Жаңа оқу жылына тың күшпен

Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің қатысуымен 19 тамызда «Көкшетау» мәдениет сарайында облыс мұғалімдерінің дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Оның жұмысына Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова, қала және аудан әкімдері, бірқатар облыстық ведомстволардың басшылары, депутаттар қатысты. Ақмолы облысы білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова «Білімді ел – мәңгі ел» деген тақырыпта баяндама жасады.

Облыс педагогтарының бас қосу кеңесінде сөз сөйлеген өңір басшысы Сергей Кулагин Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарынан туындайтын міндеттерді екшелей келе, аудандық жерлерге жас мамандарды тарту, жетім және ата-анасының қарауынсыз қалған балаларды қамқорлыққа алу, облыс әкімінің грантын міндетті түрде тұрмысы төмен отбасының балаларына берілетіндігін айтты. Өткен жылғы Бірыңғай ұлттық тестілеу барысында жіберілген кемшіліктерді қайталамасы үшін алдағы оқу жылында оған ерекше маңыз берілуін ескертті. Мектептердің күрделі жөнделуіне, оқушылардың оқулықтармен қамтылуына, білім ошақтарының қысқы маусымына дайындығына аудан әкімдері тікелей жауапты. Сондықтан бұл жұмыста басты  назарда болғаны жөн. Тамыз конференциясына арнайы келген Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова келесі жылы еліміздің барлық мектептері электронды күнделікке көшірілетінін жеткізді. Тағы бір жаңалық, кәсіптік-техникалық колледждердің оқу бағдарламасының мазмұны өзгертіліп, ондағы қажетті оқулықтардың сапасына мән берілетін болады. «Қағазсыз есепке» көшу жұмыстары қолға алынып, мұғалімдердің қағазбастылықтан босатылатын күні де алыс емес.

Бүгінде облыста барлығы 599 мектеп, 579 балабақша, 38 колледж, 4 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Оларда барлығы 112 500 оқушы, 26 782 студент оқиды. Білім саласында 22 мыңнан астам мұғалім қызмет етеді. Мектеп жанындағы 378 шағын орталықта 36 693 балдырған тәрбиеленуде. 137 оқушы республикалық және халықаралық деңгейдегі зияткерлік жарыстарда облыс намысын лайықты қорғады. Жаңа оқу жылында 14 882 бала 1-ші сынып табалдырығын аттайды. Биыл 15 білім ұйымына күрделі жөндеу жүргізуге 1,5 миллиард теңге бөлінді. Соңғы 10 жылда облыс мектептерінде 3,5 миллиард теңгеге 905 кабинет жасақталды. Биыл 97,5 миллион теңгеге жаңа модификациядағы 22 кабинет ашу жоспарланып отыр. Білім қызметкерлері мен мектептердің қол жеткен табыстары «Көкшетау» мәдениет сарайының фойесінде ашылған көрмеде, арнайы түсірілген бейнефильмде де көрсетілді.
Облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова өз баяндамасында алда тұрған міндеттерді айқындап, биылдан бастап өңірдегі мектептерге робототехника пәні енгізілгенін, сондықтан оған қажетті кабинеттердің жабдықталуға қосымша қаржы қажет екенін тілге тиек етті. Балаларды осы салада оқытатын мұғалімдер дайын. Тек кабинеттер жабдықталса, тіпті ауыл балаларының жаңалық ашуға қолы жетеді. Зеренді ауданына қарасты Абай орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі Гүлнәз Тасболатованың кәдімгі ұялы телефондағы бағдарлама арқылы ағылшын тілін қалай меңгергенін ортаға салуы көпшілікке үлгі болды. Целиноград ауданындағы «Родина» селолық мектебінде ашылған жазғы мектептің де тәжірибесі өзгелерге ой салды. Облыс орталығындағы екі жоғары оқу орны студент-волонтерлерінің көмегімен бірқатар мектептердің оқушылары агрономиядан бастап ядролық физика мамандықтарының қыр-сырына қанықты. Степногор қаласындағы «Даму» орталығы балаларды «Ментальды арифметикаға» баулып жүр. Биыл осы орталықтың оқушысы Әзиз Қабиден олимпиада жүлдегері атанған. Енді облыс намысын Лас-Вегаста өтетін байқауда қорғамақ. Дәл осы балғын конференция барысында өзінің ғылыми ізденістерімен бөлісті. Ақкөл балалар үйінің түлегі Ардақ Молдахметова өзі сияқты жетім балаларға жасалып жатқан қамқорлыққа алғысын жеткізді. Бүгінде Ақкөл селосында жұмысқа орналасқан жас мұғалім мен оның бауырына баспана беріліпті. Биыл Ардақ сияқты тағы 159 жетімекке пәтер кілті табысталмақ. Облыс әкімінің грантына Қарағандыдағы Медицина академиясында білім алып жүрген Наталья Филякина өзіне көрсетілген сенімге алғысын білдіріп, бар күш-жігерін білікті маман атануға жұмсайтындығына уәде берді. Сондай-ақ, жоғары колледждің түлегі, қазір «Көкшетау Автодор» серіктестігінде өндіріс учаскесінің шебері болып жұмыс істейтін Әділбек Игбергенов кәсіптік-техникалық саладағы өзгерістерге көңілі толатынын жеткізді. Конференция соңында білім саласының үздіктері Білім және ғылым министрлігінің, өңір басшысының және облыстық білім басқармасының марапатына ие болды.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс