Жауынгердің сүйегі табылды

«Пионер» іздестіру тобы Тверь облысынан қазақ жауынгерінің сүйегін тапты. Ол Ақмола облысының тумасы – Қамен Жұманов. Марқұм 1941 жылы Қорғалжын ауданының сол кездегі Киров колхозынан соғысқа шақырылған. Бүгінге дейін хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында болған. Қазіргі таңда батырдың ұрпақтары елорда іргесіндегі Қорғалжын ауданында тұрады. Батырдың артында қалған жалғыз тұяқ – Мәдениет апай. Әкесі ұрыс даласына аттанғанда оның жасы небәрі 3-те болған. Яғни, әкесінің түр-тұлғасы апайдың еміс-еміс қана есінде. Тек қолындағы жалғыз сурет жанына жұбаныш. Ал, майдан даласында әкесіне оқ тиіп, жараланғанын әжейге әкесінің қарулас серігі айтып келген. Жерлес жауынгердің сүйегі Тверь облысына қарасты Ржев ауданындағы Бельково шатқалынан табылған. Бұл жер 114-ші жеке атқыштар бригадасының шабуыл жасайтын тұрағы болыпты. Енді батырдың жалғыз қызы әкесінің сүйегін елге жеткізіп, құран бағыштасам деп армандайды. Батырдың артында екі қыз қалған. Оның бірі өмірден озыпты. Көзі тірі Мәдениет апай. Кейуана 12 ұрпақты дүниеге әкелген алтын құрсақты ана. Одан 17 немере, 24 шөбере тараған. Сексеннің сеңгіріне шықса да кесте тігіп, құрақкөрпесін қолынан тастамайды. Жерлес батырдың сүйегін елге әкеліп, рухына зиярат ету ісіне аудан әкімдігі де атсалыспақ ниетте. Бұл туралы батырдың қызымен кездескен аудан әкімі Берік Жанбаев айтты.
«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий