Еңселі ескерткіш көкшеліктер мерейі!

Қалалық «Көкшетау» және тәуелсіз «Бұқпа» газеттерінің бетінде Еркін Әуелбеков ескерткіші құйылып, тұғырына қонады деген көптен күткен жылы хабар ел еңсесін бір көтеріп тастағандай болды ғой деймін. Себебі, Еркін Әуелбеков ағамыз қай жерде болса да: Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстарында атқарған қызметі, стратегиялық маңызы бар бағдарламаларын жүзеге асыру бағытында істеген істері орасан зор.
Сол кездегі Қызылорда облысында атқарған ұлағатты істері ұшан-теңіз дей келе, қызмет бағытында үзеңгілес болған Сейілбек Шаухамановтың «Еңбек әлемінің әміршісі» деген естелік кітабында: «Еркін Әуелбеков – өзін, өмірін қалтқысыз, қайырымсыз, жасампаздық еңбекке, жанкешті еңбекке, жанқиярлық еңбекке, өлермендік еңбекке, бейнетке арнаған Азамат. Бұл дүниеге тек жұмыс үшін, пайдалы болу үшін келгендей. Ол өмірдің басқа адамға қажет құндылықтарына, қызықтарына, шыжықтарына, рахатына, ләззатына басын да бұрмады, көзін де салмады, аяғын шалдырмады, бойын алдырмады. Ол үшін қаншама қажыр-қайрат, ерік, жігер, ынсап, өзін-өзі бақылау, өзін-өзі тежеу, өзін-өзі шідерлеу, өзін-өзі сақтандыру, өзін-өзі сақтау керек. Бұл екінің бірі, егіздің сыңары түгілі, атқа мінгендердің мыңынан бірінің де қолынан келмейтін ерлікке пара-пар өнеге емес пе!?
Күннің жарығын бүркемелеу қандай қиын болса, Еркін Әуелбековтің азаматтығын, іскерлігін, қайраткерлігін, қажырлығын, өнегелі өмірін, өшпес ізін, өлмес ісін, тарихи тағдырлы сөздерін ешкім де жоққа шығара алмайды. Аралдың қасіреті, адамның қасіреті екенін дәлелдей білген, бүкіл Сыр өңіріне Құмкөлді еншілеп берген Ерағаң».
Мұндай шексіз қадір-қасиет бір кісінің бойынан табылуы өмірде сирек кездесетін жағдай. Еркін Әуелбеков ағамызды Сыр бойының азаматы осылай бағалай білу, көкшеліктер үшін үлкен мәртебе.
«Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерін» деген асыл сөздің қадір-қасиетін алтын қазық етіп ұстай білген жазушы ағамыз Мәтен Бижановтың: Көкшелік Еркеш Ибраһим ер ақынға, кешегі көркем сөздің көк семсері, ел еркесі Сәкен Жүнісовке кейінгілерге ең асыл өшпес мұраларын, мәйек жырларын мирас қылып қалдырған бұларды елеген, екшеген біреудің болмағаны қасірет қой деп, көкіректе кептеліп тұрғанды сыртқа шығарған жан айқайы еді. Бұл мәселе Мәтен ағамыздың «Жарқабаққа асылған қос қайың» атты мақаласында газетіміздің 31 қазан 2013 жылы аталып өтіп еді.
Осы мақала желісінде қалалық «Көкшетау» және «Бұқпа» газеттеріндегі «Аға аманаты ескерусіз қалмасын» деген тақырыпты жалғастыра: ән өнерінің бәйтерегі, қазақтың әнін әлемге таныта білген Ермек Серкебаев, ел үшін еңбек еткен, халқымыздың ықыласына бөленген Бәйкен Әшімов, Кәкімбек Салықов, ақыл парасатын халқына арнай білген Естай Мырзахметов, Көкшенің серілік дәстүрін жалғастырған, әнші-сазгер Кәрім Ілиясов, өмірін өнермен өрнектеген, айтыскер мектебін ашқан ақын Көкен Шәкеев, ғалым гидрогеолог Көкше табиғатына қамқор болған Айтқажы Қазбеков ағаларымызға арнайы алаң ашылып, мүсіндері қо-
йылса кейінгі ұрпаққа асыл мұра болары сөзсіз.
Сәулетші, қолынан талай-талай тарихи ескерткіштер сомдалған жерлесіміз Төлеген Досмағамбетовтың, қазақ елінің тұңғыш ғылым академиясының президенті, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтың иегері, бір шыршаның түбінде «жасырынып» тұрғаны, ескергендік болар ма екен! Көше «аралап» кеткендіктен болар, ескерусіз қалғандай. Сондықтан арнайы алаң ашылып, мүсіндер қойылып, әр ескерткішке ұрпаққа арналған ұлағат сөздері жазылған тақтайшалар орнатылса, ұрпақтың ой санасын оятып, жан әлемін жадыратып, ізденіске ой салар ма еді. Бүгінгі, Шахмет Құсайынов атындағы қазақ драма театрының алдындағы сквер алаңы осындай игілікті іске сұранып тұрғандай. Е.Әуелбековтің мүсіні де осы алаңнан табылса қалай болар еді, зиялы қауым? Қаладағы Отан соғысы ардагерлеріне арналған алаңның көрінісіндей.
Ел ағаларының қолдауы болып егер оң шешімін таба білсе ауыздарында Алла, жүректерінде иман, жүздерінде ұят бар, үлкендер аманатын борышым деп білетін азаматтар баршылық. Артында қалған ұрпақтар да шет қалмас еді деп ойлаймын. Игілікті істерге сәттілік тілей отырып, ой саламын.

Жәдігер
Ермұқанбетұлы,
зейнеткер.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий