Жақсыдан шарапат

 

Зерлі Зерендінің көрікті жері Қошқарбай тауының баурайындағы қарағайлы орманның саф ауасын жұтып өскен журналист-жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мәди Хасенов менің анам Күлжиянның туған інісі болғандықтан жаста-йымнан оның тәрбиесін көріп өстім.

Нағашымның жазғы демалыста біздің ауыл – Ортағашқа келуін жалғыз туыстары ғана емес, ауылдың үлкен ақсақалдары да асыға күтетін. Өйткені, олар жаздың ұзақ та жылы кешінде үйдің жанындағы көк шөпке жайғасып, Мәди ағатайымның қызықты әңгімесін тыңдауға асығатын. Тіпті, балалардың өздері де ойынды доғарып, әсерлі әңгімеге ұйып қалатынбыз. Балғын балалық шақ артта қалып, онжылдықты бітірген соң нағашымның айтуымен Целиноград ауылшаруашылық институтының экономика факультетіне оқуға түстім. Жеңгем екеуі мені жатақханаға жібермей, екі жылдай өздерімен бірге тұрғызды. Сол жылдары ол кісінің «Алғашқы ән» әңгімелер жинағы, «Тұлпардың дүбірі», «Нартәуекел» повесть-романы жарық көрді. Ақмолаға келетін ақын-жазушылар міндетті түрде осы үйде қонақ болып, әңгіме құрып, домбыра тартып, ән шырқайтын. Нағашым да қоңыр дауыспен баппен ән айтушы еді. Жұбан Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков, Есләм Зікібаев, Жайсанбек Молдағалиев, Әскен Нәбиев сынды көрнекті қаламгерлердің мен де әңгімелерін тыңдап, қолтаңбаларын алдым. Сондағы қуанышымды курстас достарыма жыр ғып айтатынмын. Нағашым көбіне ауыл тұрмысы, қарапайым еңбек адамдарының өмірі, әсіресе, жылқы малын көбейту, қымыз өндіруді өндірістік жолға қою, өңір экономикасын өркендетудегі істеп жатқан ауқымды шаралар жөнінде көп жазды. Оның айтқан ұсыныстарымен облыстық деңгейдегі тиісті мекемелер де санасып, қорытынды жасайтын-ды. Қазіргі кезде ойласам, сол кісінің айтуымен экономика саласында алған білімім бүгінгі күннің талабына сай келеді. Мен де өз тарапымнан нағашымнан алған тәлім-тәрбиені өмірлік кәдеме жараттым. Кезінде совхоз директоры, облыстық жеміс-көкөніс бірлестігі төрағасының орынбасары, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының жоспарлау-қаржы бөлімі жетекшісінің орынбасары, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін істеп, еліміздің гүлденіп-көркеюіне лайықты үлесімді қостым деп ойлаймын. Мәди нағашым арамызда болғанда 80 жылдық тойын бірге өткізер едік-ау. Алайда, тағдыр оған бұл шаттықты бұйыртпады. Дегенмен де, артында қалған ұрпақтары, асыл жеңгеміз Ақлима, туған-туысқандары әрқашанда оның есімін ардақ тұтып, абыройын, мәртебесін еселей түсуге дайынбыз.

Сағынышым сары күздей

Қалың ойлар санамды көп қамайды,
Жыл-керуен жылжиды, тоқтамайды.
Сары күздей көңілде сағыныш бар,
Қалай ғана Мәдиін жоқтамайды.
Абзалым-ай, маңғазым, дарам менің,
Күндізі боп еліңнің жанам дедің.
Құлагердей жүйрік жоқ, сен де жоқсың,
Қимай берген ажалға, құлагерім!
Жыл болыпты жүзіңді көрмегелі,
Жыл болыпты қасыңа ермегелі.
Керек еді содан да бұл ініңе,
Тірлік оты ағаның сөнбегені.
Жыл болыпты сүйікті газетіңе,
Мәди ағам маңғазым келмегелі.

Амангелді ЖҰМАБЕКТЕГІ,
қаламдас інісі.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс