Жаңа бағдарламаның басым бағыттары

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жұмыс сапарымен Көкшетау қаласында болып, бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандарды аралап көрді және еңбек ұжымдарымен кездесіп, адамдардың денсаулығын қорғау, әлеуметтік жағдайын жақсартуға назар аударды.

Министр алдымен көпшілікке арналған орындарда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасалған жағдайлармен танысты. Өңірде мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық орындарға емін-еркін кіріп-шығуына жағдай жасалып келеді. Мәселен, Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының кіре берісінде барлық ережелерге сай келетін пандустар, ал ішкі баспалдақтардың жақтауларында брайль шрифті, онымен қоса көрермендер залында құлағында мүкістігі бар азаматтардың қойылымды тамашалауы үшін тиісті жағдайлар жасалған. «Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін нысандарды қолжетімді ету мәселесінде Ақмола облысында атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беруге болады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өздері де жасалынған мүмкіндіктерге өздерінің ықыластарын білдіруде», – деді Т.Дүйсенова өз сөзінде.
Министр қалалық аурухананың жанынан ашылған церебральдық сал ауруымен науқастанатын балаларға арналған медициналық орталықтың жұмысымен танысып қайтты. Бүгінгі таңда орталықта 25 бала медициналық оңалтудан өтуде. Одан кейін Тамара Дүйсенова жұмыспен қамту орталығына барып, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының аясында атқарылып жатқан істермен танысты. Министр «Тыныс» зауытында да болып, аталмыш серіктестіктің жаңартылған материалдық-техникалық базасын байқап, жаңа технологияларды игеруде  мамандарды қайта даярлаудан өткізу қажеттігін атап өтті. Аталмыш серіктестікте өткен жиын барысында бірқатар заң бұзушылықтар жайы да сөз болды. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында еңбек инспекциясы тарапынан жүргізілген тексерістің нәтижесінде, 300-ге жуық заң бұзушылық анықталған. Олардың басым көпшілігі еңбекақының уақытылы төленбеуіне байланысты. Осылайша осы жылдың өзінде 56 кәсіпорында жалпы сомасы 154,2 миллион теңгені құрайтын еңбекақы бойынша қарыз бар екені анықталған. Бүгінгі таңда берешек кәсіпорындар қарыздарын түгел өтеген. Осылайша, 1,7 мың қызметкердің құқықтары қорғалған.
Бұдан бөлек, «Достар» мәдениет сарайында өткен жиында 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап іске қосылатын міндетті медициналық сақтандыру мен жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке өңірдің дайындығы жайы талқыланды. Бүгінгі күні 740 мыңға жуық тұрғыны бар Ақмола облысында 104 мыңнан астам адамның әлеуметтік мәртебесі анықталмаған. Атаулы әлеуметтік көмек көрсету ережелеріне де өзгертулер енгізілген. Сондықтан да министр Тамара Дүйсенова жауапты органдарға осы мәселелерді қолға алып, жуық арада шешу қажеттігін атап өтті.
Сапарды қорытындылаған министр: «Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтудың жаңа мүмкіндіктері қаралады. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді жасап отырмыз. Енді азаматтарға театрды тамашалауға ғана емес, сол жерге жұмысқа тұруға болады. ХҚКО-на, дәріханаларға жұмысқа тұратын мүмкіндігі бар. Сол мүмкіндіктердің барлығын жасап жатырмыз. Содан кейін бізде бағдарламаның аясында квота қарастырылған. Қазірдің өзінде 2 жарым мыңнан астам азаматтарды жұмысқа тарттық», – деді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс