Жамбылды жырлап жас өркен!..

Облыстық мәдениет басқармасы, халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен жыр алыбы – Жамбылдың 175 жылдығына арналған «Тыңда, дала, Жамбылды!» деген тақырыппен аймақтық оқушылар айтысы болып өтті. Онда ерейментаулық он екі жасар оқушы Сәттібек Серікболатұлы тапқырлық танытып, бас жүлдені жеңіп алды. Әрине, оқушылар арасынан айтыскер ақын тауып, дүбірлі жарыс өткізудің оңай еместігі белгілі. Көпшіліктің алдына шығып, аяқ астынан сөз тауып, суырып салып жыр төгу оқушы үшін үлкен сын. Соған қарамастан ұйымдастырушылар аймақтан сегіз ақын сайлап, сайысқа түсірді.1
Бұл жерде оқушылар айтысына қойылар талаптың да салмағы зор екендігін айта кету жөн. Өйткені, мектеп шәкірті әдептен озбай, тәртіпті бұзбай, артық-ауыс сөз айтудан сақтанып отыруы шарт. Үлкендер арасындағы айтыста, әсіресе, қыз бен жігіт айтысында қызды-қыздымен талай әзіл-оспақ, қағытпа-қалжыңның болары хақ. Мұнда ондайға жол жоқ. Сонымен, айтыскерлер талап үдесінен шығып, жақсы өнер көрсетті, дей аламыз. Оқуды қашықтан оқып, бұрынғыдай жиі-жиі сахнаға көтеріліп, шыңдалудан шет қалған жас таланттар бір ширығып қалғандай. Көп мүдірмей шын жүйріктер суырылып алға шыға берді. Алғашқыда қарсыласы аршалылық он төрт жасар Арайлым Бахадты айқын жеңген ерейментаулық Сәттібек Серікболатұлы, бұған дейін Солтүстік Қазақстаннан келген Диас Аяғаннан басым түскен Бергенбек Азатбекпен финалдық жекпе-жекке шыққан. Сәттібек он сегіз жасар қарсыласы, көптеген айтыстарға қатысып қанаты қатайып қалған Бергенбекке берілмеді. Керісінше оңтайлы сөз тауып, шұғыл жауап айтып, қайым айтысты қыздырып, тапқырлығымен ерекше көзге түсті. Сондықтан қазылар алқасы (төрағасы ақын Құдайберлі Мырзабек) «болайын деп тұрған бала», болашағынан зор үміт күттірер Сәттібекке сәттілік тілеп, бас бәйгені қанжығасына байлады.
Жалпы, Сәттібек пен Бергенбектен басқа Сая Тұрсынбек, Диас Аяған, Ақтілек Хайымқандар да төрт аяғын тең басқан өлең төгіп, салиқалы өнер көрсете алды. Ақтілектің қоңыр дауысы, күмбірлеген домбырасы құлаққа жағымды, алысқа шабар, түбі бір биіктен көрінер дүлдүл екендігі аңғарылды. Сая да сырлы үні, сабырлы сөзімен алдыңғы атышулы айтыскер апаларының орнын басар бала екендігін байқатты. «Тілінің қотыры бар», жеңіл қағытпамен шалып, қарсыласына адым аштырмайтын Аяғанның да аяқ алысы жақсы. Басқа ақындардың да осындай сөз тартыстардан тәжірибелерін жетілдіріп, жетіле түсері сөзсіз ғой. Сол себепті мұндай айтыстар жиірек өткізіліп тұрса, нұр үстіне нұр.
Жеңімпаздарға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарды Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова табыстады.

Серік Сапарұлы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий