Жан қалауы – жақсылық жасау еді…

Жаныңда жүрген жолдасың, әріптесің, жете білетін замандасың өмірден озса, көңілің құлазып, ойға бөгесің… Өзіңнің де Жаратқаннан хабар келген күні аттана барарың кәдік. Ешқашан таусылмастай мына дүниенің қызығымен алас-қапас аптығып жүріп, ғұмыр-керуеннің қамшының сабындай-ақ екенін тағы естен шығарып алғандай боласың. Сөйтесің де қайтпас сапарға сенен бұрын жөнелген жолдасыңның өткен жолына, барындағы мінез-құлқы мен болмысын еске түсіресің. Өзіңнің не істеп, не қойып жүргеніңді саралайсың.

Әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік университетінің журналис-тика факультетін бітірген Дәуренбек Ақбекұлы кәсібін қадірледі. Өзі таңдаған мамандығы мойнына қандай жүк артса да көтере алды. Әр жұмыстың сырт көзге көрінбес ішкі ұсақ-түйегі, қыр-сыры болады. Журналистер өзгелерге жатса-тұрса жаңалық іздеп, жазудан көз жазбайтын жандар болып көрінеді. Ал, осы мамандықтың – газетшілердің «жауапты хатшы» деген бір жұмысы бар. Аса жауапты, ортаңқол билігі бар қызмет. Редакциядағы редактордан, оның орынбасарынан кейінгі үшінші басшы. Алайда, сол тәп-тәуір қызметтен қалам ұстағандардың дені азар да безер болып, ат-тондарын ала қашады. Одан да, тапқан дерегін жазып, жауапты хатшыға өткізе салып, жүре бергенді жақсы көреді. Табиғатында ешкімге сөз қайтарып, «жоқ» деуді білмейтін Дәукең сол «мамандық ішіндегі мамандықты» мінезінен тапты ма екен деймін. Әйтеуір, ұзақ еңбек жолында жауапты хатшының қызметін көп атқарды. Әріптестері әзілдеп «жаухатшы» деп те атайтын бұл қызметтің мазасыз екендігі рас: газеттің кезекті нөмірін жоспарлайды, макетін сызады, алдағы даталы күндерге байланысты мақалаларды ескереді, журналистердің жазғандарының дер кезінде тапсырылуын қадағалайды, тақырыптардың, арнаулы беттердің, рубрикалардың алма-кезек көрініп тұруын ұйымдастырады, әр нөмірдің жарыққа шығу процесін басынан аяғына дейін қадағалайды, қаламақы қояды… не керек, жұмысы бастан асады.
Қатардағы журналист анда-санда болса, нөмір сайын кезекші. Ерте келеді, кеш кетеді. Бір ғажабы, қайран ағамыз сол қыруар жұмыстың бәрін ойнап-күліп жүріп атқаратын. Ешкімнің көңіліне қаяу түсірмейтін. «Шаршадым» да демейтін. Марқұм Мәтен ағамыз: «Осы бүгін Дәуренбектен бұрын келейінші деп ерте келсем, редакция-да Дәуренбек жүреді», – деп ризашылықпен айтып отыратын. Әрине, тілші де, бөлім меңгерушісі де, бас редактордың орынбасары да болып қызмет істеді ғой. Бірақ, осы салада тапшы мамандық – жауапты хатшылықты ол жете меңгерген, озық маман болатын. Сондықтан да аудан, қаланың талай жаңа шыға бастаған газеттеріне қолғабыс берген-ді. Өзіміз оны журналистиканың бұлтарыс-қалтарысын жетік білетіні, осы мамандыққа сіңірген адал тері үшін ерекше құрметтейтінбіз. Кәсібіне адал боп өтті. Университетті бітіріп журналистикаға келсе, зейнеткерлікке журналистикадан шықты. Әттең, зейнеткерліктің қызығын көріп, дем алып ұзақ жүрген жоқ. Өмір өкінішсіз болар ма…
Ал, мінезіндегі бөліп айтар ерекше бір қасиеті жұртқа жақсылық жасау болатын. Танысын-танымасын жөн сұраған, әлденеге көмек сұраған адамға алаңсыз, ынта-шынтасымен көмектесетін. Журналистің бір байлығы – тамыр-танысы емес пе? Өз қолынан келмесе әлдекімдерге қоңырау шалып, әзілін араластырып: «Мына брат ауылдан келіп еді, көмектесіп жіберші! Біз де қарап қалмаспыз, жақсылығыңды бір қайтарармыз!» – деп қиылатын. Көбіне, ақкөңіл Дәукеңнің өтінішін ешкім жерде қалдырмайды. Сол сұрастырып жатқаны өзінде жоқ нәрселер болып келеді. Бірақ, бұ кісі өзіне сұрамайды. Журналистикасы өз алдына, сатиралық дүниелер, әзіл-оспақтар, қағытпалар жазушы еді. Соларын бір жинақ қып, жарқ еткізіп шығарғанын көрмедік қой.
Өз кәсібін қадірлеп, отымен кіріп, күлімен шығып, бүкіл уақытын, денсаулығын соған арнаса да, өмірдегі екінші алаңы, өзі мойнына артқан міндеті жұртқа жақсылық жасау, жасығанды қайрау, мұқалғанды демеу болатын. Немерелі болғандағы алабөтен қуанып жүргені көз алдымызда. Жасы үлкен болса да сырымызды айтар досымыз, ой бөлісер әріптесіміз, жөн сілтер ағамыз болды. Шуақты күндей жадырап жүрер Дәукең мына өмірдің мағына-мазмұнын анық аңғара біліпті-ау. Ана дүниеге кім, не алып кетіп жатыр. Артына «жақсы» деген сөз қалдыру екінің бірінің қолынан келе бермейді екен. Сол Дәуренбек Шөрентаев ағамыздың қолынан келіпті. Еске алсақ тек қана жақсылығын, жүрегінің кеңдігін, мейірімділігін, ешкімнің жүрегін жараламас әзіл-қалжыңын еске аламыз. Жаны жәннатта болғай, жақсы ағаның!

Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс