Жас ұрпақ жалғастырар киелі өнер

Көкшелік әнсүйер қауымға есімі белгілі, түрлі шаралардың бел ортасында жүретін дәстүрлі әнші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Кенжебай Мұқышев қазір шәкірт тәрбиелеумен айналысады. Облыс орталығында ашылған «Алтынсарин» атты білім беру кешенінің бір бөлмесін жалға алып, қазақтың қара домбырасына үйір балаларды ән айтуға машықтандырып жүр. Мақсаты – әуезді шығармаларды нақышына келтіре орындауға ғана емес, әуені мен сөзін бұзбай айтуға үйрету. Кенжебай Мұқышевқа сабақ алуға келетін балалар басында, тіпті домбыра аспабын қалай ұстау керектігін де білмепті. Киелі аспап жайлы толық мағлұмат беріп, қос ішектен дыбыс шығара білуді үйретіп барып, музыканы қабылдай білу қабілетін тексере келе, түрлі шығармаларды орындауға үйретеді.

Кенжебай Мұқышевтың ең бірінші үйрететін әні Сәкен Сейфуллиннің «Көк-шетауы» және халық әні «Бір бала». Екеуі де әдемі туындылар. Шырқаған кезде айызың қанып, жасап қаласың. Туған жерге деген сүйіспеншілігің артып, талдан таяқ жасайтын ауыл баласымен бірге асыр салып ойнаған кездерің еске түседі. Бастапқыда домбыраның екі ішегін қағып та көрмеген Нұртілек қазір әп-әдемі әнге салып отыр. Бұл ұстамы жақсы ұстаздың арқасы.

«Арқаның кербез сұлу Көкшетауы,

Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын.

Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп,

Жүреді біліп кетіп есен-сауын, есен-са-уын» … деп  шырқаған кезде, сұлу өлкеге деген сүйіспеншілігің арта түседі. Домбыраның қағысын қадағалап қана қоймай, туған жерге арналған әндерді  жігермен орындау қажеттігін де ұстаз Алмас атты шәкіртінің есіне салып отыр. Өйткені, қазақ баласы намысшыл, батыл, ержүрек болуы тиіс. Өз елінде, өз жерінде еркін өскен ұланның жалындап тұрғаны қандай жақсы! Ән салған кезде де басын биік ұстап, арқасын кеңге салып, арқырай шырқау қажет. Себебі, сен қазақ деген ұлы халықтың баласысың! Әр азамат өзінің ұлын осылай тәрбиелеу керек.

Әндерді нотамен емес, тыңдау арқылы үйрету әлдеқайда жеңілірек. Дәстүрлі әндердің әуезі құбылмалы болып келеді. Бірде созып, бірде екпіндете, бірде баяу, бірде жылдам айтылады. Ал, домбыраға салып орындаған кезде, оның әуенін түрліше құбылтып, өзіңе икемдеп алуға болады. Ол әншінің шеберлігіне байланысты. Ең бастысы, мақамы мен сөзін бұзбау. Өйткені, өнерге әркімнің-ақ таласы бар. Шәкірттеріне әнді синтезатормен сүйемелдеу арқылы үйреткен жеңіл дейді Кенжебай Жәнібекұлы. Аспаптың үні ашық шыққандықтан, балаға да қабылдау жеңіл.

Кенжебай Мұқышев бұрынғы Көкшетау облысы, Көкшетау ауданына қарасты Бірлестік ауылының тумасы. Домбыраға деген сүйіспеншілігін оятқан – әкесі. Баланың қазақ әндеріне деген ықыласын ерте байқаса керек, жанына отырғызып қойып, үйретіпті. «Көкшетау» әнін де үйреткен сол кісі. Қағылез бала сол кезден бастап, бабасының үні домбыраны қолынан тастамапты. Көкшетаудағы қазіргі «Қазпошта» ғимаратында ол кезде орыс драма театры болса керек. Сонда өткен мерекелік шарада жеті жасар Кенжебай әкесі үйреткен осы әнді шырқап, темір трактор ойыншығын сыйға алғаны әлі есінде. Шәкірттеріне бірден осы шығарманы үйретуге тырысуы да бала күннен құлағына құйылған әсем саздың әсері. Алдымен мектептегі түрлі мерекелік шараларда, кейін ауыл клубында ән салған Кенжебай, бірте-бірте төселіп алып, көпшілік алдына шығуға қаймықпайтын болыпты. Көкшетаудағы Ақан сері атындағы мәдени-ағарту училищесінің табалдырығын еркін аттап, білімін шыңдаған. Репертуарындағы әндердің бәрін дерлік сол кездегі пластинкалардан тыңдап үйренген. Әсіресе, Қайрат Байбосыновтың орындауындағы шығармалар көңіліне жағып, жүрегіне қонған. Алдымен өзінің туған ауылы Бірлестік мектебінде сабақ беріп, кейін Көкшетауға қоныс аударған. Үнемі ізденісте жүретін жан 90-шы жылдары өнерлі жастардың басын қосып, «Туған жер», фольклорлық ансамблін құрған еді. Түрлі шаралардың көркі болған ұжымның халықтың ыстық ықыласына бөленген жылдары да көз алдында. Ол кезде жер-жерде отбасылық ансамбльдер құрылып жатқан. Өнерлі отбастары өз ауылында ғана емес, көрші елді мекендерге де шығып концерт қоятын. Бұл үрдіс көпке дейін жалғасты. Қазірдің өзінде, әсіресе, оңтүстік өңірлерде отбасылық ансамбльдер бар. Олар дәстүрлі әндер мен эстрада жанрындағы шығармаларды көпшілікке насихаттап келеді. 1997 жылы Қызылордада өткен бүкілодақтық 3-ші шығармашылық фестивальда дәстүрлі әнге салып, лауреат атанғаны да күні кеше ғана.

Жалпы, Кенжебай Мұқышевтың ұйымдастырушылық қабілеті жоғары. Көкшетаудағы тарихи-өлкетану музейін басшылыққа алған кезде, оның күрделі жөндеуден өтіп, мұрағаттар залының жаңаруына үлкен үлесін қосты. Ол жайлы музей ұжымы да үлкен ықыласпен әңгімелейді.

Бүгінде әнші Кенжебай шәкірт тәрбиелеп, өзінің бойындағы өнерін балаларға дарытуды мақсат тұтып отыр. Әншіден сабақ алуға балалар ғана емес, ересектер де келеді. Мысалы, Толғанай есімді бойжеткен қытай қазақтарының әні «Ақ Меркіні» үйренгісі келетінін айтып, өтініш білдіріпті. Қазір сол шығарманы пысықтау үстінде. Сарыарқаның сары даласын ән мен жырға бөлеген Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Ақан сері, Біржан салдың өлмес туындыларын үнемі жаңғыртып отыру кейінгі ұрпақтың міндетіне айналуы тиіс. Ал, халық музыкасына үлкен мұра болып қалған көркем туындыларды көздің қарашығындай сақтау аға ұрпақ өкілінің парызы болып қала бермек. Кенжебай аға да болашақта домбыраның құлағында шебер ойнайтын балаларды тәрбиелеп шығара беруді мақсат тұтады. Табысыңыз еселей берсін, өнерлі жан!

Ал, Кенжебай Мұқышевтан домбыра сабағын аламын десеңіз, Көкшетау қаласы, Горький көшесіндегі «Алтынсарин» білім беру кешеніне келіңіз. Мұнда сондай-ақ, жылдам оқу, актерлік шеберлік, мектепке дайындық, арт-терапия, кубик-рубикті жылдам құрастыру, шахмат, каратэ сияқты үйірмелерге қатысуға болады.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий