Жақыповтар отбасы – өнерлі жанұя

«Достық» үйі қашанда отбасылық береке мен бірлікті насихаттап келе жатқан рухани орда. Жақында ғана осында өткен «Өнерлі жанұя» байқауы барысында балаларын шығармашылыққа баулып, қазақтың киелі аспабы домбыраға жақын етіп, ата-анаға құрмет көрсетудің үлгісін перзенттерінің бойына дарытып жүрген шаңырақ иелерінің өнері ортаға салынды. Олар ән салды, өлең оқыды. Өнерге жақын зеренділік Ұлатай, красноярлық Жамилахын, көкшетаулық Ыбыраевтар мен Сыздықовтар, бурабайлық Жақыповтар өнегелі де берекелі шаңырақта ғұмыр кешіп жатқандарын ортаға салды. Нәтижесінде көпшіліктің көзайымына айналған ерлі-зайыпты Жақыповтар отбасы «Өнерлі жанұя» аталымына ие болды. «Достық» үйінде өзінің үйірмесін ашып, балаларды оқытып жатқан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова байқауға қатысқан бес отбасына өзінің әндер жинағын сыйға тартты.

Бірінші кезеңде әр отбасы өзін таныстырып шығуы тиіс болды. Бейнебаян арқылы да суреттеме жасалыпты. Өлеңмен көрерменге өздерін таныстырған Ұлатай отбасы лайықты бағасын алды. Ал, ата-анасынан бастап, балаларына дейін шетінен өнерлі Жәмилахын отбасы бірден қошеметке бөленді. Олар шаңырақтағы тәрбие-тәлімді шағын көрініс арқылы жеткізді. Ыбыраевтар отбасы болса, қазақтың дәстүрімен шашу шашып, үлгі көрсетті. Ал, бурабайлық  жас отбасы Жақыповтар бірден көрермен көзайымына айналды. Жарасымды жұп әр шығарылымын әдемі бейнекөрініспен әрледі. Жанында жүгіріп жүрген балақандары ата-анасына кедергі болған жоқ, қайта өздерінің тәтті қылықтарымен көріністі ажарландыра түсті. Көкшетаулық Сыздықовтар қазақтың ұлттық ойыны – асық атуды насихаттап, ата-анасы мен балалары бірге ойнап көрсетті. Байқаудың екінші кезеңінде әр отбасы өзінің өнерін ортаға салуға тиіс болды. Бұл кезеңде қатысушылардың ешбірі аянып қалмады. Ата-анасынан бас-тап, балаларының бәрі дерлік өнер көрсетті. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенованың шәкірттері домбыраны жақсы меңгеріп алғандығын көрсетті.  Кербез Көкшетауды әнге қосқан балаларға қошемет те ерекше болды. Қазылар алқасының төрағасы «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мейрамбек Қиықов марапаттау рәсімінде өнерлі отбастарына табыстар тіледі. Бұл байқауда орындар берілген жоқ. Өйткені, әр отбасы өзінің өнерімен ерекшеленді. Тек аталымдар бо-йынша бағалау жүргізілді. Зеренділік Ұлатай отбасы – «Өнегелі отбасы», красноярлық Жәмилахын – «Бірлігі жарасқан отбасы», көкшетаулық Ыбыраевтар – «Берекелі отбасы», Сыздықовтар – «Жасампаз отбасы» аталымы бойынша марапатталды. Қазақстан халқы Ақмола ассамблея-сы жанындағы «Аналар кеңесінің» төрайымы Зере Қиықова өнегелі отбасы мүшелерінің көрсеткен үлгілеріне алғысын жеткізіп, балаларды қазақтың ұлттық өнерімен сусындатып жүрген Бисара Мәкеноваға сый-сыяпатын жасады.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий