Жастардың жарқын ойыны

Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры Андрей Курейчиктің «Ее.Еріккендер ермегі» атты фантастикалық комедиясын сахналады. Соңғы уақытта әртүрлі эксперименттерге батыл қадам жасап, репертуарын жанрлық тұрғыда дамыта түскен театрдың бұл жолғы тағы бір табысы қойылымға ылғи жас актерлердің қатыстырылуы болды. Ал, олар сенімді ақтады. Көрермендер жастардың жарқын ойынының куәсі болды. «Ее-нің қоюшы режиссері Фархатбек Қанафин, суретшісі Ирина Лунга, биін қойған Сания Ташимова.

…Оқырман аңғарып үлгергендей қо-йылым жеңіл, ойнақы, күлдіргі. Декорация да қызылды-жасылды. Әуен, тіпті жетегіне алып, желіктіре түсетіндей. Киім де солай. Алайда, тақырып жеңіл емес, аса күрделі. Шолжаң мінез, ерке қылық, серпінді қимыл үстінде жас актерлер бүгінгі таңдағы өліп-өшіп, құмарта ғашық болып үйленіп алып, көп кешікпей бір-бірін түсінбей, тығырыққа тіреліп жататынын әшкерелейді. Өз қаламызда да соңғы бірнеше жылдар бойы үйленген әрбір жүз отбасының бір жылға жетпей айырылып жататыны еске түседі. Неге? Себеп не? Қойылым осы сұрақтарға жауап іздейді. Демек, «Өмір айнасы» аталатын театр сіз бен бізді, желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақты пікір алмасуға, диалогқа шақырып отыр. Күлкіге батып, тамашалай отырып, әркім өз басындағы қателігін көрмек.
Үйленгендеріне көп болмаған, алғашқы сүйдім-күйдімі басылып, аралары суи бастаған екі жас бір күні орындары ауысып оянады. Еркегі – әйел, әйелі – еркек кейпінде. Қызық содан басталады… Басты рөлдердегі Еркебұлан Түлеуов (Богдан) пен Мейрамгүл Әпсалям (Марина) кейіпкерлерінің әлгіндей өзгеріс үстіндегі аласапыран күйлерін күлдіре отырып, керемет жеткізеді. Бұл үшін олардың мимика, пластика, бишілік шеберліктері көмекке келген. Жеке ізденістерінің де жеткілікті екені аңғарылады. Көрерменнің оқтын-оқтын ду күліп, қол соғып отыруы сол ұмтылыстарының нәтижесі болса керек.
Жас жұбайлардың достары, ерлі-зайыпты Алексей мен Наташаны сомдаған Наурызхан Тыңханұлы мен Ақжібек Саттарованың ойындары да сенімді, тартымды шықты. Сахнада аз уақыт көрінсе де Көңілдес (Қәсіп Елеусіз) бен Тілек орындаушы (Асылбек Ташимов) бейнелері де тың, елеусіз қалатын бейнелер емес. Екі көріністе екі түрлі мінезде көрінетін ке-
йіпкерінің Асылбек Ташимов ара-жігін әбден ашып көрсетеді. Ондай алшақтық үшін көп тер төгу керектігі даусыз. Кімді құшып, кіммен кездесіп тұрғанын түсінбей дал болған Көңілдес – Қәсіп Елеусіздің алас ұруы көрерменге жетіп, күлкі шақырып отырды.
Рөлдердегі барлық актерлер қимылмен түсіндіру, билеу, пластика тұрғысында үлкен шеберлік көрсетті. Режиссер Фархадбек Қанафиннің бұл жолы сахнагерлерге еркіндікті, импровизацияға жол беруді талап еткені байқалады. Бәлкім фантастикалық-комедияның өмірге келуіне дәл сол еркіндік себеп болған шығар. Музыка мен би, декорация жымдаса көмектескен қо-йылымда ұтымды режиссерлік шешімдер жиі ұшырасады. Егер, қызық-күлкіге батырар сергек те серпінді қойылымның бір кемістігі бар болса, ол актерлердің дикциясы жөнінен болар. Кей тұста кейбір сөздер естілмей қалып жатты. Ол актердің бетін ары бұрып сөйлеуі, музыка әбден тиылмай жатып сөйлеу кездерінде. Алайда, ондай жәйт көп емес, тым сирек кездесті. Бұл енді қойылымның әлі ысылмаған «су жаңа» екендігінен екені белгілі. Әйтпесе, еріксіз езу тартқызып, амалсыз ойға батырар, зілсіз сынап, мінемей мініңді айтар әсем бір қойылымның дүниеге келгені даусыз. Көкшелік көрермен театр жастарының жарқын бір ойынын тамашалады. Өнерлерің үстем болсын, жастар!

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс