Жатақхана тапшылығы қалай шешіледі?

Студенттердің жатын орны мен оқушы орындарының тапшылығы жыл санап артып отыр. Жол картасын жүзеге асыру аясында Ақмола облысында 2025 жылға дейін жоғары оу орындары мен колледж студенттері үшін 2700 орындық жеті жатақхана салу жоспарлануда. «Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды.

Студент үшін жатақханадан орын алу ең басты мәселелердің бірі. Жатақханадан орын тимегендер пәтер жалдайды немесе туыстарының үйінде тұрады. Алайда, ауылдан келгендердің барлығының бірдей пәтер жалдауға қалтасы көтере бермейді. Бүгінгі таңда облыс бойынша, атап айтқанда Көкшетауда студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өткір тұр. Ақмола облыстық құрылыс басқармасының әлеуметтік сала объектілері бөлімінің басшысы Нияз Байғожиннің айтуынша, 2021 жылға Көкшетау қаласының жоғары техникалық колледжі үшін 300 орындық жатақхана салу жоспарланған. Биыл Ұлттық қордан нысаналы трансферттер есебінен 208,1 млн теңге бөлінді, оның 106,7 млн теңгесі игерілді. «Жобаны жүзеге асыру 2020 жылы басталды. Алайда, міндеттемелердің орындалмауына байланысты бас мердігер ұйыммен шарт бұзылды. 2020 жылы тек 10 млн теңге бөлініп, игерілді. 2021 жылға екі жатақхана құрылысы жоспарланған. Біріншісі, Көкшетаудағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжіне арналған 300 орындық жатақхана. «2021 жылға құрылыс үшін 177,8 млн теңге бөлінді. Осы уақыт ішінде 108 млн теңге игерілді. Бас мердігер – «NAK Construction» ЖШС. Жобалық-сметалық құжаттамаға түзету жүргізілуде. 2022 жылы пайдалануға беру жоспарланған», – деді Н.Байғожин. Екінші жоба – Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі үшін 300 орындық жатақхана құрылысы. Осы мақсатқа 260,8 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта 118 млн теңге игерілді. Бас мердігер – «NAK Construction» ЖШС. Келер жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. 2020 жылы А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті өз қаражаты есебінен 590 орындық жатақхана салды. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің 500 орындық бес қабатты жатақхана салу туралы жобасымен проректор Жайлагүл Сағындықова таныстырды. «Елбасының студент жастардың өмір сүру жағдайларын жақсарту жөніндегі үшінші бастамасын іске асыру үшін ҚР БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ-на 1000 орынға өтінім берілді. Жатақхана құрылысына 2022 жылға дейінгі жол картасы бекітілді. 2019 жылы университет 500 орындық жатақхана құрылысы үшін инженерлік-іздестіру, геодезиялық, геологиялық жұмыстар жүргізді. Қалалық су құбыры-кәріз, электр және жылу желілеріне қосылуға Көкшетау қаласының жабдықтау ұйымдарының техникалық шарттары алынды», – деп атап өтті ол.

Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазовтың айтуынша, өңірдегі колледждер бойынша да жатақхана жетіспеушілігі проблемасы өткір тұр. «Азаматтық қорғаныс көпсалалы колледжі бүгінде 2600-ге жуық студентті оқытады, олардың 1800-і басқа қалалардан. Колледж жатақханасы 133 орынға ғана арналған. 760 студент пәтер жалдап тұрады, 900-ден астамы туыстарында тұрады. Басқаша айтқанда, қажеттілік зор», – деп мысал келтірді ол. Оның мәлімдеуінше, колледждерге қойылатын біліктілік талаптары бойынша қажеттіліктің кемінде 30% жабатын жеке немесе жалға берілетін жатақханалар болуы қажет.

«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында «Jas Otan» ЖҚ бастамасымен оқу орындарының жатақханалары бойынша өткізілген рейд қорытындысы сөз болды. Ақмола облысының «Jas Otan» ЖҚ жетекшісі Сұлтанбек Бекешевтің айтуынша, студенттер жатақханаларына мониторинг 2018 жылдан бері жүргізіліп келеді. Рейд жүргізуге облыс орталығындағы «AQ USHAQ» хостелінде тұрып жатқан студенттердің жағдайы түрткі болды. «Белгілі болғандай, бұл студенттер барар жерлері болмағандықтан, осы хостелге қоныстануға мәжбүр болған. Бұл студенттерді орналастыруда өткір проблема бар екенін көрсетеді. Жалпы, білім басқармасымен және колледждердің басшылығымен барлығы пысықталып, студенттер жайлы жерге орналастырылды. Шын мәнінде, барлық нормаларды сақтау үшін оқу орнының бақылауы болуы керек. Пәтерлерде де проблема бар. Олар студенттерге берілмейді. Осы ретте, көпсалалы азаматтық қорғау колледжі үш жақты келісім жасады: колледж-студент-пәтер иесі. Бұл мәселені оң шешуге ықпал етті», – деп түсіндірді С.Бекешев.

Атбасар аграрлық-индустриялық колледжінің өкілдері түсіндіргендей, жатақханаға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Астрахан ауданының арготехникалық колледжінде келесі жылға күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда. Құрылыс-технологиялық колледжінің директоры Ерлан Бегайдаров жатақханаға 2012 жылы күрделі жөндеу жүргізілгенін атап өтті. Азаматтық қорғаныс көпсалалы колледжінің директоры Әскербек Төлебаев «Аq USHAQ» хостелінде олардың 28 студенті тұрғанын, бірақ қазіргі уақытта студенттер колледж жатақханасына орналастырылғанын атап өтті. «Бүгінгі таңда төсек-орынға қажеттілік 458 орынды құрайды. Колледж құрылтайшысының шешімімен келер жылы 500 орындық жаңа жатақхана құрылысы жоспарлануда», – деп есеп берді ол. «Хостел колледждің меншігі болып табылмайды, жалдау шартына сәйкес, студенттердің тұруы үшін барлық жағдай жасалуы керек. Бірақ хостелде жөндеу жүргізілмегеніне қарамастан, студенттермен акт жасалмаған. Мониторинг кезінде колледждің жеті студенті осы жатақханаға өз бетінше орналасқаны белгілі болды»,– деп түсіндірді жоғары қазақ гуманитарлық-техникалық колледжі директорының орынбасары Дана Балтабаева. Колледж әкімшілігі жарты ай ішіндегі ақшалай шығындарды өтеу үшін әрбір студентке сегіз мың теңге мөлшерінде өз есебінен қосымша ақшалай қаражат бөлді. «Колледж құрылтайшысы жатақхана салуды 2020 жылы жоспарлады, бірақ коронавирустық пандемия мен қаржылық жағдайға байланысты құрылыс кейінге қалдырылды. Қазіргі уақытта колледж әкімшілігі «Фасад Строй» ЖШС-мен бірлесіп Б.Әшімов көшесі, 228 мекен жайында орналасқан ғимаратты пайдалу бойынша жұмыс жүргізуде, – деп толықтырды Д.Балтабаева.

Әсем ҚҰЛЖАНОВА

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий