Жасөспірім тәрбиесі: саннан – жақсы нәтижеге

Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың төрағалығымен қалалық әкімдік жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің 2-ші отырысы өтті. «Жасұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Закиров атқарған жұмыс жайлы талдап айтып берді. Ата-анасының қарауынсыз қалып, қаңғыбастыққа салынған балалар мен жасөспірімдерге көбірек назар аудару қажеттігі күн тәртібіне шықты. Оларды шеттетпей, түрлі мәдени шаралардың ортасына әкеліп, белсенді жастармен қатар отырғызып, жаңа өмірге бейімдесек, күні ертеңдері жақсы азамат болып қалыптасары сөзсіз.

dsc_6031

Бұл мәселе жайдан-жай көтерілген жоқ. Соңғы кездері уақытын босқа өткізіп, отбасы тәрбиесіне көнбей, қаңғыбастыққа салынып жүретін жасөспірімдер қатары көбейіп кеткен. Олардың қылмысқа баратындары да бар. Көкшетау қалалық ювеналды полиция бөлімшесінің учаскелік инспекторы Айжан Көшкенованың айтуынша, биылғы жылдың он айында жасөспірімдер тарапынан 10 қылмыс түрі жасалған. Оның ішінде тонау, ұрлық, адамдарды саудалау, бопсалау кездескен. 9 студент, 3 колледж оқушысы тіркеуге алынып, ата-анасына айыппұл салынған. Бүгінде ювеналды полиция бөлімшесінде тәртібі қиын 162 бала бар. Баласын қараусыз қалдырған 648 ата-ана жауапқа тартылған. 55 жасөспірім мас күйінде, 347 жасөспірім темекі шеккені үшін қолға түскен. 16 жасқа жетпеген қыздардың жүкті болып қалуы да алаңдатады. Биыл 2 студенттің жоғары қабаттан секіріп, өз өмірін қию көпшіліктің жағасын ұстатты. Осындай суицидтер де өсе түскен. Мұның бәрі бала тәрбиесінің ақсап жатқанын және ата-анасының дұрыс көңіл бөлмеуінен болады. Тіпті, Көкшетау қаласындағы мектептердің бірінің жоғары сынып оқушысы өз-өзіне қол жұмсауға әрекет еткені көп нәрсені аңғартады. Сондықтан полиция қызметкерлері тәртібі қиын балалар және жасөспірімдерді бірге тәрбиелеуге шақырды. Қазір дәл осындай 206 бала спорт секциясына тартылыпты. Бұл, әрине, аздық етеді. «Жасұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Закировтың айтуынша, оларды түрлі форум, акция, мерекелік шараларға көбірек қатыстыру керек. Тіпті, сауықтыру орталықтарына тегін жолдама беріп, жақсы ортаға бейімдеу қажет. Сонда олар қылмысқа көп бармайды.
Қала әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова облыс орталығындағы және Красный Яр селосындағы мектептердің спорт залдарына қатысты мәселе көтерді. Яғни, оларды кешкі уақытта жастардың бойын сергітуіне беру қажет. Ол міндеттелген. Сондықтан мектеп басшылары спорт залдарын денесін шынықтырамын деген жастарға кешкісін ашып беруі тиіс. Қала әкімінің орынбасары осыны назарға алуды жүктеді. «Феникс» волонтерлер қозғалысының жетекшісі Сұлтанбек Бекешев те өз жұмыстары жайлы айтты. Өз еркімен осы ұйымға мүше болған жастар қажет көмекті тегін жасайды. Тұрмысы төмен отбастарына киім-кешек, азық-түлік қажет болса, волонтерлер оны ұйымдастыруға дайын екендігін жеткізді. Жалғызбас-
ты қариялар да назарға алынған. Оларға отын-көмірін үйіп беру жұмыстарына да осы жастар араласады. Сондай-ақ, келесі жылы өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне келетін туристерге көмек көрсететін жастар арнайы курстардан өтіп жатыр. Қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Уәлихан Галиев жыл басынан бері Көкшетау қаласында өткен спорттық сайыстарға жастар белсенділікпен қатысқанын ерекше атап көрсетті. Бір мәселе, орталық саябаққа қойылған воркаут қондырғылардың еш жерде тіркелмей тұрғаны. Олар істен шықса, оны жөндеуге ешкімді міндеттей алмайсың. Кеңеске қатысушы жастар Красный Яр селосында 1-2 спорт алаңы қажет екенін алға тартты. Бұл келесі жылғы жоспарға енгізіліпті. Кеңесті қорытындылаған қала әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова жастар ұйымдарының басшыларына атқарып отырған игі істері үшін алғысын білдірді.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс