Е.Маржықпаев: «Көкшетау қаласы қарқынды дами бермек»

Өңірлік Коммуникациялар орталығында Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев журналистер сұрақтарына жауап берді. Брифингке «Көкшетау», «Степной маяк», «Арқа ажары», «Акмолинская правда», «Любимый город» газеттері, жергілікті телеарна тілшілері қатысты. Брифингті ӨКҚ қызметкері Айгүл Үстембек жүргізді. Алдымен қала басшысы шаһардың соңғы бір жыл ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып өтті. Одан әрі жиын сұрақ-жауап түрінде өрбіді.

DSC_9240И.Однорог, ӨКҚ қызметкері:
– «Қопа» көлінің маңайын абаттандыру, қолайлыландырудың басталып кеткенін білеміз. Бұл жұмыстар жалғасын таба ма?
Е.Маржықпаев: – Иә, бұл жұмыстар сөзсіз жалғасын табады. Кенесары көшесінен Қан орталығына дейінгі жағалаудағы үйлер түгел сүріліп тасталып, жол, велосипедшілер жолы, әртүрлі демалуға қолайлы әлеуметтік нысандар салынады. Биыл яхт-клуб ашылатын болады. Екі жерден жағажай орын тепкенін білесіздер, олар да қызмет көрсету түрлерін жетілдіре түспек. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен, үздіксіз жүргізіле бермек.
А.Сатыбалдина, «Степной маяк» газеті:
– Қала шетіндегі «Бейбітшілік» мөлтек ауданына жол тарту, автобус жүргізу мәселесі қашан шешіледі?
Е.Маржықпаев: – Қаланың ортасы, шеті дейтіні жоқ, барлық жолдар салынады, жөнделеді, жарықтандырылады, еш бөлегі жөндеуден тыс қалмайды. Тек, «Бейбітшілік», тағы басқа қала шетіндегі мөлтек аудандарымызда жоспарсыз, қалай болса солай салынған үйлер бар. Жол жобасын сызуда, жол құрылысының жобалық-сметалық жоспарын құруда сондай үйлер үлкен қолбайлау болады. Жұмыс кідіреді, кешеуілдейді.Сондықтан да біз алға қарай берілетін жерлердің коммуникация желісін тартып, жүйелеп беруге көштік. Ал, жалпы, жолдар салынады. Биыл май айына дейін қалаға 36 жаңа автобус алынатынын естідіңіздер. Соған байланысты автобус маршруттары қайта жасалады. Сол кезде бәрі ескеріледі.
Т.Қосшығұлов, «Арқа ажары»: – Менің бірнеше сұрағым бар. Алпысыншы жылдары салынған ескі үйлер – «хрущевкалар» тұра бере ме? Азық-түлік бағасы неге қадағаланбайды, қымбатшылыққа неге жол беріледі? Вокзал маңайындағы ескі балабақша үйі бір жағына қашан шығарылады?
Е.Маржықпаев: – Қазір біздің қаламызда ескі үйлерді бұзып, алып тастаудан бұрын атқарылуға тиіс жұмыстар көп. Іргеміздегі көлді тазалау, жылу мен су деген сияқты. Қаншама көпқабатты үйлер салынып жатыр, жер телімдері беріліп жатыр, әлі пәтер кезегінде тізімде тұрғандар көп. Сол мәселелерді шешіп алайық. Бюджет қаражаты өлшем-есепсіз емес қой. Ол үйлер жуық арада болмаса да болашақта алынады. Азық-түлік бағасы үнемі қадағаланады. Көтерме саудамен айналысушы кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіледі, меморандумдарға қол қойылады. Сол келісімдердің орындалуы тексеріледі. Алайда, біз жеке дара өмір сүре алмаймыз. ТМД елдерінен, басқа келісімшартқа тұрған елдермен алыс-беріске түсеміз. Олардың бізге келетін азық-түлігінің өз бағалары бар. Кейбір тауарлар бағасы сол бастапқы бағасына тәуелді. Өзімізден өндірілетін тауарлар бағасын есептеу қиын емес, қадағалау, реттеу де жеңіл. Ал, ескі балабақшаға келсек, қожайындарымен әңгіме жүргізілу үстінде, ол күйінде қалдырмаймыз.
Айя Калягина, «Любимый город» газетінің редакторы:
– Ермек Боранбайұлы, бізде балалар үшін де, жастар үшін де салынып жатқан ойын, спорт алаңдары, нысандар көп. Алайда, біз планетарий салынуы керек деген ойдамыз. Балалар тек қана жүгіріп-секіріп шынығуы емес, ғылыми бағытта да дамуы керек қой. Бұл идеямызды қолдаушылар көп. Ынталы топ құрылды. Бәлкім, жаңа салынатын «Рухани жаңғыру сарайы» ішінен, бәлкім басқаша – осы идеяны жүзеге асырсаңыз.
Е.Маржықпаев: – Біз жақсы идеяның қайсысын болмасын тыңдауға, қажет нәрсе болса, әрқашан дайынбыз. Бұл мәселені кейін маған толық түсіндіріп, айтып беріңіз, сосын ақылдасайық. Егер балаларға керек, тиімді идея болса, әрине, қолдаймыз.
Қ.Мұқатаева, «Степной маяк» газетінің бас редакторы: – Таза ауыз суға зәруліктен тұрғындар қашан арылады?
Е.Маржықпаев: – Бұл – күрделі сұрақ. Көкшетауда үш ең күрделі мәселе бар. Біріншісі, жылу-электр стансасын салу. Ол қысы-жазы ыстық су пайдалануға мүмкіндік береді, қыста қаланы тұмшалайтын көк түтіннен құтқарады. Электр қуаты үшін төлемақы төмендейді. Екіншісі, канализация желісін
ауыстыру. Ол оқтын-оқтын болып тұратын тұрба жарылыстары, т.с.с. тосын қиындықтарды болдырмайды. Үшіншісі, сіз айтқан ауыз су мәселесі. Ол желіні де түгел ауысты-
руымыз керек. Бұл жұмыстар аса күрделі қаражатты қажет етеді. Жос-
пармен, жүйелі, кезең-кезеңмен шешіледі. Соңғы екі желінің жобалық-сметалық құжаттары бекітіліп келді, енді ол күрделі жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар күтеміз.
Р.Өтеулина, «Акмолинская правда» газеті: – «Қопа» көлі қашан талапқа сай таза күйге түседі?
Е.Маржықпаев: – Ол мәселені біз көлге жіберген балықтар, әрине, түбегейлі шеше алмайды. Себебі, көл жағасындағы үйлерден лас сулар сонда ағуда. Сондықтан, Қопа таза болуы үшін алдымен көл жағасындағы үйлер алынып, жол салынып, көл жиегі биіктелуі керек. Жағалаудан үш жерден суағарлар тоғысатын жерлерге сүзгі орнатылуы керек. Сонда ғана көліміз үнемі таза болады. Ал, жаңағы айтылған жұмыстар жоспарда бар. Жағалау құрылысы жүргенде бірге атқарылады.

Серік Жетпісқалиев.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий