Жарты жылдық ойдағыдай қорытындыланды

Көкшетау қалалық мәсли-хатының кезекті 22-ші сессиясы болып, онда қала әкімі Ермек Маржықпаевтың 2018 жылдың бірінші жартысында өзіне жүктелген міндеттерді орындауы жөніндегі есебі және мемлекеттік қажеттілік үшін жер телімдерін сатып алуға жасалған келісімшарттар жобаларын қарайтын комиссия құру, мәслихаттың тұрақты комиссияларын, тұрғын үй-коммуналдық комиссиясының дербес мүшелерін толықтыру, бюджеттік комиссия шешімдеріне өзгерістер енгізу сияқты маңызды мәселелер қаралды.

Сессия алдында депуттат сағаты өтіп, онда Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы Е.Исімбаев хабарлама жасап, халық қалаулылары сессияға ұсынылған мәселелерді жан-жақты саралап, пікір алмасып құжаттардың кем-кетігін толықтырып, пысықтап алды. Ол мәселелердің не мақсатпен сессияның күн тәртібіне енгізіліп отырғандығы, мән-жайы ортаға салынды. Бұл кезекті сессия жұмыс сапасына оң әсер етті.
Депутат Р.Қалышевтың төрағалығымен басталған сессияда алғаш сөз кезегі Көкшетау қаласының әкімі Е.Маржықпаевқа берілді. Қала басшысы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындау мақсатында шаһар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ең бастысы, үстіміздегі жылдың жарты жылында қала негізгі көрсеткіштер бойынша жоспарды орындап шықты. Бұрыннан келе жатқан «Көкшетау минводы»,
«КамазИнжиниринг», «ЕНКИ» сияқты танымал кәсіпорындар қатарына «Көкше Май», «Көкше Престиж Бидай», «Ветер Инвест Көкшетау» сияқты серпінді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер қосылды. Ендігі мақсат осындай өндіріс орындарының екпінін бәсеңсітпеуі. Елбасы тапсырмасына сәйкес шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіліп, қолайлы жағдай туғызыла бермек. Жол жөндеу, асфальттау, аулаларға ойын, спорт алаңдарын ашу, қаланы абаттандыру мен жарықтандыру да жалғасын таппақ. Құрылыс жұмыстары күн өткен сайын дамып, тұрғын үйлер-пәтерлер салу жоспары көңіл қуантарлықтай болып отыр. Әсіресе, мектепке дейінгі тәрбиелеу орындарын салуға баса көңіл бөлінуде. Аллеялар, саябақтар ашу да жалғасады. Биылғы жауынды жаз егілген көшеттердің біразының өспей қалуы тек суаруға байланыс-ты емес екенін тағы бір дәлелдеді. Демек, егілер көшеттердің сапасын мұқият тексеруіміз керек. Еккен талдардың бірқатарының сарғайып кетуінің себебі сол екен. Пәтер иелері коперативтері жұмыстарын жолға қою міндет. «Дон», «Ақбас», «Достық» деп аталатын ұжымдар жақсы жұмыс жасап келеді. Сондай істерін үйлестіріп кеткен ұжымдардың тәжірибелерін таратуымыз керек. Қылшақты өзені үстінен салынатын көпірлер де тұрғындардың жүріс-тұрысын жеңілдете түспек.
Қала бойынша атқарылып жатқан шаралар баршылық. Бүгінгі таңда М.Горький мен М.Әуезов көшелері қиылысына қосымша бұрылу жолын салу шұғыл жүріп жатыр. Кемдікүн жүруге қолайсыз болып тұрғанмен, кейін оның көлік қозғалысын жеңілдетуге көп септігі тимек. Ал, автокөліктердің көбейе берері даусыз.
Осындай нақты мысалдарға негізделген есебінің соңында Е.Маржықпаев қаланың саяси-әлеуметтік дамуына белсенді атсалысып келе жатқан депутаттарға алғысын жеткізді.
Одан кейін мінберге депутат Ж.Әбішев көтеріліп, қала басшысының баяндамасына оң пікір айтты. Осы пікірді барлық депутаттар бір ауыздан қолдап, қала әкімінің 2018 жылдың бірінші жарты жылдығында атқарған ісіне жоғары баға берді.
Сессия күн тәртібіне қойылған барлық мәселерді қарастырып, бекітті.

С.Жетпісқалиев.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий