Жас жұбайлар қуанышы

Тәуелсіздіктің тағы бір тартуы – Көкшетау қаласында жаңа неке сарайының ашылуы болды. Қопа көлінің жағалауына жақын орналасқан, талай тағдырлар тоғысының куәгері болғалы тұрған ғимарат шынында да әдемі жасалған екен. Оған апаратын баспалдақпен жоғары өрлеген сайын жаңа бір әлемге бет түзегендей боласың. Дәл осындай сезімді жастар да бойынан өткізген шығар. Бүгін жаңа неке сарайында жаңа отбасын құрып, ерлі-зайыпты атанған Сұлтан мен Арманда достығы бірнеше жылға жетіпті. Екеуі бір-бірін жақсы түсініп, жанын ұғынатынына сенімді. Сол сезімдерін берік ету үшін бүгін неке қию сарайының табалдырығын аттады. Жүректері тулап, көздеріне жас толып, толқып тұрған, айдында жүзген аққудай аппақ көйлек киген арулардың қатарында Арманда да тұр жүзі жайнап. Ал, олардың ата-анасының қазіргі көңіл-күйін сөзбен айтып жеткізу қиын. Өмірдің ащысы мен тұщысын бірге татамыз деп серттескен жас жұбайлар қол ұстасып, салтанат залына енгенде шапалақтың шуылынан биік ғимарат іші жаңғырып кетті. Жарқыраған шамдар, оюланған тақталар, бедерленген қабырғалар, бәрі-бәрі үйлесім тауып тұр. Киіз үйдің шаңырағы іспетті дөңгелене жасалған төбеге қарасаң, бөркің басыңнан түсердей. Осындай әсем ғимаратта некесін қиған жастарда арман жоқ шығар дейсің. Салтанатты шараға арнайы келген облыс әкімі Мәлік Мырзалин өмір айдынына жүзгелі тұрған жас жұбайларды құттықтап, неке куәлігін табыс етті. Өңір басшысының атынан оларға сыйлық жасалды. Бұл күн жастардың есінде мәңгі сақталып қалары сөзсіз. Сәл-пәл деректерге сүйенсек, неке сарайын салған «Ақ сәуле» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Оның құрылысына облыстық бюджеттен 837,588 миллион теңге бөлінген. Жалпы аумағы 1797,17 шаршы метр. Неке сарайы Қопа көліне жақын орналасқандықтан, жаз айларында жас жұбайларға жағалауда серуендеп, естелік суретке түсуге мүмкіндік бар.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий