Жақыныңа жанашыр бол!

Коронавирус инфекциясының екінші толқыны тұрғындар арасында өкпе қабынуы мен қарапайым тұмауды, жедел респираторлық вирустық инфекцияны айыра алмауға әкеліп отырған сыңайлы. Содан келіп «жай ғана тұмау ғой, өз бетіммен дәрілер ішіп жазылып кетемін» деп ауруға немқұрайлы қарап, асқындырып алып жатқандар бар. Дәрігерлер мейлі ол тұмау болсын, өкпе қабынуы болсын, коронавирус инфекциясының симп-томдары болсын – өз-өзіне диагноз қоймастан бұрын, дәрігерге қаралу қажеттігін айтады.

Десек те, үй
жағдайында
коронавирус
инфекциясын тұмаудан не өкпе қабынуынан, ЖРВИ-ден қалай ажыратуға болады?

– Коронавирус пен өкпе қабынуы арасындағы негізгі айырмашылық — коронавирус суық тию, өкпе қабынуы сынды аурулардан бастап ауыр жіті респираторлық синдромы (SARS) және таяу шығыс респираторлық синдромы (MERS) сынды ауруларды тудыруы мүмкін. Ал, өкпе қабынуы – коронавирус, тұмау вирусынан, тіпті суық тиюден, сондай-ақ, бактериялардан және басқа микроорганизмдерден болатын вирусты инфекциялардан туындайды. Коронавирустық инфекция өкпе қабынуына әкеліп соғуы мүмкін болғандықтан, симп-томдары ұқсас келеді. Дегенмен, аурулардың этиологиясы әртүрлі болғандықтан, асқынуды болдырмау үшін түрлі шаралар алған дұрыс, – дейді облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері Қасымжан Тәшметов.

Коронавирус
қалай жұғады?

Жоғары тыныс алу жолдарының шырышты қабығы арқылы ағзаға жұқпалы бөлшектер кірген кезде адам инфекция жұқтыруы мүмкін. Вирус адамнан адамға ауа-тамшы жолымен, яғни науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде жұғуы мүмкін. Сондықтан, көпшілік жерге барғанда адамдар арасындағы қашықтық кемінде 2 метр болуы шарт. Сондай-ақ, ол жуылмаған азық-түліктен, науқас адамның заттарынан да жұғуы ықтимал.
Коронавирустар қоршаған ортаға төзімді. 34-36°С температурада олар 2-3 күн бойы өмір сүре береді, ал дезинфекциялау құралдарын пайдалану арқылы 10 минут ішінде жоюға болады. Сондықтан, қолыңызды үнемі антисептикпен тазартып, үйге дезинфекция жасап тұрған дұрыс.

COVID-19 инфекциясының қандай белгілері бар?

Коронавирус инфекциясы жеңіл де, ауыр да өтуі мүмкін. Оның мынадай белгілері бар: жоғары температура, жөтел, тамақ ауыруы, мұрын бітуі, бас ауыруы, бұлшықеттердің ауыруы, іш өтуі. Егер осы белгілер байқалғанда дереу ем қабылдамаса, жедел респираторлық дистресс-синдромы (ОРДС), жүрек соғысының бұзылуы (аритмия), жүрек-қан тамыр коллапсы, бұлшықет ауруының асқынуы (миалгия), қатты шаршау сынды симптомдар қосылуы мүмкін.
Нақты диагнозды дәрігер анықтайды. Ол үшін тамақтан, мұрыннан, нәжістен сараптама алынып, микробиологиялық диагностика жасалады. Емді дәрігер тағайындайды.

Өкпе қабынуы
және оның белгілері

Өкпенің қабынуы кезінде альвеолдар мен өкпе тіндері зақымданады да, тыныс алу процесі қиындайды. Зақымдану аумағына қарай, өкпе қабынуы бірнеше түрге бөлінеді: вирус барлық өкпені, не бір немесе бірнеше аумақты, бронх-ты, т.б. зақымдауы мүмкін. Ең көп таралған пневмония түрлері – вирустық, бактериялық, аллергиялық және грибоктың әсерінен болатын түрлері. Кей жағдайда өкпе қабынуы созылмалы болып кетуі мүмкін.
Өкпе қабынуының белгілері: қақырықты жөтел, дене қызуы, қалтырау, тыныс алудың қиындауы, көкірек тұсының, буындар мен бұлшықеттер, бас ауыруы, тәбеттің жоғалуы және қатты шаршау. Кейбір сирек кездесетін формалары кезінде басқа да белгілер байқалуы мүмкін. Пневмококтен туындаған өкпе қабынуы болса, адам салмақ жоғалта бастайды және түнде қатты терлейді. Өкпе қабынуын анықтау үшін өкпені рентгенге түсіру керек.

Өкпе қабынуының ЖРВИ-дан айырмашылығы қандай?

Жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) мен өкпе қабынуының белгілері ұқсас келеді. Өкпе қабынуы көп жағдайда бактериялардың (95 па-йыз жағдайда — пневмококтен), вирустар мен грибоктардың әсерінен болады. Кейде ЖРВИ-дан кейін ауру өкпе қабынуына әкеліп соғуы мүмкін, мұндай жағдайдың салдары да жеңіл болмайды. Сондықтан, ЖРВИ-ға жеңіл-желпі қарамай, толық ем алу маңызды. Егер ЖРВИ жұқтырсаңыз, бойыңызда қатты шаршау байқалса, тәбетіңіз жоғалып, тыныс алу қиындап, жөтел пайда болса, онда асқыну болмас үшін дереу дәрігерге көрінген жөн. ЖРВИ жұқтырғаннан кейін өкпе қабынуы байқалмай бас-талып кетуі мүмкін. Өкпе қабынуы кезінде дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтерілуі мүмкін, үнемі әлсіздік басып, денеңіз дел-сал болып, қалтыраса, жөтелген кезде кеуде тұсыңызда ауырсыну байқасаңыз (ЖРВИ кезінде мұндай болмайды), жөтелгенде қақырық мөлшері көп болса (ЖРВИ жұқтыру кезінде қақырық болмайды немесе аз болады), тыныс алу қиындаса (ЖРВИ кезінде көбіне тыныс алу қиындамайды) – онда бұл көп жағдайда өкпе қабынуының белгілері. Мұрын бітуі – өкпе қабынуына емес, ЖРВИ-ға тән белгі. Дегенмен, қандай ауру болса да, дереу дәрігерге қаралған дұрыс.

Коронавирус, тұмау мен ЖРВИ-дің инкубациялық кезеңі қандай?

Инкубациялық кезең инфекцияның ағзаға түскен сәтінен бастап алғашқы белгілері байқалғанға дейін есептеледі. Яғни, ауру белгілері инфекция ағзаға түскеннен кейін неше күннің ішінде байқалады? Тұмау – 1-2 күнде, ЖРВИ – 1-5 тәулікте, COVID-19 1-14 күннің ішінде байқалады. Коронавирус, ЖРВИ мен тұмаудың белгілері ауру басталған кезде ұқсас келеді. Үшеуінде де бас ауруы, тамақтың қызаруы, жөтел, қызу көтерілуі, терінің бозаруы, тәбеттің болмауы байқалады. Айырмашылығы – коронавирус ЖРВИ мен тұмауға қарағанда өте қауіпті:
1 Өлім-жітімнің көптігі. Болжам бойынша, коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың 1-3,4 пайызы көз жұмуы мүмкін. Ал, тұмау жұқтырғандар арасында өлім-жітім шамамен 0,1 пайыз болады.
2.Иммунитет. Адам-дардың көпшілігінің ағзасында маусымдық тұмаудың түрлі штаммдарына қарсы антидене қалыптасқан. COVID-19 жаңа вирус болғандықтан, оған қарсы иммунитет әзір қалыптаса қойған жоқ.
3. Вакцина. Маусымдық тұмауды емдеу үшін вакцина мен дәрі-дәрмек жеткілікті. COVID-19 дертін емдеу үшін әзірге нақты белгіленген препарат жоқ, вакцина да енді ғана жасалып жатыр.
4. Инкубациялық кезең. Бұл коронавирустың ЖРВИ мен тұмаудан ең басты айырмашылығы деуге болады: COVID-19 вирусының инкубациялық кезеңі 14 күнге дейін созылуы мүмкін, сондықтан, жаңа вирус жұқтырған адам ЖРВИ мен тұмау жағдайына қарағанда, әлденше есе көп адамға қауіп туғызуы мүмкін.
5. Жұқпалылығы. Сарапшылардың пікірінше, коронавирус маусымдық тұмау штаммдарына қарағанда, әлдеқайда жұқпалы. COVID-19 жұқтырған адам кемінде 2-3 адамға ауру таратуы мүмкін.
6. Тәуекел тобы. Маусымдық тұмау 4 жасқа дейінгі балалар мен 65 жастан асқан қарттар үшін қауіпті саналады. COVID-19 кезінде балалар тәуекел тобына кірмейді. Ол 50-ден асқан адамдар үшін қауіпті саналады. Тәуекел тобында, сондай-ақ, қант диабетімен, жүрек ауруы, онкологиялық ауруы бар адамдар мен АИТВ инфекциясын жұқтырғандар бар.
7. Емдік шаралар. Коронавирус жұқтырғандардың 80 пайызында ауру жеңіл түрде өтеді. 20 пайызын ауруханаға жатқызып, емдеуге тура келеді. Бұл ретте науқастардың төрттен бірі жансақтау бөліміне жатқызылуы мүмкін. Ал, маусымдық тұмаумен сырқаттанғандардың көп жағдайда 2 пайызы ғана ауруханаға жатқызылуы мүмкін.
Ауруды даму қарқынына байланысты да ажыратуға болады. ЖРВИ кезінде ауру белгілері біртіндеп пайда болады. Тұмау және коронавирус кезінде тез дамиды. ЖРВИ, тұмау жә-не коронавирустың симп-томдарын дене қызуына қарап та ажыратуға болады: коронавирус – 38°-40°, тұмау – 38°-39°, вирустық инфекция кезінде дене қызуы 37,5°-тан бастап 38,7°-қа көтеріледі. Дегенмен, нақты диагнозды тек дәрігер ғана қоя алады.

Тұмау, ЖРВИ және коронавирустың алдын алу

Үшеуі де жұқпалы ауру болғандықтан, аурудың алдын алу, сақтану талаптары ұқсас келеді. Сондықтан, ауру қаупі толық сейілгенше, мынадай талаптарды орындауға тырысыңыз: адамдар көп жиналатын жерге маңызды себепсіз бармау, қоғамдық орындарда адамдардан кемінде бір метр қашықта болу, медициналық бетперде мен респираторларды ұдайы қолдану, қолды үнемі сабындап жуып, антисептиктер қолдану, лас қолмен бет-ауызыңызды ұстамау, үйді үнемі желдетіп, ылғалды тазалау, ауаны ылғалдандыру, сұйықтықты көп ішу, иммунитетті көтеру.
Ең бастысы, қандай да бір ауру белгілері байқалған кезде дәрігеріңізге хабарласып, ем-дом алу керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымынша, денсаулықтың жақсы болмағы көп жағдайда адамның өзіне байланысты, яғни 53 пайызы адамның өзінің өмір сүру салтына, 18 пайызы сыртқы ортаға, 18-20 пайызы адамның тегіне байланысты, қалған 5-10 пайызы ғана денсаулықты сақтау ұжымдарына байланысты. Сондықтан, әркім өзіне, жақынына жанашыр болуы керек.

Дайындаған: Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий