Жаңаша жұмыс үрдісі

«Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалында Парламент Мәжілісінің депутаттары Сапархан Омаров, Ерсұлтан Бектұрғанов, Жанат Жарасов, Жексенбай Дүйсебаев, Сапар Ахметов, Михаил Чирков сайлаушылармен және өңір активімен кездесу өткізді. Модераторы – облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов. Кездесуге мемлекеттік емес ұйым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, қалалық және облыстық мәслихат депутаттары қатысты.

Меймандар заң шығару, бюджетті жоспарлау, мемлекеттік бағдарламаларды және партия платформасын орындау бағытындағы Мәжілістің жұмысы туралы ақпар берді. Өткен Парламент отырысында 81 заң жобасы қаралып, оның 51-і мақұлданған. Мемлекет басшысы 28 заң жобасына қол қойған. Негізгі мәселелер тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, лаңкестікке қарсы күреске бағытталған, шұғыл жобалар да бекітілген. Олардың қатарында «Барлау туралы», «Ақпаратқа қолжетімділік туралы», «Жергілікті атқарушы биліктің дамуы туралы» заң жобалары бар. Сөз алғандар үкіметпен өзара байланыс туралы айтты. Депутаттық тыңдалым, дөңгелек үстелдер, үкімет сағаты өтіп, барлық министрліктер есеп берген. Мәжілісмендер алғаш рет жаңа үлгіде жұмыс жүргізген, яғни онлайн-трансляция арқылы ашық отырыс өткізген. Қазақстанның жетістіктері де ортаға салынды. Республика БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелікке өтіп, өзінің ядролық әлем позициясын ұстап қалмақ.
Модератор Ғалым Мәдешұлы біздің өңірдің жетістіктеріне тоқталды. Соңғы үш жылда облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері даму үстінде. Ауыл шаруашылығы, өндіріс және тұрғын үй индексі бойынша алдыңғы үштікте. Енді тек орташа жалақыны көтеруге күш салу қажет. Бұл жағынан біздің өңір 11 орында тұр. Бюджеттің игерілуі – 99,4%, баспанамен қамту – 150%. Кездесу барысында ақмолалықтардың өтініш-тілектері де тыңдалды. Жалақысы төмен бюджет саласы мен мемлекеттік қызметкерлердің тұрғын үйге қол жетімділік мәселесі алға тартылды. Әсіресе, қызметтік баспана санын көбейтіп, қосымша тұрғын үй салуға учаскелер бөлу және Мәжілістегі заң жобаларының тыңдалымына аймақтардағы жергілікті атқарушы орган өкілдерін қатыстыру тәжірибесін қайта жандандыру қажеттігі айтылды. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров білім саласындағы мемлекеттік сатып алу туралы заңды қайта қарауды сұрады. Себебі, күнделікті жұмыс процесіне аса қажет кеңсе тауарларын, азық-түлік өнімін сатып алуда қағазбастылық көп уақытты алады. Ал, өзінің міндетіне салғырт қарайтын жауапсыз мердігер кездессе, оны сотқа беруге тура келеді. Сот шешімін күтіп, мемлекеттік сатып алу процедурасын қайта жүргізуге тура келеді. Бұл өз кезегінде оқу процесін кешеуілдетеді.
Әскери қызметшілер атынан Қорғаныс істері департаментінің өкілі сөз алып, қазіргі таңда еңбек сіңірген жылдарына қарай төлем мен әскерилерге жалға берілетін баспананың қаржылай төлемақысын алу қиындап кеткендігін тілге тиек етті. Осы жерде ауған соғысы жауынгерлеріне бірінші кезекте үй беру мәселесі алға тартылды. Депутаттар барлық сауалдарды, ұсыныстар мен ескертулерді Мәжілісте қарауға уәде етті. Облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов әріптестерінің сөздерін қорытындылай келе, еліміздегі қоғамдық-саяси жағдайдың индикаторы ретінде әлеуметтік желілердегі комментарийлерге назар аударып, атқарушы билік, құқық қорғау органдары, қоғамдық ұйымдар қоғамдағы осы өзгерістерге өз ойын білдіру қажеттігін айтты. Кездесуден кейін Мәжіліс депутаттары қала әкімі Ермек Маржықпаевпен бірге «Молоко Синегорья» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, Көкшетау техникалық институтында, Красный Яр селосындағы блоктық-модульдық қазандығында, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері бойынша агенттіктің Ақмола облыстық департаметінде болды. «Нұр Отан» партиясы филиалының қоғамдық қабылдауында, «Көкше» мәдениет үйінде азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдау жүргізді. Делегация облыстың аудандарында болып, жергілікті жерде тұрғындармен кездесіп, кәсіпорындарды аралады.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс