Е.Маржықпаев: «Көркемдік те, қолайлылық та керек»

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен қаланың барлық мекеме, бөлім, ведомстволар басшыларының қатысуымен жиын болып өтті. Онда әкім бүгінгі таңда жүріп жатқан құрылыс жұмыстары, жол жөндеу, аулаларды, жалпы қаланы абаттандыру мәселелеріне тоқталып, жаз айларында айнала орманды алқаптағы, жағажайлардағы, балалардың демалысы өтіп жатқан жерлердегі қауіпсіздікті сақтау жөнінде жауапты қызметкерлерге нақтылы тапсырмалар берді.

– Қай істі қолға алсаңыздар да оны сапалы атқаруға тырысыңыздар, әр жұмысшыдан соны талап етіңіздер, қадағалаңыздар. Бөлінген қаржы өз орнына жұмсалсын, – деген қала басшысы, қала бойынша құрылыс жұмыстары жүріп жатқан әр нысанға жеке-жеке тоқталып, іс барысын саралады. Ауқымды жұмыстарға қоса қазір жол бойындағы жүріске кедергі болып келген ой-шұқырларды тегістеу, жамау да қолға алынды. Міне, осылардың өзі сапалы атқарылуы тиіс. Бір істеген шаруа туралы арада ай өтпей шағым түсіп, қайта айналып жүрмейік. Ісімізде тиянақ болсын. Аулаларға жол төсеу, ойын, демалыс алаңдарын салуда бәрін өлшеп-пішетін мамандар өз алдына, сол жерде тұратын тұрғындар тілегі де ескерілсін. Қазір орталық көшелердегі негізгі жолдар бойына қосымша бұрылыстар салу қолға алынды. Бұрын көше қиылысындағы ондай қосымша «қалта жолдар» болмаған еді. Көліктің көбейіп, кептелістер бола бастаған соң қолға алынды. Осының бәрі қаланың көркемдігіне қоса, тұрғындар үшін қолайлы болуын көздегендіктен жүзеге асуда.
Жылма-жыл істеліп келе жатқан осындай ауқымды істерге қарамастан тұрғындарға қаланың тазалығын сақтау, көркемдік, үгіт-насихат құралдарын, ескерткіштерді, алаңдар мен аллеяларды күтіп ұстауды түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілмей келеді. Атқарылып жатқан жұмыстардан тұрғындардың көше тәртібін сақтау жағы кемшін түсіп жатқандай көрінеді. Сондықтан, жергілікті полиция қадағалауды күшейтіп, кемшіліктерді болғызбау жөнінде алдын ала жүргізілетін жұмыстардың тиімділігін арттыруы тиіс. Мәдени-көпшілік жұмыстардың мазмұны тереңдетілсін. Әсіресе, жастар тартымды, көңілді өткен концерттерден кейін соңдарын жинаусыз қалдырып кетіп жүр. Жәрмеңкелерден кейінгі жағдай да мәз емес. Тәртіпке, тазалыққа үйрету керек.
Жаздың соңғы айына да келіп жеттік. Сондықтан, судан құтқару, төтенше жағдайлар, өрт қауіпсіздігі қызметі, мәдениет пен оқу бөлімі қадағалауды, бақылауды күшейтсін.
– Қаланың көркі мен қолайлылығы үшін атқарылып жатқан жұмыстар көп. Енді, тұрғындардың сол қолда барды, қол жеткенді қадірлеуін, күтіп, баптап ұстауын ескеру керек. Сап-сау тұрған аялдамаларды қирату, егілген гүлдерді жұлу, гүлдерді, көшеттерді құмырасымен қоса көтеріп алып кету, кез келген жерге қалдық тастаудың осыған дейін неше фактісі тіркелді. Олардың қолға түскендеріне айып салынды. Біз сондай келеңсіздіктердің алдын алып, болдырмау үшін түсінік жұмыстарын жанды жүргізуіміз, қоғамдық-көпшілік жұмыстардың мазмұнын арттыруымыз керек, – деп түйіндеді жиынды қала әкімі Е.Маржықпаев.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий