Жаңа оқу жылынан не күтеміз?

Әне-міне дегенше 2020-2021 жаңа оқу жылы да басталмақ. Сонымен биылғы оқу жылының ерекшелігі мен жаңашылдықтар қандай? Оқушыларды не күтіп тұр? Мұғалімдер қауымын ше? Өңірде 248 шалғай ауылдардағы мектептер оқу жылын дәстүрлі режимде бастамақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыс әкімі Ермек Маржықпаев мәлімдеді.

Жаңа оқу жылында облыста 132 мыңнан астам оқушы білім алмақ, олардың ішінде 15 мыңы мектеп табалдырығын алғаш аттамақ. – Елдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, облыстағы 555 мектептің шалғай ауылдарындағы бала саны аз 248 мектепті штаттық режимде оқытуды жөн деп таптық. Қалған 307 білім ордасы қашықтық режимде оқытылады. Дегенмен, ата-аналардың өтініштері бойынша бастауыш сыныптарда әр сыныпта 15 оқушыдан аспайтын кезекші сыныптар жұмыс істейтін болады, – деді Ермек Маржықпаев. Алдын ала болжам бойынша облыста 3 мыңға жуық кезекші сыныптар ашылып, онда 45 мың оқушы оқытылмақ. Облыстағы 89 балабақшада 244 кезекші топтар ашылды. Қазір мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 244 кезекші топтар жұмысын бастады. Талапқа сәйкес әрбір топта бала саны 15 баладан аспауы тиіс. Пандемия кезінде балабақшалардағы оқыту принципі мектептерге ұқсас болады. Қосымша білім беру ұйымдарында ата-аналар мен балалар үшін онлайн кеңестер берілмек. Бірақ, денсаулық жағдайы күрделі балаларды жекелей тәртіпте алдын ала жазылу бойынша қабылдау жүзеге асырылады.
17 мың оқушыға мектеп құралдары таратылады Ақмола облысында жылдағы дәстүр бойынша, биылғы жаңа оқу жылында да аз қамтылған отбасылардың балаларына көмек қолдау көрсетіледі. Оқушыларға киім-кешек және аяқ киім мен оқу-жазу құралдары таратылады. Биылғы жылы 17 мың ақмолалық оқушыларға мектеп құралдары берілмек. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 300 миллион теңге қарастырылған.
Ақмола облысында «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында көптеген оқушылар көмек алып келеді. Облыс әкімі атап өткеніндей, бұл қайырымдылық акция-сы әлеуметтік сипатқа ие болып, жыл бойы жалғасын тапты. Соның нәтижесінде жергілікті кәсіпкерлер де бұл жобаны қолдап, өткен жылы 16463 оқушыға көмек көрсетілді. – Жыл сайын бизнес қауымдастықтары мен меценаттар және Ақмола облысының белсенді азаматтары бұл мақсатқа 250 миллион теңге бөледі, – деп атап өтті Ермек Маржықпаев. Мұндай балаларға депутаттар да қол ұшын созды. Биыл да бұл дәстүр жалғасын таппақ.
23 мыңнан астам компьютер сатып алынады Бірінші кезекте әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды компьютермен қамтамасыз ету жоспарланған. Қазіргі уақытта облыс мектептерінде 16 мыңнан астам компьютерлік техникалар бар. Олардың 1,5 мыңнан астамы биыл сатып алынған.
Оқу жылы басталғанға дейін тағы 300-ден астам компьютер сатып алу жоспарланған. Жалпы, биыл жыл соңына дейін 23 мыңнан астам жаңа компьютерлер сатып алынбақ. Олар 3-4 тоқсанда жеткізіледі. Жалпы, 132 мың оқушының 124 400-і, яғни 94 пайызы интернет желісіне қосылған. Өкінішке орай, 7800 оқушы ғаламторға қол жеткізе алмай отыр. Аталған мәселені шешу үшін оқушыларға ұялы байланыс операторларының мобильді интернеті бар флеш-карталар, Wi-Fi роутерлер ұсынылады, – дейді Ермек Маржықпаев. 5 нысан пайдалануға беріледі Өңірде жыл аяғына дейін бес бірдей білім беру нысаны пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта жаңа білім ордаларының құрылысы жүріп жатыр.
Облыс басшысы екі мектептің құрылысы аяқталып, 1 қыркүйектен бастап пайдалануға берілетінін жеткізді. Бұл мектептер халық көп шоғырланған Целиноград ауданында орналасқан. 1500 орынға лайықталып салынған білім ордасы үш ауысымда оқыту мәселесін шешуге септігін тигізбек.
Жыл аяғына дейін аталған ауданда тағы 420 орындық екі мектеп қолданысқа беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар, биыл Краснояр күрежолының бойындағы 392 орындық оқу-тәрбие кешенінің құрылысы аяқталады. Алдағы уақытта Көкшетау қаласында барлығы 1320 орын болатын қосымша оқу корпусын іске қосу жоспарда бар. 6 мыңнан астам студент тегін оқытылады Ақмола облысында «Баршаға тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы шеңберінде 32 колледжге 6 мыңнан астам студент қабылданбақ. Облыс әкімінің айтуынша, жаңа оқу жылында алты мыңнан астам студент бюджет қаражаты есебінен «Баршаға тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасымен оқытылып, жатақхана және бір мезгіл ыстық тағаммен қамтылады.
– Бір мыңға тарта ғана контингенті шалғайда орналасқан 8 колледж штаттық режимде оқытылады. Педагогикалық, ІТ, әлеуметтік-гуманитарлық салаларда білім алушылар қашықтан оқытылса, технологиялық, аграрлық, медицина және өнер саласындағы студенттер аралас режимде оқытылады. Яғни, дәрістер мен семинарлар онлайн тәртіпте өткізілсе, зертханалық сабақтар мен өндірістік іс-тәжірибелер күндізгі форматта жүзеге асырылады, – деді облыс әкімі.

А.АЙҒАРА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий