Жалақы мен әлеуметтік аударымдар қарызы өтелсін

Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың жетекшілігімен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу комиссиясының отырысы өтіп, онда үш мәселе қаралды: қала кәсіпорындарының әлеуметтік аударымдары мен жалақы қарызы бар өндіріс орындарын бақылауға алу, «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында жаңа жұмыс орындарының ашылуы. Комиссия жұмысына осы бағытты бақылайтын басқармалар мен бөлім басшылары қатысты.

Көкшетау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Қанат Әлімовтің баяндауынша, осы кезге дейін әлеуметтік аударымдар бойынша қордаланған қарыз 34 миллион теңгеден асқан. Соған орай салық органдары міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі қатысушыларының тізімін жасауға қажетті 7055 хабарлама жіберген. Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 609 бабына сәйкес салықтан қарызы бар адам оны мерзімінде өтемесе, өсім көбейіп, төлем көлемі одан да арта түседі. Банктік есепшоттағы шығыс операциялары тоқтатылып, салық төлеушінің кассасы бойынша шығыстары да шектеледі. 2016 жылы әлеуметтік аударымдарға қатысты 346 төлеушіге ескерту жасалып, 9 төлеуші әкімшілік айыпқа тартылған. Ал, биыл 24 төлеуші ескерту алыпты.
Кәсіпорындар мен мекеме қызметкерлеріне жалақыны уақытында төлемеу және оларға қатысты жасалатын шаралар туралы облыстық еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Галина Сенченко баяндады. Тексеріс барысында облыс орталығындағы 38 кәсіпорын мен ұйымның жалақы бойынша қарызы 62,6 миллион теңге екені анықталған. Бір ғана «Элеватормельмонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қарызы 40,4 миллион теңгені құрағанмен, отырыс барысында мәлім болғанындай бұл берешек өтеліпті. Дегенмен де, «Сейнұр» фирмасының 2 миллион теңге, «Граниты Көкшетау» кәсіпорнының 1,1 миллион теңге қарызы әлі өтелген жоқ. Еңбек инспекторының айтуына қарағанда, биыл Көкшетау қаласындағы тағы да 4 кәсіпорынның жалақы бойынша қарызы 235 392 теңге екені анықталған. Оларға салынған әкімшілік жаза-айыппұлдың көлемі 476 490 теңге, яғни жалақы қарызынан екі есе көп. Сондықтан оны уақытында өтеудің қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті.
«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту туралы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, кәсіпкерлік және білім бөлімдерінің мамандары хабарлама жасады. Маусымдық науқандық шараларға жұмыссыздарды тарту өз деңгейінде. Қалада ашылып жатқан балабақшалар да жаңа қызметкерлермен толығуда. Дегенмен, жұмыс орындарын қысқартып жатқан кәсіпорындар да баршылық. Мысалы, «Көкшетау Жылу» кәсіпорны сәуірдің 1-нен бастап 21 бақылаушы мен 4 күзетшіні қысқартпақ. Өйткені, квитанциялар таратып келген бақылаушылардың жұмысын енді пошташылар атқаратын болады. Сондай-ақ, «Асыл Арман» серіктестігі 4 адамды, «Көкше» акционерлік қоғамы – 5 адамды жұмыстан босатуды жоспарлап қойыпты. Сүт және сүт өнімдерін шығаратын «Молоко Синегорья» серіктестігінің де жағдайы мәз емес. Қазір мұнда 25 адам жұмыс істейді. Тапсырыс мүлдем аз. Соған орай техник мамандар жұмыстан кетіп жатыр. Тіпті, көрші облыстарға да ауысып жатқандары бар. Отырысты қорытындылай келе, қала әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова жергілікті жерде жұмыссыз қалған адамдарды еңбекпен қамту бөліміне тізімін жасап, екі қолға бір күрек тауып беруді тапсырды.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс