Жалында, талма, жас түлек!

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин Көкшетаудағы Абылай хан алаңында Елордамыздың 20 жылдығына орай мектеп бітірушілерді марапаттау рәсіміне қатысып, түлектерге сәт-сапар тіледі. Биыл қала бойынша 47 түлек «Алтын белгі» иегері, 23 түлек үздік аттестатқа қол жеткізді. Алдымен қаламыздағы әрбір білім ошақтары шеруге шықты. Өткен оқу жылы ішінде білім, ғылым, спорт, пән олимпиадалары тәрізді халықаралық, республикалық байқауларда топ жарған мектеп оқушыларының аттары аталып, құрмет көрсетілді. Биылғы жылы облысымыздағы білім ошақтарын 4986 мектеп бітіруші тәмамдап, олардың 3649-ы ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыруға өтініш білдіріп отыр.

Жиында алдымен сөз алған облыс басшысы Мәлік Мырзалин түлектерді мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. – Тәуелсіздік алған 27 жылда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің болашағы үшін жастарға жағдай жасап жатыр. Қазақстанның жастары шетелдегі құрдастарынан, әсіресе, білім, тәрбие, мәдениет жағынан кем болмауы тиіс.  Бүгін сіздер үшін тарихи күн. Республикалық, халықаралық байқауларда жеңімпаз атанып, «Алтын белгі» иегері атандыңыздар. Мұның барлығы – өз еңбектеріңіз бен ата-аналарыңыздың, ұстаздарыңыздың берген тәрбиесі мен білімінің нәтижесі. Енді алдарыңызда үлкен сын күтіп тұр. Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өтеді деп сенеміз, – деді. Салтанатты рәсімде ата-ананың, ұстаздардың сенімін ақтап, қуанышқа кенелткен «Алтын белгі» иегерлеріне 100 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді. Аталған түлектер қазақ тілі, физика, биология пәндері бойынша түрлі деңгейде өткен олимпиа-далар мен ғылыми жоба жарыстарында жүлделі орындардан көрініп, мектептің атын алысқа танытқан өрен жүйрік үздіктер. Салтанатты кеште №21 орта мектептің вокал тобы «Жаса мәңгі, Астана!» әнін тарту етті. Мектеп бітіру қуанышы адам өмірінде бір-ақ рет болатын бақыт. Өмірдің даңғыл жолына енді қадам басқалы отырған түлектердің жанарлары оттай жанып тұр. «Бағы жансын, мемлекеттік грант бұйырсын» деген тілектердің де айтылар кезі осы. Тақымын қысып отырған жақындардың үмітін ақтап, өзінің он бір жылдық білімін көрсетер шақта бәйгеге түскелі отырған барша түлекке сәттілік тілейміз!

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий