Жазықсыз жазаланған журналист

Саяси қуғын-сүргін құр-бандарын еске алу күніне орай Ақмола облыстық полиция департаментінің арнайы мемлекеттік мұрағатына рұқ-сат алып кірудің сәті түсті. Мұнда 5600 адамның тергеу және ақталған ісі жатыр. Зұлмат-ты жылдардың зобалаңына түскен 400-дей ақталмаған адамның да құжаттары тір-келген. «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Мемориал» деп аталатын сайтында сталиндік қуғын-сүргін көргендердің тізімі бар. Өзінің жазықсыз жазаланған жақындарын іздеймін деушілер-ге жүгінуіне болады»,– дейді мұрағат қызметкері, полиция аға инспекторы Қарлығаш Салықова.

Менің қолыма тиген №1276-шы іс болды. Бұл Көкшетау ауданында қазақ тілінде шығып тұрған «Колхоз жолы» (қазіргі «Көкшетау» газеті) газетінің жауапты хатшысы Зейніш Қыстаубаевқа қатысты қозғалған қылмыстық іс екен. 1910 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Бейнетқор ауданына қарасты «Сарытомар» колхозында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Комсомол мүшесі, сауатты, үйленген деп жазылған. Көкшетау қаласы, Ленин көшесіндегі №25 үйде тұрыпты. Одан әрі жергілікті қауіпсіздік комитетінің айыбы тізбеленіп кете береді. Онда: «Зейніш Қыстаубаев солтүстік өңірде кеңес үкіметіне қарсы ұлттық ұйымның мүшесі ретінде ауыл-аймақтарда колхоз жұмысын нашар жүргізіп жатқандар жайлы арнаулы тілшілерден келген мақалаларды әдейі бастырмаған. Газеттің кей нөмірлерін қолдан қысқартып, партияның колхоз құру бағытындағы жұмыстарын қасақана қолдамаған. Бейнетқор, Еңбекшілдер аудандық газеттерінде жұмыс істеген жылдары капиталистік құрылымды жақтап, 1-ші май мерекесі қарсаңында капиталистік құрылыс туралы ұран жазылған листовкалар таратты» деген айып тағылған. Мұнымен қоса өзінің жақтастарымен бірге бір пәтерде бас қосып, партияның колхоз құру бағытына қар-сылық таныту жайлы жиын өткізгендігі де жазылыпты. Одан әрі Зейніш Қыстаубаев ауданда жұмыс істеген кезде жапон тыңшысы саналатын өзінің әріптестері Бейнетқор аудандық газетінің редакторы Ақынжан Әлімбаевпен, жауапты хатшысы Әбдірахман Айсаринмен, Еңбекшілдер аудандық газетінің редакторы Ғаббас Бегеевпен баспа желісі бойынша байланыста болып, тыңшылық мәліметтер беріп жүрген және осы ісін Көкшетауға келгесін әрі қарай жалғастырған деген де айыптар тағылыпты. Сөйтіп, «Қазақ буржуазиялық мемлекетін» құруда жапондықтардың ықпалына сүйенгенін де бетіне басқан. Мұнымен қоса алашордашыл Смағұл Сәдуақасовтың кеңес партия-сына қарсы тобының мүшесі екені де көрсетілген. Осылайша, жазықсыз жазаланған журналист бірнеше қайтара тергеліп, тергеу ісінің мерзімі де бірнеше рет ұзартылып, куәгерлер қатары көбейтіліп, жаланың үстіне жала жабыла берген. Бірінші тергеу кезінде өзінің кінәсін мойындамаған азамат азаптау мен қорлыққа шыдамаған болу керек, кейін өзінің жапон тыңшысы екенін және кеңес үкіметінің саясатына қарсылық білдіргенін мойындапты. Тергеу ісінде күдіктінің үйін тінтіп, бұлтартпас дәлелдер мен айғақтар іздегені де жазылған. Осылайша, 1938 жылдың 30 сәуірінде ұсталған Зейніш Қыстаубаев алдымен Көкшетаудың түрмесіне қамалып, кейін Петропавлға ауыстырылған. РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-1 «а» бабының 2-7-10-11 тар-мақтарына сәйкес айыпты деп танылып, Үштіктің үкімімен 1938 жылдың 19 қазанында ату жазасына кесілген. Тергеу ісінде тілімдей ғана қағазда «Зейніш Қыстаубаевты ату жазасына кесу туралы үкім 23:00-де орындалды» деп жазылыпты. Жаныңды түршіктіретін, миға сыймайтын өтірік пәле-жалалардың салдарынан жазықсыз құрбан болған журналист жігіттің өмірі 28 жасында осылайша қиылыпты. Онымен бірге жауапқа тартылған Ақынжан Әлімбаев, Әбдірахман Айсарин, Әлібай Шақанов, Хасенбай Сахабин, Сейіт Сәрсенбаев, Біләл Бейсенбаев, Мұратбек Сейітов, Әкімжан Сәлімбаев, Ғаббас Бегеев 1937-1938-ші жылдары қуғындалды деген де деректі оқып, аты аталған азаматтардың тағдыры не болды екен деген өкініш өзекті өртейді.
Зейніш Қыстаубаевтың өмірбаяны жазылған парақта әкесі мен анасы, қарындасы, әйелі мен бір ұлы бар екені жазылған. Қамауға алынғанға дейін бір сиыры болды деп көрсетіліпті. Заман тынышталғаннан кейін Зейніш Қыстаубаевтың әйелі Рабиға жұбайын ақтап алу бойынша құжаттарын жинап, сұрау салған екен. Тексеріс нәтижесінде КСРО ҚК, Приморский край, Хабаровск, ГАУ Ерекше архивіне сұрау салынып, Зейніш Қыстаубаев жапон тыңшысы, кеңес үкіметін құлатуға әрекет етушілердің қатарында аты аталмайды деген жауап хаттардың негізінде және Түркістан әскери трибуналының әскери прокурорының «Жазықсыз жазаланды, сондықтан қылмысы жоқ» деп танылсын деген хатының негізінде 1965 жылдың 7 сәуірінде ақталған.
Ал, Зейніш Қыстаубаевты және онымен бірге айыпталған өзге азаматтарды қудалағандар да өзінің тиісті жазасын алды деген дерек аз да болса көңілге демеу.
Алаш қозғалысын жете зерттеп, зерделеп жүрген жазушы Тұрсын Жұртбай сонау қуғын-сүргін жылдары Қазақстанда 60 мың адам «жапон тыңшысы» деген айыппен атылған дейді. Зұлматты жылдардың ащы шындығы осы.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий