Жас өрендер киелі жерлерге саяхат жасады

«Қоғамдық келісім» үйінде Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы бойынша еліміздің оңтүстік өңіріне саяхат жасап қайтқан Көкшетаудағы №11 мектеп-гимназияның оқушыларымен кездесу өткізілді.

Өткен тарихымызды, мәдениетімізді жас ұрпаққа дәріптеу, оларды ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды құрметтеуге тәрбиелеуде саяхаттың берері мол. Сапар барысында оқушылар еліміздің түркі тілдес халықтардың рухани орталығы, Қазақ хандығының саяси астанасы болған Түркістан қаласын, XV ғасырда Қожа Ахмет Яссауиге арнап тұрғызылған кесенені аралап, ел тарихымен танысып, ерекше әсер алып қайтқан. №11 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зәуре Қақабаева алдымен осы сапарды ұйымдастыруға қолдау көрсеткен облыстық білім басқармасы, қалалық білім бөлімі мен мектеп-гимназия басшылығына алғысын білдірді. Ұстаз қасиетті жерлердің топырағын басып, көне жәдігерлер тарихымен жақын танысып, бабалар рухынан тәлім алған жастардың Отанға деген махаббаты шексіз болады деп есептейді. Көне жәдігерлерді көзбен көру жастардың рухын көтеретініне сенімді.
Қазақ жерінде аңыз болып айтылатын мекендер көп-ақ, бірақ сол жерлерге барып көзбен көріп, қолмен ұстап, шырақшылардың аузынан тарихын есту тіптен бөлек. Жас сая-хатшы Дамир Әміржанов өз әсерін былайша білдірді: «Шыңғыс ханның әскеріне алты ай бойы берілмей, мықты, өр, бәрінен де бірлікті бекем қойған халық екенімізді дәлелдеген Отырар жеріне ат басын бұрдық. Талай ғасырдың куәсіндей тауларының өзі қатпарланып тұр. Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы болған Арыстанбаб кесенесіне барып құран бағыштап, кітапхананы көріп, Отырар төбедегі ата-бабаларымыздың қанымен сақталған жерді аралап, рухани азық алдық. Ғажайып «Тайқазанды» көрдік. Балдан да тәтті, табиғи, емдік су іштік. Ұлысымыздың ұйытқысы болған аймақтарда естелік суреттерге түсіп, жаңа достар таптық. Керемет күйге бөлендік, көңіл-күйіміз де көтеріңкі болды. Жол-жөнекей ән салып, дебат ұйымдастырып, пікір алмастық, жастардың жүзінен жалын көрдім. Ең бастысы – біз сая-хаттан өмірлік сабақ алдық, таным көкжиегімізді кеңейттік, елімізге деген мақтаныш сезіміміз артып, жаңа көзқарас қалыптастыра бастадық, тарихи тағылымдарымызды мәңгі жадымызда сақтап жүретін болдық.
Шара барысында тарихи-мәдени мұраны қорғау мен пайдалану орталығының директоры Қуаныш Шақшақов оқушыларға еліміздің киелі жерлері туралы әңгімелеп берді. Алған әсерлері мен қуаныштарын жасыра алмаған оқушылар осындай тамаша танымдық, тарихи әрі ғибратты саяхат үшін алғыстарын жеткізді. Ұстаздар қауымы аталған шараны дәстүрге айналдырмақ ниетте. Жас саяхатшылар тобының мүшелері алдағы уақытта еліміздің батыс өңіріне сапар шегуді жоспарлап отыр.

Ақмарал АЙҒАРА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий