Жасөспірім қылмысы алаңдатады

Биылғы жылдың басынан Көкшетау қаласында өз-өзіне қол жұмсаудың 3 фактісі тіркелген. Оның біреуі жасөспірімге қатысты. Өз өмірін қиюға барудың басты себептері – ата-анасымен келіспеушілік, махаббатқа алдану. Жастар мен жасөспірімдер көбінесе дәрі-дәрмекке уланып өлгісі келеді немесе жоғары қабаттан секіреді. Сондай-ақ, кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың жүкті болып қалу фактісі көбейген. Көпшілігі орта кәсіптік білім беретін оқу орындарында оқиды. Арасында мектептің жоғары сынып оқушылары да бар. Тіпті, 10 жасар баланы күштеп жыныстық қатынасқа тарту фактісі тіркелген. Бұл жайында қалалық әкімдік жанындағы жасөспірімдер ісі және олардың құқығын қорғау мен заң бұзушылықтардың алдын алу комиссиясының отырысы барысында алға тартылды. Оның жұмысына қала әкімінің орынбасары, ведомствоаралық комиссияның төрайымы Алтынай Әміренова жетекшілік етті.

Қалалық ювеналды полиция бөлімінің басшысы, полиция майоры Әділбек Салықовтың айтуынша, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұқпаушылығына қарсы қылмыстардың өсуі алаңдатып отыр. Сондықтан алдағы уақытта колледж басшыларымен, оқытушыларымен тығыз жұмыс істеу қажет. Әсіресе, ауылдан қалаға келген, еркін өмірге түскен жастарға қырағы көзқарас қажет. Көкшетау қаласындағы қаңғыбас балаларды уақытша оқшаулайтын орталықтан жақында үш жасөспірім қашып кеткені белгілі. Арнаулы орыннан олардың қалай шығып кеткені жұмбақ күйінде қалуда. Бейнебақылау камераларына да түспеген, күзетшілер де ештеңені байқамаған. 13-14 жастағы балалар Петропавл жаққа кетіп бара жатқан жолда қолға түскен. Ең өкініштісі, бейімдеу орталығының қызметкерлері полиция бөлімшесіне оқиға орын алғаннан екі сағат өткесін ғана хабар берген.
Балаларды жазғы демалыспен және сауықтыру орталықтарымен қамту мәселесі де сөз болды. Биыл 23 мектептің жанында лагерьлер жұмыс істеп жатыр. 115 үйірме мен 41 спорт секциялары да балалардың бос уақытын тиімді пайдалануына септігін тигізуде. Қалалық білім бөліміне қатысты «Чайка» және «Звездный» лагерьлерінде тұрмысы төмен отбастарының балаларын сауықтыру шаралары жалғасып жатыр. Бос жүрген балаларға бақылаудың жоқтығынан 20 велосипедтің жоғалу фактісі бойынша тұрғындардан өтініш түскен. Бұл жасөспірімдер мен жастардың жасайтын бұзақылықтары. Ведомствоаралық комиссия төрайымы Алтынай Байқадамқызының айтуынша, бұл ретте «қиын балалармен» жұмысты күшейту керек. Оларды үйірмелерге көптеп тарту қажет. Осы ретте қалалық әскери комиссариат тәртібі нашар балаларды әскери тәртіпке қатысты шараларға көптеп тартуға баса назар аударуды ұсынып отыр. Отырыста жүйке жүйесінде ақауы бар балаларды бағатын әлеуметтік-медициналық орталықтың жұмысы туралы баяндама тыңдалып, олардың атқарған шаруаларына оң баға берілді. Сондай-ақ, қала көшелеріндегі жол-көлік оқиғаларына қатысты есеп те тыңдалды. Биыл оның саны азайғаны көңілге медеу. Комиссия мүшелері отырыс соңында үш баласын қараусыз қалдырып, ішімдікке салынған жауапсыз ананың құқығын алты айға дейін шектеу туралы шешім шығарды. Осы уақыт аралығында ол жұмысқа тұрып, қаражат тауып, жағдайын түзеуі тиіс. Егер одан еш нәтиже шықпаса, жауапсыз ана балаларынан мүлдем айырылады. Қала әкімінің орынбасары, ведомствоаралық комиссияның төрайымы Алтынай Әміренова алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды тағы бір пысықтап, нақты тапсырмалар берді.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс