Жарасымды әзіл, мазмұнды әңгіме

 Жылма-жыл қыс аяғын жиып, жер кеңи «Достар» мәдениет сарайында «Көкшетауға көктем келді!» атты әзіл-оспағы, сын-сықағы, әдемі әні, мәністі уәжі, әсем биі елең еткізер «Көкшетауға көктем келді!» атты ток-шоу өтетін. Бұл шараның тұрақты көрермені бар. Көкшеліктердің көңілінен шығып келе жатқан осы ток-шоуды биыл да қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен «Қазақстан» РТРК АҚ облыстық филиалы бірігіп ұсынды.

Ток-шоудың ежелгі кейіпкерлері ауылдың ақкөңілді, аңқаулау шалы мен кемпірі. Берекелі дастарханы қай қонаққа болмасын жаюлы. Тек қонағы келісті әңгіме айтып, зілсіз әзіл-қалжыңға араласып отырса болғаны. Қара шаңырақтың бәйбішесін бұрын жергілікті
театрда қызмет істеп, көрерменнің ыстық ілтипатына ие болған, қазір Астанадағы «Ғасыр» театрының актрисасы Гүлмира Жакилина, ақсақалды Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының актері Асылбек Тәшімов сомдады. Осы орайда Гүлмираның дәл осы образды көп жылдар бойы ойнап, көрерменін қыран-топан күлкіге қарық қылып келе жатқанын айта кету ләзім. Ал, белгілі режиссер Әсем Ыбыраева ток-шоудың тұрақты режиссері десе болар, ең басынан өзі сахналап келе жатыр. Еңбегі зор. Бұл жолғы «Көкшетауға көктем келді!» бұрынғыларынан өзгеше өтті. Өйткені, ұйымдастырушылар алдарына Елбасының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы идеяларды кеңінен насихаттауды мақсат еткен. Әзіл айтылып, ән-күй тыңдалу бәз қалпында өрбігенмен кеш қонақтарының әңгімесі салмақты, салауатты болды. Мысалы, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев үлкенді сыйлау, ардагерлерді ардақтау, олардың ақыл-кеңестерін жастардың тыңдауының маңызы туралы молынан айтса, Мұрат қажы Ыдырысұлы Наурыз тойын тойлаудың дәстүрі, ата дініміздің тереңдігі, Науан Хазіреттің өмір жолы, атқарған ісі, өзінің шығарып жүрген кітаптарының мазмұн-мақсаты туралы баяндады. Сондай-ақ, сахнаға көтерілген Қаратай Бәйкенов латын әліпбиіне көшудің маңызы, палуан Нұрлан Жамалов ұлттық күресімізді дамытудың жолдары туралы тартымды әңгімелер айтты. Кештің басқа қонақтары да ұлттық тәрбие, ұлттық өнердің дамуы жөнінен сыр шертісті.

Тағы бір өзгешелігі жаңа орындаушылар, жаңа концерттік нөмірлердің ұсынылып, олардың жарқын шығуы болды. Екі сағаттан астам уақыт жүрген ток-шоу көрерменіне сәт сайын жаңалық сыйлап, ширақ өтті.

Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий