал-жабдықтары орнатылған. Ашылғанына үш жыл болған кәсіпорын бүгінде толық қуатында шығып, өнім көлемін еселеуге әзір. Темір-бетон бұйымдарын шығаратын комбинат еліміздің басқа өңірлерімен де жұмыс істеуде. Алғашқы уақытта құрылыс материалдарының 3 түрін ғана шығардық. Бүгінде өнім түрлерін көбейтудеміз. Комбинат толық қуаттылығына көшкеннен бастап баспалдақтар, түрлі ұзындықтағы жабынды плиталар мен тұрғын үй құрылысына қатысты өзге де материалдар шығаруды қолға аламыз. Оның өнімдері облыс орталығындағы әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер құрылысына пайдаланылмақ.
Құрылыста жергілікті бетон бұйымдарды пайдалану қазіргі салынып жатқан қыш жобалардан арзанға түседі. Жаңа технологиялар тұрғын үйдің бір шаршы метрінің бағасын 120-150 мың теңгеге дейін арзандатуға мүмкіндік береді, әрі үйді екі есеге жылдам тұрғызуға болады. Құрылыс комбинаты тұрғын үйлерді жылдам тұрғызатындығымен ерекшеленеді. Құрылысқа қолданылатын материалдар қатаң бақылаудан өтеді. Олар сапа стандарттарына сай келуі тиіс. Біздің панельді үйлер сапасы жағынан өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары салынған үйлермен салыстырғанда өзгеше. Өйткені, панельдер іштен жылытылған. Барлық бұйымдар зауытта жасалады, құрылысқа ауа райы қолайсыздық туғызбайды. Қазіргі панельдер бұрынғы керамзиттен әлдеқайда сапалы әрі сәнді. 18 сантиметрлік жылу қорғағыш жамылғысы бар. Қазір кәсіпорын шикізат базасы ретінде жергілікті кеніштердегі құм мен қиыршық тасты пайдаланып отыр.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий