Жанға жігер берген Жеңіс туы

Биыл 5 ақпанда Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың бастамасымен Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Біз – Жеңістің мұрагеріміз» атты эстафета басталған болатын.
Таяуда Көкшетау қаласындағы №5510 әскери бөлімде жақсы үрдіс жалғасын тауып, әскери бөлімнің саптық алаңында тағылымды іс-шара болып өтті. Жиынға күштік құрылымның басшылары және ІІ Дүниежүзілік соғыстың ардагерлері, тың еңбеккерлері мен сарбаздар қатысты.
Іс-шара барысында Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор И.В.Панфилов басқарған дивизияның Жауынгерлік Туының көшірмесін Қостанай қаласындағы №6697 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Бауыржан Шораев Көкшетау қаласындағы №5510 әскери бөлімінің командирі, подполковник Асқар Файзулинге салтанатты жағдайда табыс етті.
Сөйтіп, Қостанайдан Көкшетауға жеткен бұл эстафетаның басты мақсаты – Отан үшін жанын пида еткен жауынгерлердің ерлігіне құрмет көрсету, есімдерін ел есінде сақтау, жастардың бойында отансүйгіштік, елжандылық, батырлық сияқты абзал қасиеттерді қалыптастыру. Жиында ІІ Дүниежүзілік соғыстың ардагері Әлімгерей Маженов сөз сөйледі. – Сұрапыл соғыс жылдары елі үшін жанын пида еткен қанша ержүрек жауынгер қан майдан даласынан оралмады. Олар келешек ұрпаққа бейбіт өмірді аманат етті. Бүгінгі ұрпақ осы өмірдің қадірін білуі керек. Соғыс өрті өршіп тұрған жылдары еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін ала таңнан еңбек даласынан табылып, қара жұмысқа жегілді. Олардың да осы Жеңіске қосқан үлесі өлшеусіз. Мұның барлығы ұрпақ санасынан ешқашан өшпеуі тиіс, – деді ардагер өз сөзінде.
Тақырыптық кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий