Жағажайлар жайлы ма?..

Жаз маусымы басталысымен судан құтқару қызметкерлеріне тыным болмайды. Себебі қауіпсіздік ережелерін сақтамайтындардың қатары жыл сайын көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Биылғы суға түсу маусымы қайғылы оқиғамен басталды. Өңірдегі өзен-көлдерде, су қоймалары мен тоғандарда бір айдың ішінде 15 адам суға кетті, оның төртеуі – кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер.

Суға түсу маусымы басталғанға дейін, төтенше жағдайлар саласының мамандары тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін таныстыруды қолға алды. Жылдағы әдет бойынша жұртшылыққа суға түсуде сақтауға тиісті қағидаларды тәптіштеп түсіндірген. Дегенмен, суға түсу маусымының бірінші күнінде облысымызда он үш және он төрт жастағы екі қыз бала суға кетіп, көз жұмды. Адам өлімімен аяқталған оқиғалардың басты себебі – рұқсат етілмеген жерлерде суға түсу және балалардың бақылаусыз қалуы. «Нұра өзенінде болған қайғылы жағдай ұмытыла қойған жоқ. Онда ата-ана қарауынсыз қалған кішкентай қыз бала суға кетіп көз жұмды. Өкініштісі, баланың ата-анасы оқиға болған орынды білмегенімен қоса, оның уақытынан да хабарсыз болып шықты. Бұл да бейқамдықтың салдары»,–дейді Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағының жетекшісі Дәулет Шамиғанов. Облыс аумағында 754 өзен-көл мен су тоғандары бар. Бүгінде оның төртеуінде ғана құтқару құрылымдары жұмыс істейді екен. Қалғандарында ерікті-қоғамдық бекеттер құрылған. Олар тек профилактикалық шаралар мен зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетумен ғана шектеледі. Қажетті инфрақұрылымның болмауы да басты проблема болып отыр. Қазіргі уақытта 38 өзен-көлде ғана жағажай жұмыс істейді. Алдымен балалардың демалыс лагерьлері басты бақылауда. Суға шомылу маусымы басталғалы құтқарушылар 745 балаға жүзуді үйреткен.
«Заңға сәйкес қоғамдық орындарға ішімдік ішкен адамдарға айыппұл салынуы тиіс. Алайда, құқық қорғау органдарына арнайы хат жолдасақ та өңірдегі су қоймалары бақылауға алынбай отыр»,–дейді Ақмола облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Манарбек Шапағатов. Суға кеткен адамды құтқару – жауапкершілігі көп, ауыр жұмыс. Демалыс орындары сүңгуірлердің көмегімен су асты қоқыстан, балдырлар мен шыны сынықтарынан, темірлерден тазартылып отырылуы тиіс. Құтқару қызметі мамандары қарапайым тұрғындарға рұқсат етілген жерлерде, арнайы жағажайларда ғана суға түсуді ескертеді. Өйткені, бұл жерлерде судан қорғаудың барлық айла-әдістерін меңгерген сүңгуір мамандар мен талап бойынша медицина қызметкерлері кезекшілік етеді.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс