Жастарға таптырмас мүмкіндік

Жоғары оқу орнын тәмамдап, қолына диплом алған жас мамандардың көбі ауылдық жерде жұмыс істеуден қашады. Бүгінде көптеген жас екі қолға бір күрек таппай жүргенімен, елді мекендерде маман тапшы екені белгілі. Осы ретте, «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасының жастарға берері мол.

Жас мамандар қатары үшін тұрмыстық жағдайын түзеп, сонымен қатар тұрақты жұмыс тауып беретін жобалардың бірі де «Дипломмен – ауылға» жобасы. Бұл бағдарлама талай жастың бағын ашып, үлкен өмірге қадам басуға жетеледі. Сөз жоқ, ауылда маман тапшы. Ал, дәл осы мәселені шешу жастардың қолында. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы әр жасқа ауылға жолдама алып беру арқылы тұрғын үймен де қамтамасыз етеді. Бағдарлама өз күшіне енген уақыттан бастап дәл бүгінгі күнге дейін көптеген жастар елді мекендерге барып, ауылды көркейтуге өз күштерін салуда. Солардың қатарында Манарбек Аманкелді де бар.
«Мен үшін бұл бағдарламаның ерекшеліктерінің бірі – ауылға деген сүйіспеншілік, ауылға деген махаббатты көрсету. Сол ауылда өсіп, өніп, жоғары оқу орнын бітіріп, ауылда қызмет жасап, ауылдың өркендеуіне үлес қосатын азаматтарға зор мүмкіндік деп ойлаймын», – деді жас маман Манарбек.
Жалпы, бұл бағдарламаның ерекшеліктері көп. Яғни, жас мамандарға берілген мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен мүмкіндіктер бар. Мысалы, жәрдемақы, баспана, жалақыңызға ауылдық бағдарлама бойынша үстемеақылар беріледі. Дәл осындай мүмкіндікке ие болып отырған Манарбек Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің түлегі. Жоғары оқу орнын тәмамдап, үлкен маман иесі болуды мақсат еткен. Қазіргі таңда «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша Красный Яр ауылдық округінің «Көкше» мәдениет үйінде әдіскер болып жұмыс істейді. Айтуынша, жұмыс орнын студент кезінен бастап жақын қабылдаған. Дәлірек айтсақ, жоғары оқу орнында білім алып жүрген кезінен бастап ол осы мәдениет үйінде сахнаға шығып, тәжірибеден өтіп, талай сайыстарда бақ сынаған. Ауылдық жерде жұмыс істеп, өзін осы саланың маманы ретінде көрсете білген. Манарбек тәжірибеден өту барысында мәдениет үйінің басшыларынан еңбек өтілін дәл осы жұмыс орнынан бастауға ұсыныстар түскен екен. Жас маман ойланбастан жұмыс өтілін Красный Яр мәдениет үйінде бастауды жөн санаған. Болашаққа құрған жоспарларының көп болуына байланысты алдағы уақытта жас маман осы жұмысты тастап, қалаға кету ойында жоқ екенін тілге тиек етті. Ол осы уақыт ішінде Красный Яр мәдениет үйінің көркеюіне үлес қосып, талай жобаларды ұйымдастырып жатқандығын аңғаруға болады. Сонымен қоса, жұмыстан тыс, бос уақытында асабалықпен де айналысатынын айта кетті. «Ауылды көркейтуге әр жас маманның күші жетеді, барлығымыз да елдің баласымыз. Сол себептен әрқайсымыз ауылымыз-
ды көркейтуге атсалысайық!» – деп сөзін аяқтады Манарбек Аманкелді.

Айғаным АСЫҒАТОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий