Жарқыра, Қазақстан! Жарқыра, туған ел! 

Көкшетаудағы Президенттік  шырша мерекесі

Еліміз бойынша бір уақытта 2018 жылдың 24 желтоқсанында сағат 11.00-де Қазақстан Республикасы Президенті атынан балалардың жаңажылдық шыршасы басталды. Биылғы жаңажылдық шырша: «Жарқыра, Қазақстан! Жарқыра, туған ел!» деген тақырыппен өтті.

Ақмола облысында Президент атынан ұйымдастырылған балалардың жаңажылдық шырша мерекесі «Меруерт» мейрамханасында өткізілді. Балаларды Аяз ата мен Ақшақар, Алдар көсе мен Самұрық құс қатысқан ертегі кейіпкерлері қуантты. Түрлі-түсті карнавалдық костюмдер көздің жауын алып, мерекені шырайландырды. Жалпы, 17 аудан мен Көкшетау, Степногорск қалаларынан, балалар үйлерінен, дарынды балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернаттарынан, жасөспірімдерді оңалту мен әлеуметтік бейімдеу орталығынан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедек балалар, оқу үздіктері, жалпы алғанда 200-ден астам бала ғажайыптар мен тосын сыйларға толы мейрамға арналған шараның куәсі болды. Жаңа жылды мерекелеуді бір күн бұрын бастап кеткен олар Көкшетаудағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайына экскурсияға барып, Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрындағы «Көк жебенің саяхаты» спектаклін тамашалаған еді.

Ал, «Меруерт» мейрамханасына жиналған балаларды алдымен Мемлекет басшысы Н.Назарбаев бейнекөрсетілім арқылы келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, еліміздің болашағы балаларға бақыт, табыс, шаттық тіледі. Президент шыршасында ертегі кейіпкерлері түрлі қызықты қойылымдарын көрсетіп, ойындар ойнатты. Балаларды мерекемен құттықтаған облыс әкімі Мәлік Мырзалин сый-сыяпаттарын табыс етті. Өңір басшысы: «Жаңа жыл бәріміз асыға күтетін, армандар орындалып, тосын сәттер көп болатын мейрам. Бүгінгі мерекені сіздерге Елбасы сыйлап отыр. Мемлекет басшысы күні ертеңдері сендер ақылды, күшті болып ержетіп, елге қызмет  ететіндеріңе сенімді. Ал, біз болсақ өз тарапымыздан қолымыздан келген барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Қазірдің өзінде облыс бойынша заманауи балабақшалар, мектептер, спорттық кешендер, инновациялық орталықтар салынып жатыр. Жаңа жылда сіздерге тек қана табыс, жаңа белестерді бағындырар тың күш пен жігер тілеймін», – деді. Облыс әкімі шыршаны айнала ән салып, би билеген балғындармен бірге бір сәт балалық шаққа саяхат жасады. Дастархан басына жайғасқан балалар тәтті тағамдардан дәм татты.

Г.Бәйішева. 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий