Жауапкершілік жүгі

Жылдың соңғы айлары қараша мен желтоқсанда құрылыс және жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржыны сарқа жұмсау маңызды. Сондықтан қала әкімі Ермек Маржықпаев 7 қарашада өткен аппарат кеңесіне қатысушылардың бәріне қаржылық тәртіп пен жыл басында қолға алынған жобаларды соңына дейін жеткізуді қадап тапсырды.

Бюджеттің кірісі мен шығысы жайлы қаржы бөлімінің жетекшісі Гүлнәр Құсайынова айтып берді. Оның сөзінше, бюджеттің кіріс бөлімі 36 миллион теңге қормен орындалған. Алкоголь өнімдерінің акциздеріне қатысты жұмыстарда шалағайлық бар. Ал, жер сатумен байланысты 380 миллион теңгемен жергілікті бюджет толықты. Шығысқа келетін болсақ, оның басым бөлігі тұрғын үй шаруашылығы мен құрылыс бөлімдеріне тиесілі. Соған орай қала әкімі әлеуметтік нысандарды салып жатқан мердігер ұйымдарды қатаң бақылауға алуды тапсырды. Кірпіш және құрылыс материалдарын өндіретін жергілікті кәсіп иелерімен келіссөздер жүргізілген. Мұның бәрі мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыстарды жоспарлы түрде аяқтауды көздейді. Бүгінде «Юбилейный» мен «Центральный» мөлтек аудандарының аулаларын жөндеу жұмыстары аяқталып келеді. Ол аумақтарда шағын сәулет формаларын орналастыру ғана қалды. Кей жерлерде асфальт салынып бітпеді, жұмыс сапасына нұқсан келтірмес үшін келесі жылға қалдырған жөн. Балалардың ойын және спорт алаңдарын орнату толық аяқталды. Келесі жылы қолға алынатын жобаларға мән берген азбал. Жыл соңына дейін олардың жобалық-сметалық құжатын аяқтау қажеттігін де ескертті. Бұл жұмыстарға бағдарлама әкімшілеріне асқан жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Өйткені, қаржыны маңызды және өзекті нысандарға салу керек. Мысалы, екі жаяу жүргінші көпірі мен жолдардың проблемалық учаскелері басты назарда ұсталуға тиіс. Жалпы алғанда қаржыны сапалы жұмсау жайлы барлық бөлімдер мен мекемелерге қадап тапсырылды. Оның ішінде  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, білім, спорт, ауылшаруашылығы, ветеринария, ішкі саясат және басқа да ведомстволарға, коммуналдық кәсіпорындарға өз көрсеткіштерін жақсарту қажет делінді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий