Жастарымызды жат ағымдар жағаламасын

  Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркеновтың төрағалығымен Достық үйінде Ақмола облысы әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов кеңес жұмысын қорытындылай келе былай деді: «Ақтөбедегі діни ахуалдың күрделілігі көптің назарын аударып отыр. Дегенмен, қазіргі уақытта көтеріліп отырған мәселені шешу мақсатында көп күш жұмсалуда. Соның нәтижесінде өңірдегі діни ахуалдың бірте-бірте түзеліп келе жатқаны байқалады. Жалпы, аймақта қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Дегенмен, мәселе толық шешілді деуге тағы болмайды. Дәстүрлі дін мен жалған діни ағым арасындағы айырмашылықтар және шектен шығушылықтың неге әкеліп соқтыратынын жастардың санасына сіңіруіміз қажет».

Өңірде қалыптасып отырған діни ахуал туралы баяндаған Ақмола облысының дін істері басқармасының басшысы Сәуле Ыбыраева халықтың жекелеген санаттарының деструктивті радикалды діни ұйымдарға өтуін болдырмау мақсатында бірқатар шаралар атқарылғандығын жеткізді. Діни экстремизмнің алдын алуда дөңгелек үстелдер өткізіліп, бейнероликтер көрсетіліп келеді. Білім мекемелерінің ресми сайтында ақпараттық таным парақшалары орналастырылды. Оның айтуынша, облыстағы бірқатар мешіттерде арнайы білімі бар имамдар жоқ. Әсіресе, түкпірдегі елді мекендерде қай бағытта насихат жүргізіліп жатқаны белгісіз. Облыс әкімінің атынан өңірге қажет теолог мамандарды оқытуға арнайы стипендия тағайындалуда. Бүгінгі таңда 4 азамат Алматыдағы «Нұр-Мүбәрак» университетінде білім алуда. Сарапшылардың зерттеуі бойынша жат ағымның жетегінде кеткендердің дені жұмыссыз, оның ішінде басым бөлігі – жастар. Ақмола облыстық жастар саясаты басқармасының жетекшісі Ринат Галлямов жұмыссыздық халықтың кейбір топтарын кедейленуге ғана емес, сонымен қатар рухани құлдырауға алып келетіндігін атап көрсетті. Қазіргі таңда жастардың дәстүрлі емес діни ағым идеяларына еріп кетуінің басты себебі – діни сауатсыздық пен түсіндіру жұмыстарының жетіспеушілігі. Осы орайда, облыс әкімінің қолдауымен облысқа Астана, Алматы қалаларынан 12 теолог-маман шақыртылып отыр. Бұл мамандар діни радикализмнің алдын алу бағытында оқу орындарында, мешіттерде, мәдениет үйлерінде, түзеу мекемелерінде және басқа да жерлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізбекші. Кеңесте жұмыссыздықты жою, ақпараттық-түсіндіру топтары мүшелерінің білімін көтеру, оларды қажетті діни әдебиеттермен қамтамасыз ету, аудандарда діни жат ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету үшін қоғамдық ұйымдар ашу және оның жұмысына дін мамандарын тарту керектігі айтылды. Тұрғындарды, жастарды дәстүрлі емес діни ағым идеяларынан сақтандыруға, дін саласындағы мемлекеттік сая-сатты қалыптастыруға, дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттауға бағытталған жазушы Жабал Ерғалиевтың «Жан шырылы» атты пьесасының теленұсқасын жасау қолға алынбақшы. Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың айтуынша, бүгінгі күні облыс орталығында 25 діни бірлестік арнайы тіркеуден өткен. Қаладағы діни ахуалға қалыпты деп баға берген ол өңірдегі тұрақтылықты сақтау мақсатында жергілікті полицияға жексенбілік діни мектептердің де жұмысын қатаң бақылауға алу жүктелгенін жеткізді.

Әсем Жүніс

 

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс