Жақсылық жасауға асығайық!

Еліміздің барлық облыстарында «Ана үйі» қоғамдық қорының қайырымдылық жобасы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Бұл жоба балалар үйіне жыл сайын келіп түсіп жатқан ата-анасыз қалған балалардың санын азайту мақсатында құрылған. Жақында Көкшетауда «Ана үйі» қоғамдық қоры жанынан «Бала асырап алуға қолдау көрсету орталығы» ашылды. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен брифингте қоғамдық қор өкілдері мәлімдеді.

Орталықты құрудағы басты мақсат – бала асырап алуға тілек білдірген ата-аналарға заң жүзінде және психологиялық тұрғыда кеңес беру. Тиісті құжаттарды рәсімдеуге де көмек көрсетіледі. Орталық аптасына 6 күн жұмыс істейді. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ольга Ковалеваның айтуынша, қазіргі таңда Ақмола облысы бойынша 391 бүлдіршін отбасы жылуына зәру. Өңірде 5 мемлекеттік, 1 жекеменшік балалар үйі тіркелген. Мамандардың айтуынша, бала асырап алушылар дерті жоқ балғындарды іздейді. Жоба аясында науқас балаларды емдетуге де жағдай жасалады. Облыс бойынша әзірге бала асырап алуға 10 отбасы ғана ниет білдірген. Мәселен, Көкшетауда жұмыс істеп жатқан 19 орындық «Ана үйі» қолдауға және түсіністікке зәру жас аналарды қабылдауға әзір. Қазіргі уақытта мұнда 6 әйел балаларын өсіруде. – Сәби бір жарым жасқа толғанша олар мұнда тегін тұрып, тамақтанады. Қажет болған жағдайда ем де алады. Әрі аналарды жұмысқа, ал, сәбиді бөбекжайға орналастыруға көмектесеміз. Қор қызметкерлері перзентханалармен тығыз байланыс жасайды. Егер ол жерге сәбиінен бас тартуға ниет еткен әйел келсе, үйлестіруші оған барып, біраз уақыт «Ана үйінде» тұруға ұсыныс жасайды, – дейді «Ана үйі» қоғамдық қорының үйлестірушісі Көгершін Хасенова.
– Біз бала асырап алғысы келетін әрбір ата-анамен жеке жұмыс жасап, оларды жауапты қадамға дайындаймыз. Ата-анасыз балалар отбасы жылулығын көрмей өскендіктен психологиялық ерекшеліктері болады. Танымайтын отбасына бейімделуі де қиын. Өкінішке қарай, кейбір ата-аналардың асырап алған балаларды қайтарған кездері кездесіп қалады. Осы мәселелерді жеңілдету мақсатында, «Ана үйі» қоғамдық қорының жанынан бала асырап алушы ата-аналарға арналған мектеп те жұмысын бастады. Бұл жерде кәсіби мамандар ата-аналарға жетім балалармен қарым-қатынас жасау жөнінде түсінік береді, – дейді Көкшетау қаласындағы «Ана үйі» қоғамдық қорының кеңесші-психологы Құралай Жұмабекова. Орталық мамандарының айтуына сүйенсек, қазір бала асырап алуда пәлендей шектеулер жоқ. Жасы 18-ге толған, ақыл-есі түзу әрбір Қазақстан азаматы бала асырап ала алатын көрінеді. Мұндайда бала асырап алушының бар-жоқтығы, зейнеткер немесе жалғызбастылығы шарт емес. Пәтер жалдап тұрғанын растайтын құжат тапсырса болғаны. Ең алдымен, бала асырап алуға тілек білдіруші азамат жақын туыстардың жазбаша келісімін алып, үй-тұрмыс-тық жағдайларына тексеру жүргізу туралы өтініш тапсырады. Жұмыс істейтін орнынан жиынтық табыс мөлшері, соңғы 12 ай бойына еңбек- ақы алып келгендігі жайында, денсаулығы, некеге тұрмаса нотариус расталған анықтаманы, некеде болса отбасы жайындағы анықтаманы, мекенжайы мен сотталмағандығы жайлы құжаттарды өткізеді. Ал, қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі өтініш тапсырылған 15 күннің ішінде мәліметтерді асырап алушылар журналына тіркеуге алады. 10 күннің ішінде үй-тұрмыстық жағдайына тексеру жүргізіп, асырап алушы болу мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі туралы 5 күн ішінде қорытынды шығарады.
– Біз жобаға кірісер алдында шетелдік тәжірибелерді біраз зерделедік. Сонда олар баланы асырауға берместен бұрын әуелі ниет білдірген ата-ананың өзін дайындайды екен. Біздің «Ана үйі» қоғамдық қоры жұмысының бір бағыты – дағдарысқа ұшырап, құндақтағы баласымен қайда барарын білмей абдырап қалған жанды өзімізде орналастырып, анасының бөбегінен бас тартпауына көмектесу, – деп өз ойын жеткізді «Ана үйі» қоғамдық қорының жетекшісі Гүлмира Ізімбергенова. Балалар үйінде тастандылар қатары артып барады. Бәлкім елімізде бастау алған осы жоба арқылы жетімдердің көбеймеуіне тосқауыл болармыз. Қазіргі күні республика бойынша 8 мыңнан астам жеткіншек балалар үйлерінде тәрбиеленуде. Ал, бала асырап алуға ниет білдіріп, кезекке тұрғандар саны 2 мыңнан сәл асады екен. Ендеше жетімін жылатпаған халықтық дәстүрді тірілтіп, адамгершілікке негізделген ұлттық бейнеміздің бітімін қалпына келтіріп, баланы отбасына оралтуды парыз санайық. Балалар үйіндегі бүлдіршіндер мына жарық дүниеге тағдырдың тәлкегін тарту үшін келмегені белгілі. Олар да аналық мейірімді, әкелік қамқорлықты аңсап жүр. Көздері жәутеңдеп болашақ ата-анасын күтіп отыр. Егер жағдайыңыз көтерсе, әлеуметтік ахуалыңыз мұрша берсе, балалар үйіндегі тастанды сәбилерді асырап алуға, бейкүнә балақайларға ата-ана болуға асығыңыз!

Көкшетауда бала асырап алуға көмектесетін орталық ашылды

Біздің мекенжайымыз: Абай көшесі, 112, №5 кабинет. Егер бала асырап алу жөнінде сұрақтарыңыз болса, 44-21-73, 8(708)4442173, 8(747) 3119746 нөмірінен немесе 1422 Call орталығынан мәлімет алуға болады.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс