Жаңа такси паркі ашылды

Облыс әкiмi Ермек Маржықпаев пен шаһар басшысы Амангелді Смайылов «Көкшетау автобус паркi» серiктестiгi ашқан жаңа «Taxi Alem» такси паркiнiң тұсаукесер шарасына қатысып, қала тұрғындары мен ұжымды осынау қуанышпен құттықтады. Жаңа такси паркiнiң ашылуы жылдан-жылға тұрғындарының саны өсiп келе жатқан Көкшетау қаласының жолаушы тасымалы мәселесiн оңтайлы шешуге игi ықпалын тигiзетiнi анық.
Қазiр облыс орталығындағы такси қызметiн жеке меншiк көлiк иелерi атқарады. «Көкшетау автобус паркi» ашқан жаңа такси паркi такси қызметiнiң ауқымын кеңейтiп қана қоймай, бәсекелестiк арқылы қызмет бағасының дұрысталуына да игi ықпалын тигiзедi деген үмiт бар.
Облыс әкiмi такси паркiнiң ашылуына бюджеттен ешқандай қаржы бөлiнбегенiн, тек жаңа бастамаға қолдау көрсетiлгенiн айтты. Сондай-ақ, көлiктiң газбен жүретiнi қаланың экологиялық тазалығына өз септiгiн тигiзетiнiн, такси паркi жолаушы тасымалы қызметiнiң сапасын арттыруға да игi ықпал жасайтынын атап өттi.
Жобаны жүзеге асырған серiктестiктiң басшысы Әсия Шәрiмованың айтуынша, «Халық банкiнен» алған несие арқылы Өскемен қаласында құрастырылған «Лада гранта» маркалы 30 жеңiл автокөлiгiн сатып алыпты. Такси паркi үшiн жаңа ғимарат салынған. Барлық талаптарға жауап беретiн кешенде такси паркiнiң кеңсесi, көлiк жуу орны мен 100 жеңiл көлiкке шақталған бокс орналасқан. Көлiктерге газ қондырғылары мен «Яндекс» жүйесi орнатылған. Такси паркi қаладағы жылдан-жылға өсiп келе жатқан жолаушы тасымалы қызметiне деген сұранысты қанағаттандыруға айтарлықтай ықпалын тигiзбек. Диспетчер мен кезекшi механик тәулiк бойы жұмыс iстейдi. Паркке тек тәжiрибелi жүргiзушiлер iрiктелiп алынуда.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий