Жаңа пәтер кілттері тапсырылды

Көкшетауда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, 7-20-25 бағдарламасы арқылы 130 отбасы жаңа пәтердің кілтіне ие болды.
130 пәтерлік үй «Сарыарқа» шағын ауданында мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынған. Бас мердігер – «Көкшетау жолдары» ЖШС. Құрылыс жұмыстары 2017 жылы басталған. Тапсырылатын үйден 86 пәтер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына, 21 пәтер «7-20-25» бағдарламасы арқылы беріледі.
Үй иелерін Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов жаңа қоныстарымен құттықтап, пәтер кілттерін табыс етті.
«Елімізде баспанамен қамту айрықша басымдыққа ие. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан түрлі санаттағы азаматтар үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар іске асырылды. Осы ретте облысымызда да тұрғын үйлер бой көтерді. Әлеуметтік мәселелер қашанда мемлетіміздің басты назарында. Қаламыздың солтүстігінде «Сарыарқа» шағын ауданы салынып жатқанын білесіздер. Биыл бұл аумақта инженерлік желілерді тарту жұмыстары аяқталады. Қазіргі күні 4 құрылыс компаниясы жұмыс істеуде. Алдағы уақытта 1200 орындық жаңа мектеп, екі балабақша салынатын болады. Сондай-ақ, тағы үш үйдің құрылысы басталады деп күтілуде. «Жас отбасы» бағдарламасы бойынша 200 пәтерлік жаңа тұрғын үй құрылысын «Регион строй» ЖШС жүргізетін болады. Бұрын жылына екі-үш үйден бой көтерсе, бүгіндері жылына 12-18 үйден салынуда. Бұл облыс орталығы үшін жоғары көрсеткіш. Мұның барлығы баспана мәселесін оңтайлы шешуге мүмкіндік береді. Ақмола облысы «7-20-25» жаңа ипотекалық тұрғын үй бағдарламасына белсенді қатысуда. Өңірде тұрғын үй құрылысына зор серпін беріліп отыр. Алда жүздеген отбасылар баспанаға қол жеткізеріне сенім мол. Әр шаңыраққа бақ-береке тілеймін», – деді қала басшысы өз құттықтауында.
Салтанатты шарадан соң қала әкімі бірер пәтерге бас сұғып, қуаныш иелерін құттықтап шықты.

Ә.ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий