Жаңа жобалар жүзеге асырылып, қала қарқынды дами бермек

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың биылғы халық алдындағы есеп беру жиыны қаланың бір ауданы болып саналатын Станционный кентінен басталды. Сөз басында айта кетеріміз, бұл кенттегі соңғы жылдардағы оң өзгерістер сырт көзге де көрініп тұр. Бұрын Омбыға қарай бағыт алған тас жолдан Станционныйға бұрылу үшін бірнеше шақырым жүруге тура келетін. Көптеген құжат қаттау, есеп-қисап, тағы басқа құрылыс жұмыстарының жеткіліктілігіне қарамастан ол мәселе шешілген. Қазір айналма жолмен барып, жұрт өз мекеніне бұрыла қояды. Кенттің ішкі жолдарының жөнделгені, жарықтандырылғаны, абаттандыру, аулаларды жөндеу жұмыстары жүріп, жинақталып, тап-тұйнақтай болып қалғанын байқамау мүмкін емес.
DSC_9056Жиын өтер залда үлкен экраннан көрсетіліп тұрған роликте қаланың даму барысы алға тартылыпты. Кейбірін күнде көріп жүрсек, кейбір жаңалықтарымыз көзден таса бола бергендей. Шын мәнісінде қаз-қатар тізбелесең, атқарылып жатқан іс көп. Қызыл кірпіштен көп қабатты қаншама үйлер салынды, көшелер жөнделді. Мектептерге қосымша ғимараттар, скверлер, балабақшалар, ойын алаңдары…
Алдымен Станционный кентінің әкімі Ардақ Тасқынбайдың соңғы бір жыл ішінде атқарылған жұмыстар жөніндегі есебі тыңдалды. Бюджеттен Станционный кентіне бөлінетін қаражат көлемі өткен жылы екі есе өскен. Сол өсімнің нәтижесі кент тұрғындарының қуанышына айналды. Бірнеше көше күрделі жөндеуден өтсе, бірнеше көшенің ой-шұқыры жамалды, жарықтандырылды. «Астанаға 10 жыл» атанған бақ ашылып, тұрғындардың дем алуына, әртүрлі мәдени шаралар өткізуге мүмкіндік туды. 1236 адам белсенді қызметке атсалысуда, 1911 адам өз жеке шаруасын жетілдіруде, 25 тұрғын жұмысқа орналастырылған. Өткен оқу жылын 3 оқушы «Алтын белгімен» бітірген. 513 нысан орталық жылу жүйесіне қосылған. 2 монша, 2 шаштараз, 7 сауда нүктелері жұмыс жасап тұр. Кент басшысы осылайша бірқатар мәлімет деректерді алға тартты.
DSC_9060Көкшетау қаласының әкімі Е.Маржықпаев өз сөзінде бұл кент орталықтан қашықтау болғанымен оның тыныс-тіршілігі үнемі қадағалануда екенін айтты. Жасалған жұмыстар айтылды. Ал, көптен шешілмей келе жатқан дәріхана мәселесі таяудағы бір апта ішінде шешілетін болды. Әлі жарықтандырылмаған көшелер бар, олар кезекте тұр. Кентке жетіспей тұрған Мәдениет үйін салу да келесі жылы қолға алынатын болады. Оның құжаттарын дайындау аяқталған. 160 орындық залы, әртүрлі үйірмелердің жұмыс жасауына қолайлы бөлмелері бар. Ол ғимарат кенттің мәдени өмірінің дамуына үлкен серпін бермек.
Тұрғындар тарапынан – бір үй іргесіне жиналған суды жою, орталық жылу жүйесіне қосылған бірер пәтердің салқындығы, бір аялдама жанына жаяу жүргіншілер үшін белгі қою сияқты са-уалдар қойылып, қала әкімі ол мәселелерді шешуді жиынға қатысып отырған мамандарға тапсырды.
Әкімнің келесі кездесуі Красный Яр поселкесінде өтті. Онда да алдымен Краснояр селолық округінің әкімі DSC_9023Нұрлан Исиннің есебі тыңдалды. Мұнда да кенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі ұлғайған. Қырық миллион теңге толық игеріліп, қажетті мақсатқа жұмсалған. Көшелерді асфальттау, грейдер төсеу, жарықтандыру одан әрі жоспар бойынша жалғаса бермек. Өткен жылы 390 электр бағаны орнатылыпты. Чайкино селосымен екі ортаға өзен үстінен жаңа көпір салынуда. 2 млн. 600 теңгеге ағаш отырғызылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілген.
Сөз кезегін алған қала әкімі Е.Маржықпаев өткен жылы еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері өз алдына мектеп ғимаратының пайдалануға берілгенін, оның 900 орындық, бүгінгі күн талабына сай «IT» мектебі екенін, соңғы жылдары пайдалануға берілген жаңа мешіт, «Неке сарайы» сияқты ірі жаңалықтарға алдағы уақытта күрделі жөндеуден өткен М.Ғабдуллин көшесі бойынан Қылшақты өзені үстінен салынатын көпір, Бұқпа тауы үстінен орын тебер тағы бір қаланы тамашалауға арналған орын, М.Әуезов пен З.Темірбеков көшелері қиылысында салынып жатқан балабақша кешені, «Көктем» мөлтек ауданында бой көтерер «Рухани жаңғыру сарайы», тағы басқа нысандар қосылатынын тілге тиек етті. «Рухани жаңғыру сарайы» 1200 орындық, көп көрермен жинайтын атақты өнерпаздардың келуіне жол ашады, сондай-ақ, онда жұмыс жасайтын әртүрлі бағыттағы үйірмелер жас таланттардың көзін ашпақ. Өткен жылы 43 аулада 60,3 шаршы метр жерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Осы жылы 30 ойын, 15 спорт алаңдарын салу жоспарланып отыр.
DSC_9052М.Горький мен М.Әуезов көшелері бойындағы оңға бұрылар қосымша жолдар қала тұрғындары үшін айтарлықтай қолайлылықтар әкелсе, осындай жолайрық биыл тағы екі жерден салынбақ. Сондай-ақ, көшеде кісі тасымалдайтын 36 жаңа автобустар алынады. Қопа көлі жағалауын жаңғырту жалғаса бермек. Ескі үйлер алынып тасталып, орнына жоспардағыдай жолдар, үйлер, дәмхана-дәріханалар, яхт-клубтар, тағы басқа демалысқа қолайлы нысандар орналасады. Қалаға Атбасар жақтан кіреберіске жаңадан қақпа қойылып, сәулеттендіріледі.
Әкім осы сияқты қала дамуына байланысты негізгі мәселелерді айта келіп, Красный Яр кентіне тоқталды. Бұл кенттің дамуына да қомақты қаражат бөлініп, жоспарлы жұмыстар уақытымен атқарылуда.
Красноярлықтар айнала, қоршауы бар атшабарға жағалай ағаш отырғызылса, Красная көшесіне жол салынса, Красный Ярдан Көкшетауға дейін велосипедшілер үшін жол салынса, «Нұрлы жол» ауылына балабақша салынса, атқа мініп сейілдеймін деушілерге арналып бір орын ашылса, Бейбітшілік, Наурыз көшелеріне қиыршық тас төселсе, қоқыс-қалдықтың әкетілуі жүйеленсе деген сұрақтарын қойды.
DSC_9079Жалпы, қаланың басқа аудандарында жүріп жатқан жұмыстар «Шанхай» аталатын Теміржол вокзалы сыртындағы шағын ауданда да жүріп жатыр. Көп жыл сөз болған монша, оған қосыла ашылған спортзалы қалыпты жұмыс жасауда. Дегенмен, тұрмыстық қалдықтың уақытымен шығарылмауы, кей жерлерде
жарықтың жеткіліксіздігі, үйлерге жақын қар суының жиналуы, жаяу жүргінші жолдарының барлық жерде болмауы сияқты кемшіліктер бар. Әкім көтерілген мәселелердің рет-ретімен шешілетінін айтты. Қала әкімі Ермек Маржықпаев тұрғындармен кезекті есеп беру кездесуін Көкшетаудағы №21 мектепте жалғастырды. Шаһар басшысы өткен жылы атқарылған істерді баяндады. Облыс орталығын көркейтуге арналған шаралар көптеп атқарылған. Ілкімді істер әрі қарай да жалғасын табады. Тұрғын үй, жол, балабақша құрылыстарында ілгерілеу бар. Балабақша кезегінде тұрған 600 бөбектің мәселесі шешілетінінің өзі көкейге қонымды. Екі ауысыммен оқитын оқушылардың жағдайы ескеріліп, биыл №1 және №13 мектептердің жанында қосалқы ғима-раттардың құрылысы қолға алынады. Көкшетауға көрік беріп тұрған Қопа көлінің әрі қарай ластануын тоқтату үшін Кенесары көшесінен Орталық базарға дейінгі аралықтағы жер үйлер алынып тасталып, орнына көпқабатты тұрғын жайлар бой көтеретіні де көңілге қуаныш ұялатады. Бұл жұмыстар одан кейінгі жылдары жалғасын тауып, Бармашын аумағынан Красный Яр саяжайлары аралығы ескі үйлерден арылса, қаланың көркейе түсері анық. Бұрын-соңды қолға алынбаған жол құрылыстарының жұмысы да жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің көңілінен шығып жүр. Сағдиев көшесімен зырылдап жатқан көліктер енді Наурызбай батыр көшесімен де биылдан бастап жүретін болады. Осылайша кептелістерден де құтыламыз. 66 ауланың жөндеуден өтуі ойын баласы үшін де, ересектер үшін де қолайлы жағдай туғызып келеді. Қала бо-йынша қылқан жапырақты ағаштардың жаппай отырғызылуы экологиялық ахуалды жақсарта түсері сөзсіз.
Есеп беру кездесуінде Жайлау мөлтек ауданы тұрғындары тарапынан сауалдар жолданды.
Зейнеткер Жұмабек Қожахметов: Жеңіс көшесіне өткен жылы қиыршық тас төселді. Ендігі сұрайтыны: көше жарықтандырылса. Жер үйлердің маңында бос жүрген иттер болады, мектептен кеш қайтатын немерелерінің өміріне алаңдайды. Сондықтан биыл осы мәселе шешімін тапса, нұр үстіне нұр болар еді.
Қала әкімі Е.Мар-жықпаев: Бұл жағдайды жан-жақты қарастырып, сол аумақтың ұзындығын өлшеп, бір шешім шығарамыз және жергілікті округтен сайланған депутат Ж. Әбішевке де осы мәселені зерттеуді тапсырамын.
Зейнеткер Мұстафа Сансызбай: Көмір бағасы тым қымбат. Өткен жылы бір тоннасы 14-15 мың теңге болған еді, биыл 16-17 мыңға дейін көтерілді. Төмен зейнетақы алатын қариялар үшін бұл тым қымбат. Әрі солтүстіктің алты ай қысына қыруар көмір шығындалады. Сондай-ақ, астықты алқапта нанның бағасы неге қымбат? Жаңа жылдан бастап бір-екі өндіруші өз өнімін 100 теңгеге саудалай бастады.
Қала әкімі Е.Маржық-паев: Осы жағдайға қатысты бағаны реттейтін мекемеге хат жолданып, сұрау салынды. Алдағы уақытта бұл мәселе оң шешімін тауып та қалар.
Кездесу барысында шаһар басшысының жұмысына оң бағасын беріп, алғысын білдіргендер де бар. Алда атқарылатын істер көп. Меже де айқын. Тек батыл шешім қабылдап, кірісу қажет. Бұл жұмыстар көкшетаулықтармен бірлесе атқарылады деп сөзін қорытындылады қала әкімі.
Ермек Маржықпаевтың тұрғындармен есепті кездесуі №13 мектеп-гимназиясында да өтті.
Әкім есебінде айтылғандай, шаһарда білім беру және басқа да әлеуметтік нысандар салынып, көптеген жаңа мөлтек аудандар мен көп қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Заңғар көкпен таласқан зәулім де сәулетті ғимараттар қала келбетін одан бетер көріктендіре түсуде. Осынау өркениетке ұмтылған белестерге «Ақылды қалалар» бо-йынша атқарылып жатқан жұмыстар да өз үлесін қосуда. Қала әкімдігі жолау-шы тасымалдаудың сапасын арттыру үшін қоғамдық көліктерге электронды билеттеу жүйесін енгізу бастамасын жүзеге асырмақшы.
Коммуналды қызметке де цифрлы жүйенің дәуірі жетіп отыр. «Е-ПИК» жобасы енгізілуде. Осы орайда қаламыздағы №13 мектепте «Smart» жобасы аясында асханада қолма-қолсыз төлем жүйесі енгізілетін болады», – деді қала басшысы Е.Маржықпаев.
Қала әкімі есептік баяндамасында білім беру саласына көп көңіл бөлініп келе жатқанын тілге тиек етті. 1 сынып оқушыларын тегін тамақтандыруға қала бюджетінен 90 миллион теңге, білім беру мекемелеріне ауыз су қондырғыларын орнатуға 22 миллион теңге қаражат бөлінді.
Кездесу барысында округ тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, сұрақтарына жауап алды. Көпшілікті алаңдатқан сауалдардың бірі жол мәселесі болды. Тұрғындар Бейбітшілік мөлтек ауданына қашан жол салынатынын сұрады. Әкім жобалық-сметалық құжаттама да-йын болғаннан кейін ғана Уәлиханов көшесі, айналма жолмен байланыстыратын жол салу жұмыстары басталатынын мәлімдеді.
Жер үйлердің маңындағы контейнерлерден қоқыс уақытылы әкетілмейтіні сөз болды. Қала басшысы шаһарды қоқыстан тазарту ортақ мәселе екенін айта келе, тұрғындар коммуналдық төлемдерді уақытылы төлемейтіндіктен, кәсіпорындар тиісті қаражатты өндіріп ала алмай отырғанын жасырмады. Қазіргі күні тұрғындар жылуға 345 млн теңге, суға 135 млн теңге қарыз. Қала тұрғыны Ольга Михайловна учаскелік полицейлердің жұмысына көңілі толмайтынын, пәтерлерін жалға берушілерді тексеруді ұсынды. Әкім айтылған ұсыныс назарға алынатынын, полицейлер осы аумақтағы жағдайды бақылауда ұстайтынына сендірді. Боровской, 67 үй тұрғындары балалар алаңы салынса деген ұсыныстарын жеткізді. Биыл Домбыралы көшесінің жолын тегістеуге 500 миллион теңге қаражат бөлінбекші. Бұл аумақтағы ескі жер үйлер әзірге сүрілмейді, әзір жоспарда жоқ. Тұрғындар аялдамада автобустарды сағаттап күтетіндерін айтып, осы мәселені реттеуді сұрады. Әкім жаңа мөлтек аудандар бой көтеріп, қала аумағы кеңейіп келетіндіктен, қоғамдық көліктерді көбейту басты назарда ұсталатынын жеткізді.
Кездесу соңында жиналған тұрғындар қала басшысына болашақта атқарар жұмыстарына жеміс тілеп тарқасты.
Шаһар басшысы сондай-ақ, №12, №19 мектепте де тұрғындармен жүздесіп, өткен жылы атқарылған істерді ортаға салды. Жалпы, халықтың атқарылған істерге көңілі толады. Есеп беру кездесулердің барлығында дерлік Көкшетаудың көркейіп келе жатқанына ризашылығын білдірген жұрт алғысын да аямады.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий