Жарасым тапқан жолайрық

Көкшетауда соңғы жылдары көлік саны арта түсті. Орталық көшелерде кептелістер де пайда болды. Соның салдарынан, әсіресе, түскі және кешкі уақыттарда діттеген жеріне асыққан жолаушыларға да, жүргізушілерге де уақытты ұту мүмкін болмай қалған еді.Оның шешімі жаңа жолайрықтардың салынуымен бірден шешілді. Құрылысы жазда басталып, қоңыр күзде аяқталған жоба көкшетаулықтардың көңілінен шықты. Бірнеше ай бойы астан-кестеңі шығып, қоғамдық көліктер басқа көшеге ауыстырылғанда да тыныштық сақтап, шыдаммен күтті. Себебі осы шаруалардың бәрі халыққа қолайлы болсын деген ниетпен жасалып жатқанын түсінді. Осылайша Әуезов пен Горький көшесінің қиылысында қосалқы жол салынып, жаңа жолайрықтар пайда болды. Алдымен екі бағыттағы жолдың коммуникация желілері жаңартылды, бағдаршамдар ауыстырылып, жаңа жол белгілері пайда болды. Бұрылыстардың бір ыңғайлы тұсы – бұрынғыдай алдыңда тұрған көліктерді күтпей, бағдаршамның жасыл түсіне қарамай, бірақ өзің бұрылатын бағытта келе жатқан көліктерді сәл күтіп, әрі қарай жүрісіңді жалғастыра бересің. Жүргізушілерге бұл өте тиімді болды. Жаяу жүргіншілердің де жағдайы ескерілді. Олардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында арнайы белгілер қойылып, қоршаулар жасалды. Енді жолдан өтіп бара жатқан жаяу жүргіншілер темір қоршаулардың арасында, қауіпсіз жерде жасыл түстің жануын күтіп тұрады. Балалар үшін де қолайлы. Ата-анасының қолынан сытылып шығып кететін жағдайларда жаңағы шағын шарбақтар қалқан бола алады. Жергілікті әкімдіктің қатаң назарында ұсталған жоба жарасымды жолайрыққа айналып, қаланың тағы бір шешімін күткен сауалына жауап берді. Енді дәл осындай қосалқы бұрылыстар Абай мен Горький, Сәкен Жүнісов пен Горький көшелерінің қиылысында пайда болады деп жоспарлануда.

Г. Бәйішева.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий