Жаны жайсаң дос еді

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері және Құрметті журналисі, есімі елге танымал қаламгер, шынайы досым Мәтен Өтешұлымен тағдыр бізді 1962 жылдың мамыражай тамыз айында табыстырып еді. Сол жылы Көкшетау облысының тарихында тұңғыш рет жоғары оқу орны – Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік педагогикалық институт ашылған болатын. Мәкең екеуміз осы институттың алғашқы студенттерінің бірі болдық.

Сайлаубай ЫБЫРАЕВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық
Қауіпсіздік Комитетінің Құрметті ардагері

Бір көргеннен бастап біздің ықыласымыз жараса бастады. Мінез-құлқымыз, өмірге деген ұстанымымыз бір жерден шығатын. Студенттік кезімізде өзіміздің туған елдеріміз Қарлыкөл мен Қарабұлаққа жиі барып жүрдік. Әке мен ана балаға әрдайым сыншы ғой. Келесі бір Қарлыкөлге барғанда менің анам Мәтенді жақсы көріп, екеуіңнің де танауларың бір-біріне ұқсас екен, сыйлас дос болыңдар, деп батасын беріп еді. Содан бері табаны күректей 51 жыл өтті. Достығымыз Мәкеңнің соңғы деміне дейін жалғасты. Саналы ғұмырын журналистикаға арнаған Мәтен еңбек жолын қатардағы тілшіден бастап, өзінің талантының арқасында облыстық «Көкшетау», «Торғай таңы» және тәуелсіз «Бұқпа» газеттерінің бас редакторлығына дейін көтерілді. Байсалды мінезі, байыптылығы, салиқалы ойларының арқасында ол әріптестерінің арасында үлкен абыройға ие бола білді. Дос туралы сөз қозғасақ, оны өзінің туған топырағынан бөліп қарауға болмайды. Өйткені, абырой-атақ әркімге туған топырағынан дариды ғой. Дүниеге Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай сияқты алыптарды әкелген Көкше топырағынан Мәтен Өтешұлы да нәр алды.
Ол ұлықтық пен кішілікті, қарапайымдылық пен бекзаттықты бойына сыйғызған жан. Оның жүрегі өмірді сүйетін, адамдарды құрмет тұтатын. Мәкеңді, әсіресе, халықтың тағдыры мен жан күйзелісі, адамның рухы мен санасының өзгеруі қатты толғандыратын. Ол адамға адал көңілмен қарайтын, досқа деген ықыласы шексіз еді. Ештен кеш жақсы дегендей, Мәкең қызметте жүріп жазған шығармаларын топтап, соңғы жылдары 4-5 кітап шығарды. Ол көбік сөзбен көзге түсе бермейтін, аз да болса көздегені нысанаға дөп тиетін. Сондықтан да, оқырман көңілінен шығатын артында өшпейтін сөздері қалды. Адам өмірге жылап келіп, ағайын-туыстарын, жанашырларын жылатып кететіні айдан-анық. Тумақ бар да өлмек бар дегендейін, ерте ме, кеш пе кімнің бақилық болуы Алланың бұйрығы. Адам баласының ажалға қарсы тұрар қауһары жоқ. Демі таусылғанша Мәкеңнің қолынан қаламы түскен жоқ. Журналист үшін одан асқан бақыт бар ма? Өзі қарапайым, өзі кішіпейіл, кеудесін өзгелердей көтермейтін қайран дос бүгін арамызда жоқ. Аңқылдаған, ақкөңіл досым, бауырым 80-ге толар еді-ау! Әттең, әттең… Қайран Тәңірім табыстырған Мәке! Сенбей де, қимай да тұрмын. Амал жоқ, өмір заңы осындай. Адамның айтқаны емес тағдырдың жазуы болады ғой. Артыңда өлмейтіндей өлең-жырларың, көсем сөздерің қалды. Алла өзіңнің пейіліңе сай пейіштен орын бер деп тілеймін. Жатқан жерің жайлы, жаның жәннатта, иманың қасыңда болуын нәсіп етсін.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий