Жасай бер, мәңгі жас қала, Арайлы, асқақ Астана!

Бүгінгі толқынның келер ұрпақтан бір артықшылығы – қазіргі замандастар жаңа астананы салудың, жаңа қаланы қалыптастырудың куәсі болдық. Ұлы далада Қазақ елінің байтақ Астанасын тұрғызуға барша қазақстандық үлес қостық. Тәуелсіз елдің өз астанасын салудың тұтас шежіресін жаздық. Алайда, Астананы құруға ерекше үлес жасап, басқалардан көбірек күш сарқығандар да баршылық. Солардың бірегейі – жапон сәулетшісі Кисе Курокава.

1998 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа астананы салу жобасы бо-йынша әлемдік архитекторлар арасында халықаралық байқау жариялаған еді. Сол байқаудың жеңімпазы атанған Кисе Курокава: «Қазақ елі – көшпелілер рухын сақтаған халық. Бұл елдің астанасын тұрғызу маған сол үшін де қызық» деген екен. Айта кетерлігі, Астананың бас жоспарына арналған халықаралық байқауға әлемдік сәулет өнерінің шеберлері ұсынған жүздеген жобалар сараптаудан өткізілген. Әйгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокаваның жобасын Елбасы өзі таңдаған. Мемлекет басшысы не үшін жапон сәулетшісінің жобасын үздік, мықты жоба деп таныды?

Жапон сәулетшісі ұсынған концепция бойынша қала жобасы тек сәулет өнерін ғана дамытып қоймай, мегаполистің табиғатпен үндесетін байлықтарын қатар жетілдіру жолдарын қарастырған еді. Яғни, шаһардың құрылысы мен қоршаған ортаны қатар дамытып, бұл үшін қала маңын көгалдандыру, жасыл желекті ұлғайту, ауаның таза болуына жағдай жасау қаперде болуы тиіс. Міне, дәл осы мәселеге Елбасы аса қатты мән берген екен. Осылайша, Мемлекет басшысының шешімімен Елорданың бас жоспарын жасау құқығын Кисе Курокава иеленді. Ол жоба жұмысымен екі жыл айналысып, 2001 жылы 15 тамызда құжатты Үкімет қабылдады.

Бір қызығы жапон сәулетшісімен бірге үздіктер қатарында танылған жобалар бойынша Есіл өзенінің екі жағалауына зәулім ғимараттар, үйлер тұрғызылуы тиіс болыпты. Алайда, Кисе Курокава бұған үзілді-кесілді қарсы болып: «Есіл Сарыарқа өңірінің негізі қан тамыры іспеттес, оны неге басты нысанға алып отырсыздар? Бұл жоба қабылданса 2-3 жылда өзенді құртып тынады» деген пікір айтқан екен. Сосын жапон сәулетшісі қаланы кеңірек қанат жайдырып, таза ауа мен жасыл белдеуге назар аударуы тиістігін құптаған. Бұл идея да Елбасының ұстанымымен сай келген болатын. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылдың қыркүйегінде Астана қаласының жасыл белдеуін құру туралы шешім қабылдаған болатын. Соның ішінде бірінші кезеңде 1998 жылдан бастап 2004 жылдар аралығында Астана қаласының шегінде орналасқан астананың жасыл белдеуін құру жасыл ағаш екпелерді ықтырмааралық кеңістіктерді сақтай отырып орман алқабы етіп отырғызу жолымен жүргізілді. Осы уақытта бірінші кезеңнің жұмысы толығымен аяқталды. Астананың жасыл белдеуінің жалпы ауданы 14 827 гектарды құрайды, соның ішінде 9,6 млн. ағаштар және 1,8 млн. шамалас бұталар өсіп-өніп жатқан 11 502,2 гектарды ағаш екпелер алып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Астана қаласының ауданында үздіксіз жасанды жасыл белдеуді құру және оны Щучье-Бурабай шипажай аймағының табиғи белдеулерімен қосу жоспарда бар. Ал, бас қалада жасыл көшеттердің қазіргі алаңы 2030 жылға дейін 36335 га құрап, елорданың жалпы аумағының 51 пайызына тең болмақ.

Дайындаған Ә.ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий