Жаңа әуе рейсі ашылды

Көкшетау мен Шымкент қалалары арасында жаңа әуе рейсінің ашылуы Ақмола және Оңтүстік Қазақстан облыстары арасында әлеуметтік-экономикалық байланыстың көкжиегін ашып, одан әрі нығайтуға даңғыл жол ашты. Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин бастаған делегация 5 мамырда аймақаралық ынтымақтастықты дамыту аясында «Scat» компаниясымен бірлесіп ашылған алғашқы әуе рейсімен Шымкент қаласында болды.

Әуе рейсінің салтанатты ашылу рәсімінен кейін облыс әкімдері Мәлік Мырзалин мен Жансейіт Түймебаев кездесу өткізді. Оның барысында екі облыстың, Көкшетау мен Шымкент қалаларының әкімдіктері, «ӘАК «Есіл» ҰК» және «ӘАК «Шымкент» ҰК» акционерлік қоғамдары арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. «ENKI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Оңтүстік Қазақстан облысының құрылыс басқармасы арасында өнім жеткізу, «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы мен «Азамат» кәсіпорны арасында 2 миллиард теңге сомасына дистрибуциялық келісім-шарт жасалуы тағы бір жаңалық. Оңтүстік Қазақстан облысынан Ақмола облысына 2000 адам көшіп келуге ниет білдіріп отырған көрінеді. Өз тарапынан «Новопэк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Айдар Жақыпов 300 адамды жұмыспен және тұратын орынмен қамтуға дайын екендігін мәлім етті. Жаңа әуе рейсі жайлы айтар болсақ, Көкшетау-Шымкент бағытында ұшатын канадалық СРЖ-200 ұшағы жұма және жексенбі күндері қатынайтын болады. Елу орындық бұл самолеттің бір бағытқа арналған билет құны – 20 мың теңге. Облыс әкімінің орынбасары Жанболат Смайылов журналистерге берген сұхбатында 21 мамырда Мәскеуге ұшатын жаңа әуе рейсі ашылатындығын айтты. Тағы бір айта кетерлік жайт, 18 сәуірдегі Үкіметтің қаулысымен Көкшетау әуежайы Астананың халықаралық әуежайының филиалы болып саналады. Астана әуежайымен қосылудың арқасында жалақы қарызы жабылды. Қазір мұнда жүзге тарта адамның жұмыс істеуіне толық мүмкіндік жасалған.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс