Жауапсыз ата-ана, «қиын» бала

Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың жетекшілігімен қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның кезекті отырысында полиция бөлімінде есепте тұрған бірнеше ата-ананың ісі қаралды.
Анна есімді азаматша балаларын үйінде қараусыз, аш қалдырып, өзі бірнеше күн оралмаған. Комиссия мүшелері оған 3 ай көлемінде өзін ретке келтірмеген жағдайда, бала асырау құқығынан айырылатынын ескертті. Наталья есімді отыздан асқан келіншек ішімдікке салынып, кәмелетке толмаған үш баласының тәрбиесіне, оқуына көңіл бөлмеген. 6 айдан бері үш сәбиі балалар үйінде тәрбиеленуде. Осы уақыт ішінде анасы балаларының жағдайын сұрап, бірде-бір рет хабарласпаған. Наталья өзін-өзі дұрыстау жөніндегі уәдесін орындамады. Бұл жолы комиссия мүшелері бірауыздан оның ата-аналық құқығын шектеуге келісті. Маскүнемдікке салынған Зоя есімді әйелдің балалары қыста бірнеше күн кәріз құдықтарын паналауға мәжбүр болған. Комиссия мүшелерін ол сатушы болып жұмысқа орналасқанын, балаларына жағдай жасайтындығын айтып сендірді. Дегенмен де, бұл мәселе қыркүйек айында қайта қаралатын болды. Катя есімді қыз анасы маскүнемдікке салынғандығын, жанжал шығарып үйден қуғандығын қинала баяндады. Қалада «Тәуекел тобындағы» балалармен жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде. Аталған топтағы оқушылармен әлеуметтік мұғалімдер, психологтар, сынып жетекшілері жеке жұмыс істеуде. Оқушының үйдегі тірлігін бақылау мақсатында сынып жетекшілері үй-үйді аралайды. Алайда, ата-ана жауапкершілігінің төмендігі салдарынан қалада тәртіп бұзатын жасөспірімдер қатары азаяр емес. Бала тағдырына жауапты ата-ана салғырттығы да балалар қылмысына себеп болып отырғандығын аңғаруға болады. Алайда, ауылдан қалаға оқуға келген жасөспірімдердің де қылмысқа жиі ұрынатындығы қатты қынжылтады.
– Мәселенің төркіні тәрбиенің ақсағанында жатыр. Жас баланың білгенінен білмегені көп. Міне, сол білместіктің салдарынан шалыс басып, қылмысқа ұрынады. Ондай балаларды оқшаулап, арнайы мектепте оқыту мәселесіне біржақты баға беру қиын. Ондай ортада тәлім алған баланың болашағы қандай боларын да ешкім білмейді. Ол жерде қандай тәрбие беріледі, ол да беймәлім. «Қиын баланы» мектеп психологы, ата-анасы, мектептегі балалар инспекторы бақылауға алып, жұмыла жұмыс істеуі тиіс. Әрине, ешқандай тәрбиеге көнбей, жаман қылығын жалғастыра беретін болса, онда оны оқшаулап, арнайы мектепке жіберуден басқа амал қалмайды, – деді комиссия төрайымы Алтынай Әміренова. Жалпы, бұл отырыста комиссия мүшелері ұстаздардың бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін айқындай келе, жеткіншектердің дене бітімі, психикалық, адамгершілік және рухани дамуына қажеттi өмiр сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін жауаптылықта болатынын, ата-ана құқықтары жасөспірім мүдделеріне қайшы жүзеге асырылмауы тиіс екенін түсіндірді.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс