Жаңа нысандар өңір дамуының кепілі

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев шалғай жатқан Жақсы, Жарқайың және Есіл аудандарында болып, аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып, егіс жұмыстарына баса назар аударды. Жақсы ауданына  жасаған  сапарында өңір басшысы Белағаш орта мектебінің жөндеу жұмысы барысымен танысты. 

Оған облыс бюджетінен 142 млн теңгеден артық қаржы бөлінген. Жоспар бойынша жөндеу жұмыстары биылғы жылдың тамыз айында аяқталмақ. Аймақ басшысы жауапты мердігерге нысанды сапалы түрде әрі уақытында тапсыруды жүктеді. Ал, педа-гогикалық қызметкерлерге оқу орнының білім сапасын арттыруды міндеттеді. Әрі қарай облыс әкімі Белағаш ауылындағы жаңадан салынып жатқан дене шынықтыру және сауықтыру комплексімен танысты. Құрылысқа қажетті қаражатты «Агрофирма ТНК» серіктестігі бөлген. Бұл спорт нысаны болашақ Олимпиада чемпиондарын дайындауға мүмкіндік бермек. Жұмыс сапары кезінде Ермек Маржықпаев аудандардағы көктемгі егіс жұмыстарына басты назар аударды. Өңір басшысы «Запорожье» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс науқанымен танысты. Биыл 44 мың гектар аумаққа дәнді және дәнді бұршақты дақыл егілмек. Оның ішінде бидай – 39 033, арпа – 4 199, сұлы – 801, жемшөп дақылдары – 268 гектарды алады. «Адамдар жыл он екі ай жұмыс істеулері қажет. Мал шаруашылығын дамыту керек. Оның үстіне біз аз қаржы бөлмейміз. Мал басын түрлендіру, төлдейтін мал алуға назар аударылсын. Барлығына субсидия беріледі. Көмектесеміз. Сондықтан, дамуға баса назар аударылсын», – деді облыс әкімі. Запорожье ауылында Ермек Боранбайұлы «ПромМебЦентр» серіктестігіне барды. Мұнда жиһаз өндіру мен оны қайта қалпына келтіру жұмысы қолға алынған. Сондай-ақ, кәсіпорын ғимаратындағы кабинеттер жалға беріліп, стоматология мен тігін бөлімі жұмыс істеуде.
Әрі қарай аймақ басшысы Жарқайың ауданындағы «Темірлан» серіктестігінің көктемгі егіс жұмыстарымен танысты. Өз өңірінде теңдесі жоқ кәсіпорын тек егін шаруашылығымен ғана емес, мал өсірумен де айналысады. Сондай-ақ, Тасөткел ауылындағы сүт зауыты тәулігіне үш тоннадан он жеті тоннаға дейін сүт, айран, ірімшік, қаймақ, май өндіреді. Кәсіпорын туған ауылының әлеуметтік жағдайына да араласады. Мысалы, олар өз қаржысына мектеп пен спортзалы бар мәдениет үйін жөндеген. Ермек Маржықпаев Державинск қаласындағы қайта салынып жатқан алпыс пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен де танысты. Оған облыс бюджетінен 265,8 млн теңге бөлінген. Нысанды жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға бермек. Аймақ басшысы бұл жолы әлеуметтік желі арқылы өзіне сауал жолдаған Державинск қаласы тұрғынымен тікелей жүздесіп, сол коммуналдық мәселені талқылады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында интернат ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал, Ақпан Үкібаев атындағы мектептің алдына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қоршауы ауыстырылуда. Осы мақсатта 240 миллион теңге бөлінген.
Ермек Маржықпаев одан соң Есіл ауданында «Ново-Приречное» серіктестігінің жұмысымен танысты. Ол аудандағы ең ірі ауылшаруашылығы кәсіпорындарының бірі. Мұндағы ауылшаруашылығына пайдаланылатын жалпы жер көлемі – 48 048 гектар. Кәсіпорынның тұқым шаруашылығы деген мәртебесі бар. Есіл қаласындағы №1 және №2 орта мектептерге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал, аудандық аурухана үшін биыл реанимобиль мен құны жетпіс млн теңге болатын жаңа медициналық құрылғы сатып алынған. Аудан орталығындағы ішкі жолдар жөнделуде. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жобасын жүзеге асыру мақсатында 50 миллион теңге бөлінген. Бұл жұмыстар мамыр айының соңына дейін аяқталады.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий