Жарнамаға бәріміз де жауаптымыз

Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» Заңына сәйкес сыртқы жарнамалардың айна-қатесіз дұрыс жазылуына, орналастыру тәртібіне Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері тарапынан қатаң көңіл бөлінуде. Жұртшылықты алаңдатып отырған өзекті бұл мәселеге қала тұрғындарымен бірге қоғамдық ұйымдар өкілдері де белсене атсалысуда.

Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21 бабында: жарнамалар мемлекеттік тілде – сол жағына немесе жоғары жағына, орыс тілінде – оң жағына немесе төменгі жағына орналастырылып, бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады. Бланкілер, маңдайшалар, хабарландырулар, прейс-куранттар, баға көрсеткіштері, басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік және орыс тілінде бірдей беріледі. Ал, қажет болған жағдайда басқа тілдерде жазылуы мүмкін. Алайда, өкінішке орай Көкшетау қаласындағы бірқатар коммерциялық құрылымдардың басшылары мен кәсіпкерлер жарнамаға қатысты осы заңдылық талаптарды орындауда немқұрайлық танытуда. Олай дейтініміз, қала мекемелерінде тек қана орыс тілінде жазылған сыртқы көрнекі ақпараттар, жарнамалар жиі кездеседі. Осы орайда Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері ағымдағы жылғы сәуір айында Абай, Ш.Уәлиханов, М.Горький, Е.Әуелбеков, М.Әуезов, Кенесары көшелеріндегі жекеменшік нысандарында орналасқан ақпараттар бойынша мониторинг жүргізді. Ондағы байқалған басты кемшіліктер: ақпараттың тағы да қайталап айтамыз тек орыс тілінде жазылуы немесе аудармасының сәйкеспеуі, грамматикалық және стилистикалық қателердің көптігі. Мемлекеттік тілдегі мәтіндерде әріптердің түсіп қалуы, т.т. Жекеменшік нысандар басшыларына келешекте мұндай өрескел олқылықтарға жол бермеу үшін заңдылық талаптарды қатаң сақтауды ескертеміз. Кез-келген нысанның маңдайшасы мен жарнама мәтіндерін мемлекеттік тілде жазу, әрбір азаматтың төл міндеті емес пе?
«Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесі сыртқы көрнекі ақпараттар (жарнама, маңдайша және т.б.) эскиз мәтіндері бойынша жеке кәсіпкерлерге тегін түрде кеңес береді. Және де қателікке жол бермеу үшін біздің бөліммен алдын ала келісуді ескертеді. Біздің мекенжайымыз: Көкшетау қаласы, Т.Сүлейменов көшесі, 10, «Достар» мәдениет сарайы, 32 кабинет тел/факс: 42-67-38, электронды пошта kulturakokshe@mail.ru.

Назгүл Бәкірова,
Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс