Жан жылуы мол Жылымды

Сырғалары сыңғыр-лаған аппақ арудай қайыңды шоқтар көмкерген Жылымды ауылы. Талай ұлт пен ұлысты бауырына басқан жылы ұя. Бір тілек, бірегей мақсат жолына бүкіл ел болып жұмылған уақытта бауырлас кеңес халықтарының интернационалдық достығы, туысқандығы ерекше танылғаны мәлім. Фашист басқыншыларының зұлымдығынан жапа шегіп, айдын көлінен айрылған қызғыш құстың кебін киген көңілі жаралы беларусь халқының бірталай отбасы соғыс уақытында осы Жылымды ауылынан пана тапты. Жау тепкісін көріп, азып-тозып келген бұл жандарды асырап сақтау үшін жергілікті халық өз дастарханындағы тағамын бөліске салған, сонда да қабақ шытып, қытымырлық танытуды білмеген күндер еді ол кез. Сондықтан да болар, сонау отты жылдары келген орыс, беларусь, неміс халқының бірталай ұл-қызы Жылымды ауылын қазір де өзінің көсегесін көгертіп, үрім-бұтағын аман сақтап қалған жылы ұя деп санайды. Алысқа қоныс аударғандар да сағынышпен, көздеріне жас ала есіне алып отырады. Тіпті, қан майданда ата-әкелері соғысып жатқан ұлттың өкілін де жатсынбай бауырына басып, туысқандай араласып кеткені сонша, күні бүгінге дейін хат-хабар алмасып, бір-біріне қонаққа барып жатады. Олар Жылымдыны туған жері – тұғыры санайды. Неміс ұлтының өкілдері ерлі-зайыпты Александр мен Ирма Эрт-ман, Иван мен Татьяна Матерн, Андрей мен Лида Эльцезер, Андрей мен Эльвира Люх, Бруно мен Гильда Боок, Эрнст Роот пен Ида Кейлер, Андрей пен Римма (Рена) Лейман, Эрих Маргерт жұбайымен, беларусь ұлтының өкілдері Иван мен Клава Черняк, Владимир мен Надежда Цвик, Федор Панковец, Ланцейвичтер, Мытниктер, Виктор мен Мина Цветковтар, қазақ азаматына тұрмысқа шыққан ұлты неміс Лиза апай, қазақ азаматымен көңіл қосқан Анюта Кумагер, татар ұлтының өкілдері Темірғали мен Қаят есімді азаматтар жылымдылықтардың есінде. Олардың бірі механизатор, бірі малшы, бірі сауыншы, бірі төл күтуші, бірі мектепте мұғалім болып еңбек етті. Жергілікті халықпен етене араласып кеткені сонша, қазақ тіліне судай болып, тіпті қазақтардың өзін жаңылдыратындай жаңылтпаштап, мақал-мәтелдеп сөйлейтін еді. Балаларының көпшілігі қазақ мектебінде, жоғары оқу орындарында білім алып, әр салада еңбек етті. Мысалы, Роза Эльцезер Жылымды сегізжылдық мектебін мақтау грамотасымен бітіріп, Қызылорда қыздар педагогикалық училищесін тәмамдап, ауылға келіп мұғалім болды. Абай атындағы педагогикалық институттың тарих факультетінің қазақ бөлімін сырттай бітіріп, бірнеше жыл Еленовка орта мектебінің қазақ кластарына тарих пәнінен сабақ берді. Ол ауылда клуб меңгерушісі Асылбек Сәтпаев құрған театрдың белсенді актрисасы атанып, бірнеше рольді сомдады. Сондай-ақ, неміс қызы Ида Кейлер қазақ 10 жылдығын бітіріп, Жылымды сегізжылдық мектебінде зейнетке шыққанға дейін балаларға неміс тілін үйретті. Кішіпейіл, мейірбан, қазақ қызына тән ибалылық пен инабатты бір бойына жинақтаған Ида отбасында жақсы келін атанды. Жұбайы Эрнстің анасымен бірге тұрды. Бүгінгі таңда ұлдары қазақ қыздарына үйленіп, солардан немере, шөбере сүйіп отыр. Бұл да болса қонақжай халықтың ортасында өскендігінің белгісі. Жылымдылық балаларға орыс тілінде сабақ берген Мария Галиевнаны да еске алмай кетуге болмайды. Жалғызбасты әйелге қамқорлық танытып, үйінің бір бұрышын бөліп берген қазақ отбасына ол кісі дән риза еді. Мария Галиевна өзі жайлы тіс жарып ештеңе айтпайтын. Сонау зұлматты жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, жұбайы итжеккенге жер аударылып, жалғыз ұлының аты-жөнін өзгертіп, туысқандарына тастап, өзінің қазақ ауылына қашып келгенін ауылдас-тары кейін білді. Мейірімді жүзді, ақсары өңді, биязы жанды оқушылар да, мұғалімдер де сыйлады. Ауылдастары құрмет тұт-ты. Көзі жұмылғанша қазақ ауылында тұрған жанды мұсылманша арулап, жергілікті зиратқа қойды.
Жылымды ауылына қоныс тепкендердің бірі – Эртман Финя шешей де көпбалалы болатын. Шиеттей жас балаларды бағып-қағуына жергілікті қазақтардың көп көмегі тиді. Олармен азын-аулақ тамақтарымен бөлісіп, балаларына артық киімдерін беріп, көмектесіп отырды. Сол жақсылықты ұмытпай, үнемі айтып жүретін дейді көз көргендер. Отағасы Эртман Егор атай болса, трактор-егіс бригадасының бригадирі болды. Одан кейін ол жұмысты ұлы Давид атқарды. Әсіресе, ерлі-зайыпты Эртмандар еңбекқор жандар ретінде жылымдылықтардың есінде қалды. Ирма анасы құрметті еңбек демалысына шығысымен бұзау күтушілікті қолына алды. Жұбайы Александр екеуі екі айлық бұзауларды бақты. Малсақ жандардың қолындағы төлдер өте семіз болатын. Олардың бәрін шығынсыз өсіріп шығаратын. Тіпті, ауруға шалдыққан бұзауларды өздері емдеудің де тәсілін меңгерді. Сондықтан, оларды жылымдылықтар «ерлі-зайыпты мал дәрігерлері» атандырды. Олар еңбек озаттары ретінде сол кездегі социалистік жарыстың көшін бастап тұратын. Бірнеше рет жергілікті кеңестің депутаты болып сайланып, мерекелік медальдармен, «Коммунистік еңбектің екпіндісі» белгісімен марапатталды. Осылайша Эртмандардың екінші толқыны да өзінің еңбексүйгіштігімен ортасына сыйлы болды. Қазақ тілінде еркін сөйледі. Балалары да қазақша сөйлейтін.
Жылымды ауылына келіп, жергілікті халықпен етене араласып кеткен Владимир (ауызекі тілде Володя) мен Надежда Цвик еді. Жетім өскен Надежда Белоруссияның Тупенка селосында жанашыр көршісі Тимофей атайдың қолында тұрды. Соғыс басталып, зұлым жау деревняларды түгел өртеп, жергілікті тұрғындарды аяусыз атып, асқан кездерін көзімен көрді. Ауылдастарымен бірге орман ішін паналап, аман қалды. Тың игеру жылдары бауырына басқан төрт айлық сәбилері бар Владимир мен Надежда Қазақстанға өздері сұранып келді. Олар да Жылымды ауылына қоныстанып, жергілікті мейірбан халықтың ықылас-пейілін көріп, осында тұрақтап қалды. Жұбайы малшы, өзі сауыншы болып еңбек етті. Еңбексүйгіш Надежда бірнеше мәрте аудандық кеңестің депутаттығына сайланды. Цвиктер отбасы үлгілі, өнегелі, шетінен еңбекқор жандар ретінде ауылдастарының есінде қалды. Жылымдыдай жылы ұяны паналаған Анна Лейман көп жыл колхоздың сиыр фермасында бұзау бақты. Еңбек десе ерінбейтін Анна сауыншылық жұмысты қоса атқарды. Балаларын да еңбекке баулыды. Ұлы Андрей ауылдың маңдай алды механизаторы болса, келіні Римма (жергілікті халық Рена атандырған) сауыншы болып еңбек етті.
Ал, жылымдылық-тардың ерекше құрметіне ие болған неміс азаматы, қазақ тілін өзінің тілінен артық білген Андрей Люх жайлы әңгіме бөлек. Андрей осы жердің тумалары үшін жүзі басқа болғанмен жүрегі бір соғатын бауырласы есепті. Ел-жұртына қылығымен, қызметімен жаққан осы бір жібектей есілген қыз мінезді жігітті жылымдылықтар тегіс сыйлады, жақсы көрді. Ата-анасы соғыс кезінде Саратов өңірінен қоныс аударыпты. Андрей Жылымдыда дүниеге келді. Қазақ балаларымен бірге өсіп, сегізжылдық мектепті қазақ тілінде бітірді. Еңбек жолын мал фермасында бастаған ол сол уақытта аудандағы жалғыз сауыншы жігіт атанды. Тұстастарының алды атанған Андрей бес жыл бойы осы салада еңбек етіп, талай мадаққа ие болды. Тіпті, жолдамамен Мәскеу, Ленинград, Рига сияқты батыр қалаларды аралап қайтты. Ол өзі сияқты жас-тардан құралған жергілікті көркемөнерпаздардың қатарында ән шырқап, спектакльдерде ойнап жүрді. Одан кейін кооператив техникумын сырттай оқып, Жылымды ауылында сатушы болып жұмысын жалғастырды. Андрейдің дүкені көрші ауылдарға аңыздай тарады. Себебі, тауардың түр-түрі самсап тұратындығымен ерек-
шеленді. Жылымдылықтардың талай тапсырысын орындап, қажетті тұрмыстық заттарын алып беруімен ерекшеленді. Мұның бәрі Андрейдің жоғарыдағы басшылармен тіл табыса білуінің арқасында жүзеге асты. Оның дүкені ауыл балаларының сүйікті орны еді. Ал, келіншектердің әңгіме шертетін жері болатын. Андрей Богданұлы «Кеңестер Одағының үздік сатушысы» төсбелгісіне ие болып, талай мәрте социалистік жарыстың жеңімпазы атанды. Оның өмірлік жары Эльвира басы ауырып, балтыры сыздағандарды демеп, күн демей, түн демей ауылдастарын емдеген нағыз ауыл дәрігері еді. Са-уатты маманның көмегіне жүгінбейтін жан аз болатын. Үй-үйді аралап, қажетті ем-домын жасап, талайды дертінен айықтырған жан жайлы жылымдылықтар аузынан тастамай айтып отырады. Андрей мен Эльвира заман ағымына сай Германияға қоныс аударды. Бірақ Жылымдыға жыл аралатпай келіп тұрады. Әлі күнге дейін достарымен қазақ тілінде сөйлесетін Андрейді сағынып жүргендер көп. Оның есте қалған қылықтары мен қызықтары талай шығармаға арқау боларлық. Қазақ тілін еркін меңгерген Иван Матерн, Гильда Боок, Владимир Цвик, Карл Эрт-ман сияқты азаматтардың құрметіне қалайша риза болмассың! Жылымдылық еңбек адамдары жайлы сол кездегі облыстық «Көкшетау правдасы» мен аудандық «За коммунизм» газеттеріне талмай жазған ауыл кітапханашысы Ләтипа Әбуова. Жоғарыда айтылған естеліктер де сол кісінің жазбаларынан алынды.
Тағдырдың талайымен қазақ ауылына қоныстанған бірнеше ұлттың өкілі осылайша жергілікті халықпен туысқандай болып араласып кетті. Қойы қоралас, малы аралас заман еді. Ұлтқа бөліну дегенді білмей, көршісінің ашық тұрған есігіне еркін кіріп, төріне озып, дастарханынан дәм тата алатын тұс кімнің есінен шығар дейсің. Балалары бірінің үйіне бірі қонып, бірінің тілін бірі үйреніп, ересектер өзгенің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жатсынбай, діни мейрамдарын бірге тойлап, арқа-жарқа күн кешкен заман алыстап кетсе де, санада сағынышқа толы естеліктерімен жаңғырып тұрады. Бұл мақала да жан жылуы мол Жылымдының жайсаң жандарын еске алу мақсатымен жазылған еді. Оның үлгі алар тұстарын оқырман өзі саралай жатар.

Гәкку Асылбекқызы

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий