Жауынгердің сүйегі туған жеріне жеткізілді

Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған ақмолалық жауынгер Әзікен Нұғымановтың сүйегі туған еліне жеткізілді. Осыған орай, Көкшетауда жауынгердің аруағына құрмет көрсетуге арналған «Ерлікке тағзым» естелік акциясы өтті. Жауынгердің сүйегі мен медальонын ағымдағы жылдың мамыр айында Ресейдің Тверь облысы, Бельский ауданының «Ерлік» ғылыми-тарихи әскери-патриоттық орталығы» қоғамдық ұйымының іздестіру қызметкерлері тапқан.

Әзікен Нұғыманов 1897 жылы туған. Соғысқа дейiн Степняк қаласында тұрған. 1942 жылдың 19-ші сәуірінде Ақмола облысы, Қазақ КСР, Еңбекшілдер аудандық әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылыпты. Ақмола облысының әкімдігі мен «Атамның аманаты» ҚБ бірлесіп солдаттың сүйегін Отанға әкелу бойынша жұмыс жүргізді. Ресейлік іздеу жасағымен жасалған жазбаша келісімнің нәтижесінде отандасымыздың сүйегі Мәскеу қаласындағы Қазақстан Республикасының елшілігіне, артынша арнайы ұшақпен Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілді. Осыған орай, Көкшетау қаласындағы «Даңқ» мемориалында жауынгердің аруағына құрмет көрсетуге арналған «Ерлікке тағзым» естелік акция-сы өтті. Шараға аймақ басшысы Ермек Маржықпаев, Ресей Федерациясы Елшілігі, «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің өкілдері мен ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері қатысты. «Осыдан тура 79 жыл бұрын ашылған біздің тарихымыздың қайғылы парақтарының бірі – Екінші дүниежүзілік соғыс, оның қалдырған зардаптары осы күнге дейін жетіп жатыр. Бүгін сол жылдары туған-туыстарын жоғалтқан әрбір қазақстандық отбасылар үшін азалы күн болып саналады. Майданға аттанған 90 мың ақмолалық жауынгердің 37 мыңнан астамы ғана қайтып оралды. Оның 500-ден астамы батырлар», – деді жиында сөз сөйлеген аймақ басшысы Ермек Маржықпаев. Жауынгердің сүйегі оның кіші отаны – Біржан сал ауданында жер қойнына тапсырылатын болады. Айта кетсек, Мұрат Молдағалиев пен оның орынбасары Райгүл Мұшанова жетекшілік ететін «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі 2019 жылдан бері майданнан оралмай хабарсыз кеткен жауынгерлерді іздестіру жұмыстарымен айналысады. Бүгінгі күні бұл ұйым қазақстандық 550 жауынгердің жерленген жерін анықтаған. Үш жауынгердің туыстары Будапешт, Волгоград және Санкт-Петербург қалаларындағы жерленген орындарға аттанды.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий