Жасампаздыққа толы жылдар

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті. Президент Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында Елбасының көшбасшылығымен барлық қиындықтан өткенін, қуатты мемлекеттің іргесін қалағанын, енді егемендіктің төртінші онжылдығына қадам басқанын, бұл еліміз үшін аса маңызды кезең екенін атап өтті. Мемлекет басшысы ел тарихындағы елеулі мереке кезінде құр даңғаза мен ысырапшылдыққа жол беруге болмайтынын, әрбір шараны елге пайдасы тиетін нақты істерге ұластыру қажет екенін баса айтты. Экономика, әлеуметтік сала, білім, ғылым және басқа да бағыттар бойынша тың жобалар қолға алынатынына тоқталды. Президент 2025 жылға дейін бес триллион теңгеге бағаланатын мемлекеттік активтерді жекешелендіру арқылы кәсіпкерлік саласының әлеуетін айтарлықтай арттыра алатынымызды атап өтті. «Халықтық IPO» бағдарламасын жаңғырта отырып әрбір қазақстандықтың ұлттық байлығымыздың бір бөлігіне ие болуына және отандық экономиканың көшбасшыларын дамытуға өз үлесін қосуына мүмкіндік жасаймыз. Мемлекет басшысы адам капиталының сапасын арттыру біз жүргізіп отырған саясаттың негізгі бөлігі екенін жеткізді. Айтулы мереке кезінде атқарылатын шаралардың дені жастарға арналуы – Президент қойған басты талаптың бірі. Себебі елде не жасалса да, бәрі болашақ ұрпақ үшін жасалуы тиіс. Қазір жастар саясатына қатысты заңдарға қажетті түзетулер енгізілуде. Енді жергілікті мемлекеттік органдарды бағалау көрсеткішіне «Жастардың даму индексі» қосылады. Бұл осы бағыттағы шаралардың тиімділігін арттырады. Президент жастар саясатына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас ұлттық жоба әзірлеген жөн екенін атап өтті. «Таланттар фабрикасы» іспетті бұл орталық еліміздің барлық өңірлеріндегі дарынды жастардың кәсіби мамандардан білім алып, олардың шеберлік сағаттарына қатысуға жол ашады. Сонымен қатар, Astana Hub технопаркінің базасында бірыңғай краудфандинг тұғырнамасын жасаудың мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың еңбегін насихаттау аса маңызды жұмыстың бірі. – Биылғы мерейлі жылға бірнеше атаулы дата тұспа-тұс келіп отыр. Жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, күш атасы Қажымұқанның – 150 жылдығы, тағы басқа бірнеше тарихи тұлғаның мерейтойы. Біз былтыр Абай мен Әл-Фарабидің мерейтойларын өте мағыналы өткіздік. Олардың тұлғалық келбеті мен өмір жолы, еңбектері халыққа үлкен ой салды. Бұл тәжірибені алдағы уақытта да ұстанған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ, биыл Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толып отыр. Президент қазақ тілін меңгеру біртұтас ұлт болу жолындағы айрықша маңызды қадам деп бағалады. Сондықтан тіл үйренуге талпынған отандастарымызды бәріміз қолдауға шақырды. Мемлекет басшысы елдегі көрікті жерлердің жыл өткен сайын жұтаңданып бара жатқанына алаңдап, «Таза табиғат» жобасын жүзеге асыруды ұсынды. 30 жылдық белестің мәнін халыққа түсіндіру, ақпараттық жұмысты дұрыс жүргізу де маңызды бағыттың бірі. Тәуелсіздік мерекесінің тұжырымдамасы «Жасампаздыққа толы жылдар» деп аталады. Сондықтан жасампаздық идеясы кеңінен дәріптелуі қажет.

Akorda.kz.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий