Жаныңды жадыратып, санаңды сергітеді!..

Өңір басшысы Мәлік Мырзалиннің Конституция мерекесі күні тұсауын кескен көрікті бір нысан Бұқпа тауының биігіне бастар баспалдақ пен қала келбеті, көл беті, туған қаланың тыныс-тіршілігін жоғарыдан көруге арналған алаң болатын. Көтеріңкі көңіл-күй, әсем әсер сыйлайтын осы нысан аз уақыттың ішінде қала тұрғындарының сүйікті орындарының біріне айналды. Көз жетер көкжиектегі туған жер көркін тамашалау кімнің болмасын көкірегіне ел мен жерге, оның бейбіт тұрғындарына деген сый-құрмет дәнін себеді. Тау басында ойға бөгіп, салқын самалға кеуде тоссаңыз жүрегіңізге ерекше бір жылылық ұялап, жаныңыз жадырайды.

Биікке шығу, тау басына көтеріліп жан-жағыңа көз тастау қашан болмасын көңілге қуаныш ұялатып, қиялыңа қанат бітіріп, арманыңды асқақтатар жәйт. Бір сәт иығыңнан күйбің тіршілікті серпіп тастап, сергіп қаласың. Сондай, әсем сезім сыйлар тауың дәл іргеден табыла қалса, оған көтерілер жол болып, қиналмай, қиындықсыз шығып, қауіпсіз жағдайда қуанышқа кенелсең, нұр үстіне нұр емес пе?! Міне, Көкшетау сондай сырлы да салтанатты бір орынға ие. Қала әкімінің қолдап, қадағалауының арқасында облыс орталығын жоғарыдан, кеудеңізді еркін ескен самалға тосып, қызықтайсыз. Бір жақ бетінде сүйенер қорғаны бар, кең де орнықты баспалдақ тау басына көтерілуге қолайлы-ақ. Жолыңызды жиектей, жағалай егілген жас қарағайлар. Осылай көтеріле отырып, жиегі берік қоршалған шағын алаңқайға шығасыз. Осы жерден айналаңызға еркін көз саласыз. Ал, көрініс – көз сүйсінтеді! Қарағай-қайыңы көмкеріп, бұйығы жатқан Бұқпа тауының қолтығына жайғасқан түзу көшелі, көк желекті тап-таза қала. Оның етегін толқыны сүйіп, айнадай жарқыраған Қопа көлі. Қаланың зәулім ғимараттарының көлеңкесі су бетінде ойнайды. Қалқыған қайық, қанаттары күнге шағылысып, жарқ-жұрқ еткен айдынның ақ шағалалары. Осынау тіршілігі қыз-қыз қайнаған көркем қаланың сен де бір тұрғынысың! Келер қонағыңды ертіп келіп, мынау көріністі алдына жайып салуыңа, мекеніңді мақтан етуге мүмкіндігің бар, енді! Тау басынан орын тепкен «Көкшетау» деген алып жазу жанында, Қопа көлі, бүкіл қала көрінген суреттерді ескерткішке тарту етсең, ұмытылар ма?! Салынып біткеніне көп болмаған биіктегі сәнді орынға тұрғындар, қонақтарға қоса, жаңа отау тігіп жатқан жастар да асыға жетіп, суретке түсуде. Ең бастысы осы орынға келген кімнің болмасын көңілі көтеріңкі, жүзі шат. Ең бастысы да осы болса керек!..

Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс