Жалғасқан ғұмыр тағылымы

«Тұлпары озған елдің тайы да озады»» дегендейін, ата-ана тәрбиесін көріп өскен зерделі ұрпақ үлкендерін төрге шығарып, ақыл-кеңестерін зердесіне тоқи білсе, ел ағалары бір ауыз сөзбен тентегін тиып, тектісін төрге оздырған ғой. Міне, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болған осынау ата дәстүр қарттарды әлеуметтік қолдау айлығы кезінде жақсы көрініс тапты.

Ырымшыл қазақ халқы көрген түсін де жақсылыққа жориды ғой. Таң қылаң беріп атып келе жатқанда түсіме Мақтай аға Сағдиев кіріп: «Телефонымның ақшасы бітіп қалыпты»,–деген ишарат білдірді. Жүзін анықтап көре алмасам да, құлаққа жағымды қоңыр даусын анық естідім. Таңғы намазда арнайы дұға оқып, орталық мешітке садақа бердім. Іле ұлы Ерболмен хабарласып: «Мақаң дұға дәметіп жүрген жоқ па?» – деген ойымды ашық айттым. Зерделі азамат жанашырлықпен айтылған бұл сөздің астарын тез түсініп: «Әкеймен әріптес болған қариялардың басын қосу өзімнің де ойымда жүрген-ді. Алматыдан қыздары Ғалия мен Раушан келіп, Өндіріс ауылындағы ата-бабаларымыздың зиратына барып, келген соң өзім хабарын берем»,–деді.

Уәделі күні шағын «Икарус» автобусымен жолға шықтық. Бағытымыз –«Көкшетау» мемлекеттік ұлттық паркі. Зерендіге жақындағанда қазақ әйелінің символына айналған Балқадишаның ескерткішіне аялдап, суретке түстік. Жолбасшымыз ұлттық парктің директоры Ербол Сағдиев: «Қазір осы бетпен орман плантациясына барып, жас көшеттер отырғызамыз»,–деді. Зеренді көлін оң жағынан айналып өтетін жолмен бес-алты шақырымдай жүріп жас қарағайлар жайқалып өсіп тұрған алқапқа келдік. Ұлттық табиғи парктің Зеренді филиалының байырғы қызметкері, табиғат жанашыры Көшпай Боқанов бастаған жұмысшылар көшет отырғызатын жолақтарды алдын ала жыртқызып, біздерді күтіп тұр екен. Көкшетаулық ардагерлер үшкір қалақпен топырақты қазып, жас өскінді өз қолдарымен отырғызды. Ал, айнала жайқалып өсіп тұрған жас қарағайлар осыдан отыз жылдай бұрын Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мақтай Сағдиевтің басшылығымен отырғызылса керек. Жер-ананы жасыл-желекке бөлеу – бұл әулет үшін үйренішті кәсіпшілікке айналған сынайлы. Өйткені, өз дәуірінде Рамазан атасы да орманшы болыпты.

Зерлі Зерендінің қарағайлы ормандарын аралап, таза ауасын жұтып, күш-қуат алған ел ағалары Болат Жанәділов, Теңбай Ыбыраев, Мейрамбек Қиықов, Алтай Нұрғасымов, Ғосман Төлеғұл, Аманкелді Ақынов, Ермек Бекенов, Мағау Рахымбергенов заңғар тұлға Мақтай Сағдиев жайлы естеліктер айтып, ұлттық сана, ұлттық тәрбие, ауыл өмірі, табиғатты аялау хақында терең ой өрбітті. Мәселен, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, денсаулық саласының үздігі Болат Жанәділов ; «Бір ғасырда бірақ рет туатын ұлы тұлғалар Еркін, Мақтай ағаларым халқына мінсіз қызмет ету үшін өмір сүрді. Адалдықтың ала жібін аттамай елінің шынайы құрметіне бөленді. Ал, қазіргі билік басындағылар құлқының құлына айналып, халық қазынасын сүліктей сорып жатыр. Ардан да, ұяттан да безгендер жымысқы бұл әрекеттерімен кімге өнеге көрсете алады. Осыны ойланайықшы, ағайын», – деп ойын ашық айтса, Ақмола облысы бойынша кіріс департаменті ардагерлер ұйымының төрағасы Теңбай Ыбыраев: «Мақтай Рамазанұлы қазақ елінің қай түкпірінде қызмет істесе де артында өшпес із қалдырды. Бұрынғы жұпыны ғана Жамантұз ауылына озық үлгідегі коттедждер мен әлеуметтік нысандар салғызды, Көкшетаудағы «Мақтай тау» қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналды», — деп сүйіншін білдірді.

Ал, ауыл шаруашылығы ардагерлері облыстық ұйымының төрағасы Алтай Нұрғасымов «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша бөлінетін 80 миллиард қаржы өз мақсатында жұмсалса ғой десе, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Әлжан ауылында ескерткіш орнатуға. тұрғындар өздері ақша жинап, құрылыс жұмыстарына қолғабыс еткенің мысалға келтірді. Онын айтуынша өкінішке орай, облыс бойынша көшіп кеткен 200-дей ауылдың жұртында осындай ескерткіштер қараусыз, күтімсіз қалып жатса керек. Ертеңгі күні оның да қирап қалмасына кім кепілдік бермек.

«Қазақ тілі және мәдениеті» облыстық қоғамдық ұйымының төрағасы Мейрамбек Қиықов өте өзекті мәселені көтерді. Мемлекет тарапынан кең ауқымды бағдарламалар жасалғанымен, оның толық орындалмай, орта жолда қалатындығынан рухани құндылықтар көп зиян шегуде. Атап айтқанда, біздің өңірде ұлыларымызды ұлықтауда жүйелілік жоқ сияқты. Үш жүздің басын қосқан ұлы ханымыз Абылайдың Бурабайдағы алаңын кемеңгер қолбасшының өмірінен толық мәлімет беретін ғылыми-зерттеу орталығына айналдыруға болмас па еді? Оның есесіне Бурабайдың сұлу табиғатын қорлағандай жөн-жосықсыз демалыс және ойын орындарын сала береміз. Менімше, келетін туристер мен демалушылардың санына қарағанда қазіргі қолда барының өзі көптік ететін сияқты.

Ұлттық парктің директоры Ербол Сағдиевтің арнайы шақыртуымен келгендіктен ұжымда атқарылып жатқан ауқымды шараларға назар аударып, қызығушылық таныттық. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 16 сәуірдегі қаулысымен құрылған парктің Арықбалық, Шалқар, Айыртау, Зеренді және «Орманды бұлақ» бөлімшелерінде 317 адам тұрақты жұмыс істейді екен. Қазіргі таңда саябақ аумағында 600-ден астам өсімдік түрі өседі. Оның 84-і –жер бетінен жоғалып кетуге шақ тұрғандар. Ал, орман алқаптары 118 мың гектарды алып жатыр. Мұндағы дендропарктің негізі 1904 жылы қаланған көрінеді. Сол кезде отырғызылған ағаштардың біразы сақталыпты. Бұта тұқымдастардан сары акация, жұпаргүл, танқурай, қарақат, аюбадам, тошала тәрізді өсімдіктер де кездеседі.

Ұлттық парк аумағында республикалық маңызға ие он үш ескерткішке қоса 186 археологиялық тарихи қорым бар. Соның бірі – әлемге әйгілі «Ботай» археологиялық қорымы. Шалқар көлінің басқа су көздеріне қарағанда басты ерекшелігі – суы тұщы әрі таза, аздаған су концентрациясының болуы оның емдік қасиетін айқындай түседі. Имантау көлінің нақ ортасындағы Тасарал биіктен қарағанда жүрек іспеттес. Аралда Көкше өңірінде сирек өсетін арша ағашы өседі. Мұнда танымдық және экологиялық туризмді дамытуға, спорттық және әуесқой балық аулауға да қолайлы жағдай жасалған. Келушілерге 30 емдеу және тынығу мекемесі қызмет көрсетуге дайын. «Найзатас» шоқысы, «Шиелі» төбешігі, «Дәу саңырауқұлақ», «Буян шатқалы» өзінің тамаша көрінісімен тынығушыларды баурап алғандай.

Қазіргі танда парк ұжымының алдында тұрған жауапты міндет – аң-құстар, үшін қысқа жемшөп қорын жасап, хайуанаттарды азықтандыратын оттықтарды жөндеп, тиісті мөлшерде ағаш жапырақтарын дайындау. Ауқымды осы жұмысты цифр тілімен айтар болсақ, 302 тонна шөп көпенеге үйіліпті. Алдағы уақытта 50 тонна жемдік астық, 14 тонна тұз сатып алынбақшы екен. «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық паркінде табиғатты аялау, оның байлығын көздің қарашығындай қорғау бағытында айтарлықтай іс атқарылып жатқанына көңілдері толған көкшетаулық қариялар көктемгі ағаш отырғызу науқанына да біркісідей атсалысуға уәде берді.

Көкшетау-Қызылжар өңірі мен Орта Жүзге әйгілі ұлы тұлғалар Зілқара-Шопан-Әлібектің бүгінгі тәуелсіз Қазақ елінің кеменгер перзенті Мақтай Рамазанұлы Сағдиевтің жетінші аталары екендігін қалайша мақтан етпеске. Жауырыны қақпақтай, алып денелі, еңсегей бойлы Мақанның бар бітім – болмысы бәлкім осы бабаларынан дарыған қасиет болар. Атығай әулетінің шежірелі ғұмырнамасын қасиетті де киелі Көкше жерімен байланыстыруымыздың тағы бір себебі – ордалы бұл мекен Мақтай Рамазанұлының нағашы жұрты болады. Ата-бабаларының аруағы қолдап, 1985-1989 жылдары обкомның бірінші хатшысы болып істеген Мақтай Сағдиевке көкшетаулықтардың құрметі шексіз. Келешекті көрегендігімен болжай білген дарынды басшының туғанына тоқсан жыл толуына орай мерейтойлық конференция өткізіліп, Көкшетау қаласынан орталық көшесіне есімі берілді.

«Қыран бүркіт асырар ердің даңқын, қыран жігіт асырар елдің даңқын» дегендейін, ел ардағы Мақаңның, Мақтай Рамазанұлының өнегелі ісін сәтімен жалғастырып отырған ұлы Ербол бауырымыздың жұлдызы онынан туып, алдағы уақытта да өміршең істерімен көпшілікті қуантатындығына сенімдіміз. Ғибратты ғұмырында Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының бірнеше аудандарының әкімі болған, ол өзің нақты істің адамы, туған халқының шынайы жанашыры екендігін іскерлік қабілетімен дәлелдей білді. Әмәнда солай болғай.

Шияп ӘЛИЕВ,

Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий