Жанға жайлы «Ақ Жайық»

Биылғы жазда сәті түскесін Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты «Сарыағаш» шипажайының емдеу-сауықтыру орталықтарының бірі – «Ақ Жайыққа» жолдама алып, тартып кеттім. Жайсаң жандармен танысып, жайдары көңіл мен жарқын мінездің қаншалықты құнды екенін тағы бір ұғындым. Сондықтан шетелді емес, өзіміздің жергілікті емдеу-сауықтыру орталықтарын таңдасаңыз еш өкінбейсіз. Әрі арзан, әрі пайдалы. 

Бұл шипажайды таңдаған себебім: мұнда асқазан, өт, бауырды тазартуға болады. Әрі таза минералды су ішіп, диеталық тағамдар жеп, қажетті ем-домыңды аласың. Теңізді де аңсап қажеті жоқ. «Ақ Жайықтың» өзіне тиесілі далада бассейні бар. Күннің ыстығы қайтқасын бірден сонда асығасың, шаршағаныңды басып, тыныстайсың. Суы мөп-мөлдір, өзінен-өзі тазарып тұратын құрылғымен жабдықталған. Ата-анасымен бірге келген балаларға таптырмайтын жер. Күні бойы сонда жүреді. Сонымен ем-домға келейік. Ең бастысы, ішекті шлактан тазарту, асқазанды жудыру және өтті шығару қажет. Бұл процедураларды кем дегенде екі рет алу керек. Негізі ем-дом 10 күнге арналған. Сондықтан арасына 2-3 күн салып, тазарту процедураларынан өтесің. Онымен қоса физио, лазермен емдеу, парафин алу, минералды ванна мен циркулярлы душ қосымша жүріп отырады. Тегін массажы тағы бар. Емнің арасында уақытымен фитобардан шөптік шайлар ішесің. Оның бірі бүйрекке, енді бірі өт айдауға, бірі гинекологиялық болып келеді. Кешкісін тыныштандыратын шайы бар. Минералды су сол фитобарда краннан ағып тұрады. Оны тамақтанар алдында жарты сағат бұрын күніне үш мезгіл ішуге тиіссің. Минералды суды да шектен тыс көп ішуге болмайды екен. Өзінің мөлшері бар. Бәрін нормамен алған дұрыс. «Ақ Жайық» шипажайында ем-домды сырттан алып жатпайсың, бәрі ғимараттың ішінде, яғни жоғары қабаттарда жатын бөлмелер, төменгі жертөлесінде ем алатын бөлмелер орналасқан.
Шипажайдың асханасындағы күнделікті ас мәзірін жасаушы, 1993 жылдан бері осы орталықта жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі маман Нұрхан Меңлібаева былай дейді: «Біздің шипажайымыз негізінен асқазан, ішек, өт және бүйрек ауруларын емдеуге арналған. Сондықтан еміміз бен асымыз соған сәйкес болуы керек. №1 диета негізінен операциядан кейінгі ем алып жүрген адамдарға, №2 диета созылмалы асқазан және өт ауруларына шалдыққандарға, №5 диета постгепатит, панкреатитпен ауыратындарға, №9 диета қант диабетіне шалдыққандарға арналған. Бізге келетіндердің басым бөлігі өт, асқазан ауруларына шалдыққан жандар. Сондықтан күнделікті ас мәзірі соған байланыс-ты жасалады. Мұндағы көкөністер химиялық қоспасыз, таза табиғи, жергілікті өнімдерден тамақ дайындауға тырысамыз. Аспазшылар да осы диетаға мамандандырылған жандар. Жаңа түскен өнімдерді ғана береміз». «Ақ Жайыққа» көбінесе батыс өңірден дем алушылар көп келеді. Менің бөлмелес серіктерім – ақтаулық Лариса мен Дана есімді мұғалімдер. Қос құрбы биыл жолдаманы бір уақытқа алып, емделуге, әрі дем алуға арнайы келіпті. Бірден тіл табысып кеттік. Процедураларға бірге барып, асханада бірге тамақтанып, бос уақытымызды бірге өткіздік. Сырласып, пікірлесіп жүрдік. Бір-бірімізді бұрыннан танитын адамдарша бауыр басқанымыз сонша, көп жылғы құрбылардай жақын тартып кеттік.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.
Көкшетау-Шымкент-Сарыағаш.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс